Ұлттық құндылықты ұлықтап жүрген азамат

558 Views

Халқымыздың заңғар жазушысы Сәбит Мұқановтың «Халық нақылы» деген кітабын оқымаған аға буын өкілдері жоқ шығар, сірә. Бәлкім жас­тар жағы бұл кітапты оқымаған да болар. Ұлттық құндылықтарды қалай дә­ріптеу қажеттігін Сәбең төгілтіп жазған ғой шіркін өз кітабында. Әсіресе, жыл­қы малы жайында аталмыш кі­тап­та көптеген мағлұматтар көркем тіл­мен жазылған. Мәселен «Көне дәуір­дің көшпенді заманында тұрмыс-тіршілігі тікелей мал шаруашылығымен байланысты өткен қа­зақ халқы жылқы ма­лының сыр-сипатын, қа­дір-қасиетін жете біліп, ерекше қастерлеген. Мінсе көлігі, сойса соғымы, табиғатына қарай тиімді бо­лып келген жылқыны қазақтар үш топқа бөліп қарастырады. Бабала­ры­мыз ауыр жүк артуға, алыс жол­ға төзімдісін қазанат, еті мен сүті үшін өсіретін жылқыларды жа­бы десе, бәйгеге қосатын жыл­қыны ерекше күтімге алып, сәйгүлік деп әлпештеп, тұлпар немесе арғымақ атаған» деп жа­зады Сәбит Мұқанов «Халық на­қылы» кіта­бында.
Мақа­лада бұ­ның ал­дың­ғы екеуі­не тоқ­тал­­май, біз осы пі­­­кір­­дің үшін­шісіне баса мән беруді көз­­­­­дедік. Өйт­­ке­ні, кейіп­­­керіміз қа­­за­қы қанға сің­ген жал­­қау­лық­­ты бір сәт­ке ысы­­рып қой­ып, жас­­та­ры­мыз­ға есе­лі ең­бек­­тің үлгісін көр­сетіп сәйгүлік бап­таған, ұлттық құн­ды­лығымыздың өрісін дамытуға зор үлес қосып жүрген абы­ройлы аза­мат. Ол кім дейсіз бе? Ол тай бәйгеде республика көлемінде бес бірдей жарыста шашасына шаң жұқ­тырмай, арғымақтың перісі атанған атақты «Шөңгер» атты сәйгүліктің иесі, Көгершін ауылының тұрғыны Жәнібек Әлібекұлы.
Өзінің айтуынша, кейіпкеріміз­дің ат баптауға деген қызығушылығы со­нау 1980 жылдан басталған. Негізі­нен, Көгершін ауылын жер жаһанға танытқан атақты Абсент екені белгілі. Абсенттің үш бірдей Олимпиада ойын­дарында жүлде алғанын исі қазақ ба­ласы қалай ұмытсын. Ұзақ жылдар бұрын «Қозыкүрең» атты тұлпар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы кубогінде аламан бәйгенің алдын бермей, жүлделі бірінші орын иеленген кезде де осы сабақтастық жал­ға­сатын шығар деп қуанып ек. Өкінішке орай, олай бол­май шықты. Біраз жыл бойы дәстүр сабақтастығы үзі­ліп қалды. Бір жағынан, ат баптаудың да оңай ша­руа емес екенін түсініп отыр­мыз. Өткен жылы Жәнібек Әлібекұлының «Шөңгері» Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы кубогінде тай жа­рыста жүлделі бірінші орынды иеленген сәтте аттың айналасында жүрген атбегілер мен тілекші жанкүйерлердің шын пейілмен қуанғаны сондықтан болса керек. Өйткені, араға жылдар салып «Абсенттен», «Қозыкүреңнен» кейін үзіліп қалған дәстүр са­бақ­тас­тығының жалғасы қылаң бергендей көрінді.
Қазақта «Құлынынан бәйге алған» деген аталы сөз бар. Енді тай кезінде бес бірдей айтулы жарыста жүлде алған «Шөңгердің» қандай тұқымнан шыққанын тарқатып өтсек дейміз. «Шөңгердің» әкесі — Чехия біріншілігін ұтқан атақты «Медео» (қазақша айтқанда Медеу) айғыры болса, шешесі — «Джаконда» атты бие. «Джаконданың» әкесі әйгілі Германиядан шыққан «Розолав» айғыры екенін айта кеткеніміз жөн. Манадан бері бес бірдей бәйге деп жатырмыз. Ол қандай жарыс? Енді осыған тоқталайық. Оның алғашқысын сөз барысында жазып өттік. Яғни, сәйгүлік Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы кубогінде топ жарған. Бұдан бөлек, «Ұлы дала ойындары» жарысында да «Шөңгерге» тең келер тұлпар табылмады. Бұны екіншіге балаңыз. Қордай ауданындағы Қаракемер мен Қарасу ауылдарында өткен Қырғызстан мен Қазақстанның мықты деген тайларының басы қосыл­ған халықаралық жарыста «Шөңгер» тағы да үздік шықты. Үшінші және төртіншісі осы. Ал бесіншісі Алматы қаласындағы «Көкбастау» атшабарында өткен Сайын атаның ұлы тойында (жарыс осылай аталады) орын алған. Осы жарыстан да «Шөңгер» бірінші келіп, ат иесі Жәнібек Әлібекұлына Ирландиядан келген жылқы табыс етілді. Қазір «Шөңгер» құнан болды. Сәйгүліктің бабы келісті. Олай дейтін себебіміз, жуырда ғана Талас ауданы, Аққұм ауылында өткен құнан жарыс­та «Шөңгер» көлік ұтты. Осы арада сәйгүлікті зор ынта-жігерімен баптаған орда бұзар отыз жастан енді ғана асқан атбегі Нартай Жаппасбаевтың да еселі еңбегін ерекше атап өткен аб­зал. Сондай-ақ, бәйге десе делебесі қо­зып тұратын аттың құлағында ойнай­тын жаңатұрмыстық Нұрсұлтан Билібай, сонымен бірге, көгер­шіндік Нұржігіт Шойев сынды жас шабандоздар ат иесі Жәнібек Әлібекұлының осындай атақ-мара­патқа кенеліп, «Шөңгердің» жүлделі болуына зор септігін тигізді.
Жәнібек Әлібекұлының қос ұлы Бақытжан мен Рақымжан да, қызы Ләззат та әр түрлі қызметте жұмыс іс­тесе де, ұлттық құндылыққа жіті көңіл аударып, ат спортына бір кісідей ден қойып жүрген ұлтшыл жандар. Ол не­ні көрсетеді? Жахаңмен сөйлесіп оты­рып, оның себебін асқар таудай әке­ден дарыған тәлім-тәрбиенің жемісі шығар деп түсіндік. Жәнібек Әлібекұлының қорасында «Шөңгерден» бөлек тағы да «Бақ құс», «Барыс» және «Данчо» атты сәйгүліктер бәйгеге жарап-ақ тұр. Бұйыртса алдағы уақытта бұл арғымақтарда бәйгеден жүл­де­лі ора­лып жатса, оны біз міндетті түрде га­зет бетінде жазатын боламыз. Алдияр оқыр­ман! Мақаланың түйінін «Шөңгер» тұлпары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы кубогінде топ жарған кезде меркілік Бақберген Байырбаевтың жазған арнау өлеңімен қорытындылаймыз.
Төсінде той-думаны күнде болған,
Жүйрігі жұлып талай жүлдені алған.
Қазақпыз — ерлерінің есімдері,
Тарихта тұлпарымен аты қалған.
* * *
Танылып Тайбурылмен Қобыланды,
Жүректен өшпейтұғын орын алды.
Қаптаған жауды жеңген Алпамыс та,
Баптаған Байшұбардай жануарды.
* * *
Есімін кім білмейді Қабанбайдың,
Қызылын кім білмейді Бөгенбайдың.
Құлагер түседі еске Ақанды айтсам,
Шапқанда тамсанған жұрт таба алмай мін.
* * *
Сіздің де әйгілі боп Шөңгеріңіз,
Еленіп жатыр аға, еңбегіңіз.
Дәлелі сөзіміздің аты мәшһүр,
Кубогын Президенттің жеңгеніңіз.
* * *
Танытып тай кезінен тектілігін,
Атағы алты алашқа жетті бүгін.
Келеді бәйгелердің алдын бермей,
Асырып екпіні мен ептілігін.
* * *
Балаймыз жақсылыққа осыны біз,
Үнемі ұлт мерейін өсіріңіз.
Содан соң баяғының батырындай,
Шөңгермен бірге аталсын есіміңіз.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: