882 Views
немесе Кеңес Одағының Батыры Инаят Наурызбаевтың ұлты өзбек емес қазақ екенін бізге Көгершінде тұратын оның бауыры айтып берді
Алдияр оқырман! Қазақтың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев «Өткенін ұлықтайтын ұлтқа сенсеңдер, бізге сеніңдер. Атасын ұмытпайтын жұртқа сенсеңдер, бізге сеніңдер. Анасын ардақтайтын ұрпаққа сенсеңдер, бізге сеніңдер» деген ұлағатты сөзін ұрпағына жазып қалдырған. Газет ұжымы осы сөздің мазмұнын тереңінен ұғынып, кезекті бір айдардың тұсауын кескелі тұр. Алдағы уақытта Ұлы Отан соғысында ерліктің жарқын үлгісін көрсеткен жауынгер аталарымыздың өнегелі өмір жолы туралы мақалалар топтамасын «Ардагерлерді ардақтайық» атты айдарымыздан оқи аласыздар.
Тәуелсіздік алған жылдары елімізге Қытайдан, Ресейден, Өзбекстаннан тағы басқа алыс-жақын шет елдерден қандас бауырларымыз келіп, ел мерейін өсірді. Біздің Көгершін ауылына да бірнеше отбасы, көпшілігі Өзбекстаннан көшіп келді. Қазір бірге туған бауырдай болып араласып кеттік. Сол қандас ағайындардың бірі Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, Совет Одағының Батыры атағын алған Инаят Наурызбаев.
Инаят Бұқарбайұлының туған інісі Төлеген Наурызбаевтың ұлы Құрамбаймен Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесі қарсаңында ашық әңгімелескен едік. Ол біздің: «Кеңес Одағының Батыры Наурызбаев Инаят Бұқарбайұлы Өзбекстанға қай кезде, қалай барған?» деген сұрағымызға асықпай-аптықпай отырып жауап қайтарды. «Мен әңгімені әріден бастайын. Біздің ата қонысымыз Ақтөбе облысының, Алға ауданында, руымыз табын, одан Тартулының Екібас деген атасынан тараймыз. Наурызбайдан Бұқарбай, Бұқарбайдан Инаят және менің әкем Төлеген. Қазақ халқының басына төнген ашаршылық жылдары біздің әулет тайлы-тұяғымен Қарақалпақстанға ауып барған ғой. Сөйтіп, сол жақта қалып қойған. Инаят атам 30-шы жылдардың соңында Қарақалпақстандағы Төрткүл автобазасында дүкенші болып жұмыс істейді. Батыр атамыз да, әкем Төлеген де өткен өмірлерін, неше түрлі көрген қиындықтарын бізге үнемі жыр қып айтып отыратын. Инаят атам соғысқа 1941 жылы желтоқсан айында өз еркімен аттаныпты. Айтуынша Воронеж майданы, 52-ші армияның 254-ші атқыштар дивизиясында 2-3 апта дайындықтан өтіп, 933-ші атқыштар полкына пулеметші болған. Соғысқа кірген алғашқы күндері екі рет ауыр жараланыпты. Бір оқ аяғынан, екінші оқ ішінен тиген екен. Бала күнімізде денесіндегі сол оқтардың орнын талай көрдік. Жарақат алса да жауға қарсы шайқастарда бірнеше рет ерлік көрсетіпті, оның жауынгерлік қасиетін газеттер көп жазыпты. Өзі: «Мақтанғаным емес, үнемі алдыңғы шепте жүретінмін, ұрыстарда жауға қарсы алғашқылардың бірі болып пулеметтен оқ жаудыратынмын» дейтін. Ал, Кеңес Одағының Батыры атағын алғаны туралы өзінің айтуынша оқиға былай болған: «Бір күні 52-ші армияның 254-атқыштар дивизиясының командирі (аты есімде жоқ) барлық солдаттар мен офицерлерді жинап, осы түнде Днепр өзенінен пулеметімен өтетін адам керек екенін хабарлады. Барлық жауынгерлерде үн жоқ. Сол кезде: «Мен өтемін» деп суырылып ортаға шыққанымды білемін». Сонымен қасымда екі офицер бар, барлауға шықтық. Түн ауғанда ағаштың басына арқан байлап суға түстік, арғы жағалауға шыға берісте бір офицер оққа ұшты. Телефон сымын сүйреп келе жатып төбенің етегіне жете бергенде екінші офицер қаңғыған оқтың құрбаны болды. Жалғыз қалдым. Сол кезде барып есімді жидым, төбенің басында қаз-қатар тұрған 12 зеңбірек көзіме оттай басылды. Өйткені, талай сарбазымызды ажал құштырған осы зеңбіректер болатын. Біздің дивизияны қарға адым алға бастырмай тұрған да осы «тажалдар» еді… Сонымен үрейді ұмытып, жер бауырлап жылжып төбенің сол жағынан шықтым. Шықсам, екі-үш неміс солдаты Днепрге қарай оқтын-оқтын оқ атып қойып алаңсыз жатыр екен. Белімде гранаталарым бар, пулеметімді қапсыра ұстап, тапжылмай жасырынып отырмын. Таң саз берген кезде жертөледен алпыс — жетпіс шақты адам шығып, қаз-қатар тұрып дәрет сындыра бастады. Дәл сол кезде мен де бар күшімді жинап пулеметімнен оларға қарай оқ жаудырдым. Немістер пулемет оғынан қашып үлгере алмай қырылып жатты. Артынша жертөлеге қарай бірнеше граната лақтырдым, сөйтіп, зеңбіректердің де көзін жойдым. Біздің дивизияның жауынгерлері де жағаға жақын келіп қалған екен, өзеннің беті қаптаған адам. Осылайша жау шебін талқандап, өзіміздің әскерге жол аштым». Сол шайқас үстінде дивизия командирі келіп: «Казах! Ты — герой» деп құшақтап тұрып, маған қол орамалын беріп кетіп еді» деп еске алатын атам. Кездесулерге барғанда осы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алғанын айтып отыратын».
Атамыздың осы ерлігі туралы майдандық бір газетте: «Пулеметчик 933-го стрелкового полка (254-я стрелковой дивизии, 52-й армии, Воронежского фронта) рядовой Наурузбаев в числе первых 2.10.1943г на небольшом плоту преодолел Днепр в районе с.Крещатик (Черкасский р-н Черкасской области) и в ночном бою одним из первых ворвался в село. За это ему присвоено звания Героя Советского Союза 22. 02. 1943 г. Награжден орденом Ленина и медалями» деп жазылған.
Инаят атамыздың жалғыз ұлы болды. Ол – Инаятов Райымбай. Қарақалпақстанда Элликқала аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүріп, 1997 жылы дүниеден өтті. Ол кісіден үш ұл бала бар. Сұлтаны Қарақалпақстанда тұрады. Ислам мен Иса деген балалары Алматы облысының Есік қаласында тұрып жатыр. Бұл азаматтар үйлі-жайлы, балалы-шағалы. Атамыз Инаят немере-шөберелерін көріп, 2001 жылдың 2-ші мамырында қаза болды.
Иә, халқымыздың басына төнген нәубет жылдарында Қарақалпақстанда да асырасілтеушілік болды. Өкімет сенің ата-тегіңе, ұлтың мен ұлысыңа қарамады, бәрін белден басты. Инаят атамызға алғаш құжат бергенде: «Наурызбаев Инаят Бұқарбайұлы 10.09.1918 жылы Қарақалпақ АССР Төрткүл ауданы, Карл Маркс ауылында дүниеге келген» деп жазылған болатын. Кейін бұл тура дерек (Ең сорақысы интернеттегі) Кеңес Одағының Батырларының тізімінде: «Өзбекстанда туылған, ұлты өзбек» деп бұрмаланып жазылып кеткені көңілге қаяу түсіреді.
Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Көгершін ауылында тұратын, Қарақалпақстаннан елге көшіп келген, Есқуатов Арзықұл да Ұлы Отан соғысының ардагері. Қазір Ақтоған орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істейтін Ниязымбетов Серік Арзықұлұлы Инаят атамыздың ұлты қазақ, туған жері Өзбекстан емес, Қазақстанның Ақтөбе облысы, Алға ауданы екенін дәлелдеп «Егемен Қазақстан» газетіне «Кеңес Одағының Батыры атағын алған 104-ші қазақ» деген мақала жариялады.
Сөйтіп, бүкіл Қазақ еліне, қазақ жұртына Наурызбаев Инаят Бұқарбайұлының қазақ батыры болғанын жариялады. Иә, «Қазақ болып туған соң, қазақ болып өлу» Инаят ағаның да асыл арманы болған шығар. Ал, Кеңес Одағының Батырының біздің Көгершін ауылында ұрпақтары тұрып жатқанының өзі біз үшін зор мақтаныш қой. Біздің балаларымыз енді Инаят аталарымен мақтанатын болады. Ал, мектептегі ұстаздар И.Б.Наурызбаевтың ерлік істерін бүгінгі ұрпаққа таныстыра отырып, олардың бойынан патриотизмнің нағыз көріністерін тауып отырса бұл нұр үстіне нұр емес пе?
С.ӨТЕГЕНОВ,
Көгершін ауылы ардагерлер ұйымының төрағасы.
Поделиться ссылкой: