АСТЫҚ ОРУ НАУҚАНЫ ҚЫЗЫП ТҰР

1 226 Views

АСТЫҚ ОРУ НАУҚАНЫ ҚЫЗЫП ТҰР

Алатаудың етегін ен жайлап, мойынқұмның қойнауын қоныс еткен аудан халқы ежелден мал бағып, егін егуді кәсіп қылып келеді. Сондықтан да шығар, киелі Құлан жері астықты аудан саналады. Өзге өңірлердегі секілді кәсіптің сан алуан түрін кездестіру қиын. Бұл бәлкім, «Арпа, бидай ас екен…» деп өзінің жылдар бойғы өмір тәжірбиесіне сүйенген халқымыздың ата кәсібіне адалдық болар. Әйтеуір, ұрпақтар сабақтастығы үзілген емес.

Ата кәсіпке ден қойған азаматтың бірі – Қадірбек Құлбарақов. Бізге жол көрсетіп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен таныстырып жүрген Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі Нұрболат Жамалбеков «Құлбарақ» шаруа қожалығы округтегі ең үлкен, іргелі қожалықтардың қатарында. Қожалықтың басшысы нағыз еңбекқор, шаруаның адамы. Қай кезде барсаң да қайнаған қызу жұмыстың басында жүреді» деген еді жол үстіндегі әңгіме барысында. Расында да, «Құлбарақ» шаруа қожалығының иесін Жаңатұрмыс ауылының етегіндегі егіс алқабынан жолықтырдық. Біз барғанда сондағы механизаторлармен бірге дала қосынын құрып жатыр екен. Айнала толы егістік алқабының бір шетін

ала үш комбайн астық оруға кірісіп кетіпті. Қашанғы ақжарқын қалпымен қарсы алған қожалық басшысы ойымызды айтқызбай біліп, ақтарыла сөйледі.

– Егін ору науқаны қызып тұр, -дейді ол, егістікті көзбен шолып. – Көктемде 770 гектарға арпа еккен едім. Соның 600 гектарын еңсердік. Енді бар-жоғы 170 гектары ғана қалды. Бұйыртса, бүгін-ертең аяқтап, 630 гектар алқапқа орналасқан бидайды оруға кірісеміз. Арпаның әр гектарынан 16 центнерден өнім алынуда. Бидайдың түсімі шамамен 25 центнерден айналуы керек,-деп шаруаның жайын сөз етті.

– Ризығын жерден табатын біз секілді диқаншы қауым үшін қазір бел жазбай еңбек етіп, орылған дәнді төкпей-шашпай жинап алу маңызды. Шіліңгір шілденің аптап ыстығына қарамастан жанталасып жатырмыз. Батырбек Теңізбаев сынды тіс қаққан механизаторым тұрғанда жұмысқа аса көп алаңдамаймын. Жасы алпыстың бесеуіне келсе де, жиырма жасар бала секілді ширақ қимылдайды, -деп қызметкерлерінің еңбегін бағалауды да ұмыт қалдырған жоқ. Оның айтуынша, механизатор Жанболат Абиловтың да еңбегі ерен. Айтса айтқандай еңбекке піскен механизаторлар егін

орағымен қатар сүдігер жырту жұмыстарын қатар атқаруда. Қазірдің өзінде 800 гектар пар көтеріп қойыпты. Ширек ғасыр шеңберінде ауыл шаруашылығымен айналысып келе жатқан Қадірбек Файзинұлының пар көтеруге баса көңіл бөлуінің де өзіндік себебі бар. «Тек қана пар айдап егін екпесе түсімі аз болатынын 2006 жылы көз көрді» дейді қожалық басшысы. Сол жылы әр гектардан 2 центнерден өнім алып, егін емес топырақ шапқанын еске алды.

Бүгінде жер өңдеу, егін егумен бірге мал азығын дайындауға қажетті техника паркін 100 пайызға жаңартқан қожалықтың алдында ендігі жерде комбайндар паркін жаңалап алу міндеті тұр. Келесі жылы жаңа комбайндарға қол жеткізуді көздеп отырған Қадірбектің тағы бір арманы жас кадрларды дайындау. Қазіргі кезде ұлы Төле шаруашылықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүр. «Әке балаға сыншы» демекші, осы кезге дейін қожалықтың жұмысына салып, ұлының іскерлігін сынаса, келесі жылдан бастап тізгінді қолына ұстатып көрмек. Осылайша, атадан балаға мирас болып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығының желісін үзбей, бабалар аманатына адал болуды көздейді.

Мереке ЕРЖАНҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: