Ел болашағы – әрқайсымыздың қолымызда
36 ViewsКеше ел азаматтары Атом электр станциясын салуға қатысты жалпыхалықтық референдумға қатысып, өз таңдауларын жасауда. Жалпы бұл еліміз тәуелсіздік алғалы өтіп жатқан төртінші референдум. Өзім…
«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауына
Өзгені қайдам өз басым «қазақ тілі» дегенде құлағыма тұмса табиғаттың сыбдыры, бесіктегі сәбидің күлкісі мен тәтті үні, қобыздың маңғаз дауысы және домбыраның күмбірі, бірінші келуге таласқан, аламанда жарысқан тұлпарлардың дүбірі, қазанда ет асылған, иен далаға ақсүйек жасырған қыз-жігіттердің сыңғыр күлкілері естіледі де тұрады. Алайда, жоғарыда біз суреттеген «қазақ тіліне» қатысты теңеу қазіргі таңда көзді былай қойғанда, санадан ғайып болып бара жатқандай. «Қайтсек, қазақ тілін брэндке айналдырамыз?», «Көмейден шыққан әр сөзіміз күрмеленіп, қашанғы күрделі мәселеге айнала бермек?» деген сауалдарды басты назарға алып, тұсаулы тұрған тіліміздің жарқын болашағын ескеріп, өздеріңізге ұтымды ұсыныстарды тастауды құп көрдік, ағайын!
Қазақ тілінің төңірегіндегі мәселелер айта берсек көп-ақ. Бірақ, бір қарағанда оны шешу жолдары тым аз болып көрінеді. «Қазақ пен қазақ өзге тілде емес, өз тілінде сөйлесуі керек» деп қаншама рет айтсақ та, өкінішке орай құлақ асар азаматтарымыздың қатары қалың емес. Жетпіс жыл «қызыл империяның» боданында болған біздің ел отыз жылға жуық уақытты артқа тастап еңсергенімен, бұл белесті бағындыра алмай келеді. «Неге?» деген заңды сауал санаңызда жаңғырып тұрған болар. Ендеше, жауап беріп көрелік. Себебі, біз өз тілімізді насихаттаудан алшақтап барамыз. Жасыратын несі бар, жоғары лауазымды азаматтардың қатысуымен өтетін үлкенді-кішілі жиналыстардың басым көпшілігі орыс тілінде өтеді. Түрі қазақ болғанымен, олардың көмейінен шыққан бір тұтам сөздің қазақ тіліне ұқсамайтындығы өкінішті-ақ. Осының өзі өз тіліміздің кеңге құлаш сермеп дамуына кедергі келтірмей ме? Шіркін! Мемлекеттік тілімізді ел тізгінін ұстап отырған азаматтарымыз қожыратпай сөйлейтін болса, оған қарапайым халықта еліктеп, үн қосады деген сенімдемін. Бұл – бір. Екіншіден, өзін «қазақпын» деп сезінетін әр адам өз ортасының қандай болғанына қарамастан, қазақша сөйлесе деген көкейде көптен бері жүрген күптігей ой бар. Осыған үлкен жауапкершілікпен қарап, тілге деген құрметті өзімізден бастасақ, көп құптарлық іс болмай ма?
Қазақ тілін брэндке айналдырудың тағы да бір тың тәсілі — талайды талантымен тамсандыратын өнер адамдарын әлемдік ареналарға шығару. Оған мысал ретінде Димаштай дарынды ұлды алып қарасаңыз да жеткілікті. Қазіргі таңда миллиардтаған әлем халықтарын аузына қаратып, қазақша сайратып жүрген жерлесіміздің құтты қадамы көз қуантады. Тіпті, қазақтың халық әні «Дайдидауды» өзге ұлттың өкілі өз тіліндей көріп, орындап тұрғанда кеудеңе қуаныш сезімі ұялайтынын қалай жасыра аласың. Сондықтан да, шын таланты бар өнерпаздарға шынайы қолдау білдіру керек. Бұл тұста мазмұны терең музыка жазудың да маңызы зор.
Қазақ тілінің болашағы жарқын болсын десек, Елбасымыздың Жолдауында айтылған орамды ойға да құлақ асқанымыз абзал. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев соңғы Жолдауларының бірінде «Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет. Алайда, соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған. Мұндай «жаңалықтар» кейде күлкіңді келтіреді. Мысалы «ғаламтор» (Интернет), «қолтырауын» (крокодил), «күйсандық» (фортепиано) және тағы сол сияқты аудармалар қате. Осындай аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек», — деген болатын. Расымен де дәл осындай жөнсіз аудармалар мемлекеттік тілдің дамуына кері әсерін тигізетіндей көрінеді.
Соңғы кездері еліктегеннен бе, әлде еріккеннен бе әлеуметтік желі арқылы бір-бірімізге эстафета жолдауды әдетке айналдырдық. Оның ішінде адамның рухани болмысына пайдасы бары да, жоғы да кездеседі. Кейде маған «Неге осы мемлекеттік тілді қатыстырып, бір-бірімізге эстафета жолдамаймыз?» деген ой келеді. Мәселен, банкоматтан ақша алар сәтте қазақ тілін таңдап, оны қалта телефоныңызға түсіріп, «Мен бүгін жалақымды қазақ тілінде алдым» деп неге айтпасқа?! Бұл да бір көлге тамған тамшыдай болса да, қазақ тілінің дамуына қосқан үлесіміз болар еді-ау!
Аса қадірлі, ойы орамды оқырман! Төл тілімізді дамыту өз қолымызда екендігін айтқым келеді. Қазақ тілі қазақтан басқа ешкімге керек емес екендігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан да, қайда жүрсеңіз де, қайда отырсаңыз да өз тіліңіздің мәртебесін биік ұстай біліңіз. Сонда ғана Тәуелсіздігіміз тұғырлы, тіліміз ғұмырлы болары анық.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ