Талантымен тасжарған

678 Views

Қазақта «Жігітке жеті өнер де аз» деген тәмсіл бар. Тыңжан Сайырманов бала кезінен өнерге жаны құштар бо­лып өсті. Мектеп жасынан бастап қо­лына үнтаяқ алған бала қазіргі таңда ау­дандық мәдениет үйінде қызмет етеді. «Бала кезімнен музыкаға әуес болдым. Әке-шешемнің өнерге жақындығы менің де осы салада қызмет етуіме түрт­кі болды. Иә, «Алма өз ағашынан алыс түспейді» деген сөз рас екен. Менің іні-қарындастарым да, тіпті, ұл-қыздарым да өнерден құралақан емес. Бір сөзбен айтқанда, біз өнерлі отбасымыз» деп бастады әңгімесін Тыңжан.
Кейіпкеріміз өзінің еңбек жолын 2005 жылы Луговой ауылдық мәде­ниет үйінде киномеханик болып бас­тайды. Осы мәдениет ошағында 2011 жылға дейін қызмет етіп, мәдениет үйінің меңгерушісі дәрежесіне дейінгі жолды жүріп өтеді. Өнерде адам қызмет таңдамайды. Бәрін де талант таңдайтыны белгілі. Аудандық Мэльс Өзбеков атында­ғы мәдениет үйі таланттар шоғыры жи­налған өнер­дің қарашаңырағы. Ол жерде сенің өнеріңді тамашалайтын көрермен де, талантыңды бағалайтын қазылар да көп. Оған қарамастан Тыңжан 2015 жылы аталмыш өнер ордасына жұ­мысқа орналасады. Кейіннен құра­мында Ермахан Сегізбаев, Эльмира Асылбекова сын­ды өнер саңлақтары бар аты ауданға ғана емес, облысқа танымал «Сұлутөр» ансамблінің көр­кемдік жетекшісі болып тағайын­да­лады. Кейіпкеріміздің айтуынша көркемдік жетекші болу да аса үлкен жауапкершілікті қажет етеді екен. «Концерт кезінде музыкалық аспаптар мен күшейткіш аппараттардың дайын болуы, оның кеш аяқталғанша ақаусыз жұмыс істеп тұруы бәрі де өзіңнің мой­­ныңда. Өйткені, көрермен кешті кө­ріп отырып, таңғажайып әлемге тап болатындай күй кешуі керек. Сон­дықтан да біз ансамбль ұжымымен бірге көп дайындалып, үнемі ізденісте боламыз. Өнер адамына ізденіс өте қа­жет. Көрермен алдына жаңа шығар­ма­мен шығып жатсаң қандай ғанибет» деп Тыңжан ансамбльдің өткен жылы атқарған жұмыстары мен алға қойған жоспарларын тізбектеп айтып берді.
Тыңжанның бойында тек әншілік қасиет емес, сонымен қатар сазгерлік қабілет те бар. Бүгінгі күнге дейін оның ән қоржынында 15-ке жуық авторлық туынды бар. Ал, олардың ішіндегі «Ағаларым» мен «Махаббатым» ән­де­рі тыңдармандардың жүрегінен ойып тұрып орын алған десем артық айт­қандық болмас. Сазгердің әндері ата-анаға, дос пен бауырға және туған жер­ге арналған. Айта кету керек, атал­мыш әндердің сөзін сазгер өзі жазады. Осы әндері арқылы кейіпкеріміз талай байқауларда жүлделі орындар алып та жүр. Атап айтар болсақ, Жеңістің 75 жылдығына арналған байқаудың бі­рінде оның «Ағаларым» әні ІІІ орынға ие болды. Ал, Ақтөбеде өткен «Шырқа, гитара!» байқауынан да сазгер жүлделі орынға ие болып қайтты.
Осы жолы дарын иесі көрермен ал­­дында ән салуды сағынғанын ай­тып қалды. «Елімізде орын алған соң­ғы жайт­тар шыны керек әбден әбігер­ге салды. Дәл бұрынғыдай аудан тұр­ғын­­дарына шат-шадыман көңіл-күй сый­лауды сағынып та жүрмін. Сәл шы­дамдылық танытсақ, көрерменмен қауышатын күнде алыс емес шығар…» деп ол қойын дәптерін ашып, сиясы кеппеген бір өлеңін оқи жөнелді:

Күндер қайда айқындайтын анықты,
Ойлап тұрсам бəрі де артта қалыпты.
Сəл шыдасақ халқым дерттен айығып,
Оятармыз əнмен әлі халықты.

Жақсы екен-ау, жұмыс істеп жүргенің,
«Дайындық» деп абыр-сабыр күлгенің.
Сабыр сақтап, сəл шыдасақ ағайын,
Сол емес пе, дертті мынау жеңгенің.

Қиын- қыстау күндер өтті қаншама?
«Үйде отыр, сабыр етші?» шаршама.
Жер əлемді жаулаған мына дертті,
Жеңіп шығар қазағымда бар шама!,- дейді сазгерлікті де, әншілік пен ақындықты да кіл бойына жинаған та­лант иесі.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: