Біз — атамызбен мақтанамыз
Ұлы Жеңістің 75 жылдығы да келді. Сол сұрапыл соғыстан аман-есен елге оралған майдангерлер отқа оранған жылдарын жиі еске түсіріп отырады. Жанарына жас үйіріліп, өткенді ой елегінен өткізіп отыратын жандардың бірі біздің атамыз Несіпбай еді.
Атамыз 1923 жылы 1 қаңтарда Т.Рысқұлов ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, небәрі 19 жасында соғысқа аттанған. Атамыздың айтуынша, сол кездері ол Алматыдағы әскери мектепте оқып жүрген кезі болса керек. Жалпы, ол кісі соғыс туралы айтқанды онша қаламайтын. Сондықтан болар, оның жасаған ерліктері жайында деректер аз. Дегенмен, біз атамыздың Кеңес Одағының басқа да жауынгерлерімен бірге Украинаның Одесса, Николаев, Харьков, Донецк, Днепропетровск сияқты қалаларын жаудан қорғағанын, талай ұрыстарға қатысқанын білеміз. Сондай бір шабуылдардың бірі болса керек, атамыз Харьков облысының Дубрещенский деген аймағында жарақат алып, госпитальға түседі. Бұл оқиға шамамен 1943 жылдың тамыз айында орын алса керек. Ол жерде бір жыл жатып емделген соң, әскери дәрігерлер атамызды соғысқа жарамсыз деп тауып, ІІ-ші топтағы мүгедек қатарында елге қайтарады.
Елге оралған соң, майдангер бірден еңбекке араласады. Алғашында өзі туып-өскен Абай ауылында есепші қызметін атқарып, кейін қолына қойшының құтты таяғын ұстап, мал бағады. Бір білерім, атам еш уақытта қол қусырып қарап отырмаған. Анамыз Маржан екеуі 3 ұл, 5 қыз өсіріп, олардың барлығын тәрбиелеп балағатқа жеткізді. Қазір атамыз бен апамыздың балаларынан тараған немере-шөберелерінің өзі тұтас бір ауыл десе болады.
Атам өте ақкөңіл, жүрегі таза жан еді. Үлкен мен кішіге әрдайым «сіз» деп сөйлейтін. Бізге:«Ешкімнің ала жібін аттамаңдар» деп үйретіп отыратын. Ол кісі өкінішке орай, 2014 жылдың 13 қарашасында дүниеден озды. Отан үшін от кешіп, жастық шағы соғыс өртіне шалынған, суыққа тоңып, ыстыққа күйген атамызды үнемі еске алып, оның әруағына әрдайым басымызды иеміз.
Түймекүл Әбілдаева,
келіні. Абай ауылы.