ӨНЕГЕЛІ ІСІ КӨП ӨЛКЕТАНУШЫ

515 Views

Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына міне, 75 жыл болды. соғыс кезінде оқ атылмады демесе, ауылдағы тіршіліктің қиындығы майдандағыдан кем болған жоқ. Аналар мен балалар, ақсақалды аталар бәріне төзді. Таңның атысынан күннің батысына дейін жер айдап егін егіп, мал бағып, әскерге арнап шұлық тоқыды. Сөйтіп, Жеңіс күнін жақындатты.
«Жеңіс күні адамзаттың есінен мәңгі кете ме? Бірақ, ол оңайлықпен келген жоқ» деп сөзін бастады аға лейтенант Бекқұлы Әліұлы. Ардагер ұстаз, жоғары білімді тарихшы және өлкетанушы. 18 жыл Қаныш Сәтбаев атындағы мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, 10 жыл Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. Ол кісімен кездесуге барып, сұхбат алған ұйымдастырушы педагог Балжан Ақылбекованың айтуынша ардагер ұстаздың зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Тұрар Рысқұлов ауданындағы соғыс ардагерлерінің ерліктері деректі фильмге түсіріліп, есімдері құлпытастарға, ескерткішке жазылыпты.
2018 жылы «Сталинград шайқасы» атты фильм түсіріліп, онда онға жуық жауынгердің өмірдерегі қамтылды. Сондай-ақ, Курск шайқасына Жам
был облысынан қатысқан 51 жауын-гер ұлықталса, соның ішінде 11–і луговойлықтар болатын. Орел шайқасына қатысқан 35 жауынгер ұлықталып, оның 9 ардагері біздің ауданымыздан екені анықталған. Смоленск шайқасында біздің ауданнан 24, сондай-ақ, Твер шайқасына қатысқан 11 жауынгердің есімі ескерткішке жазылған. Бекқұлы ағамыздың тікелей ықпал етуімен Тұрар Рысқұлов ауданынан барлығы 1065 жауынгердің есімдері ескерткіш-манументтерге жазылыпты. Сондай-ақ, ардагер ағамыз 2014, 2015, 2016 және 2018 жылдары Ресейдің 15 облысында, Беларуссияның 6 облысында іс-сапарда болып, «Брест қамалының қорғаушысы», «Тағзым» және «Сталинград шайқасы» деген деректі фильмдердің жарық көруіне қол жеткізген. 2014 жылы «Ленинград қорғанысы» атты Алматыда өткен халықаралық конференцияға, 2015 жылы Москва қаласындағы, 2017 жылы Астанада өткен азаматтық форумдарға қатысқан.
Тарихшы-өлкетанушы осы ерен еңбегінің нәтижесінде 2014 жылы Курск форумында «Беларуссияның азат етілуі» медалімен марапатталған. Ол елордада өткен өлкетанушылардың ІІ форумына қатысып, республикалық «Үздік өлкетанушы» төсбелгісімен марапатталған. Ал, 2018 жылы республикалық «Аманат сыйлығына» ие болған. 2019 жылы халықаралық энциклопедияға (Ресей, Беларуссия, Қазақстан, Татарстан) есімі еніп, «Энциклопедия батыры» орденімен марапатталған. Сонымен қатар осы жылы 30 жылдық еңбегінің қорытындысы ретінде «Парыз» кітабы жарық көрген. 2020 жылы 20 қаңтарда Президенттің телерадио кешені ол кісі туралы 30 минуттық деректі фильм түсірген.
Біз ардагерлеріміздің еңбегі мен ерлік істерін барша әлемге танытуымыз керек. Барымызды бағалап, онымызды бүгінгі және келешек ұрпақ біліп, тарихтан хабардар болып жүрсе, ардагер-ұстаз Бекқұлы ағамыздың мерейі де әрқашан үстем болар еді деп ойлаймын.

Г. СЕЙІТБАЕВА,
аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының әдістемелік бөлімінің меңгерушісі. 

Поделиться ссылкой: