Бағымызға қонған бағбандық

909 Views

Аталарымыз: «Бір тал кес­сең – он тал ек» дей­ді. Ал, Қазақстан Үкіметі агро­өнер­кәсіптік кешенді дамы­тудың жар­қын болашағымызға арнал­ған байып­ты бағдарламасын қабыл­­дап, ауылдағы кәсіпкерлікті да­мы­туға қыруар қаржы бөлді. Біз егін­­шіліктің бағбандық бағытын өзі­мізге кәсіп еттік. Міне, екі жылдан бері мемлекеттік «Агроэксперт» бағдар­ламасы шеңберінде құрылған «Агро­парк-Құлан» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі 1000 гектарға бау өсіріп, оны тамшылата суаруды қолға алды.
Осы ауқымды жоба бойынша қазір 250 гектар алқапқа бау орнаттық. Келешек жоспарымызда 600 гектарға алма, 200 гектарға жаңғақ, 100 гектарға жүзім отырғызу көзделіп отыр. Егер осы жоба жүзеге асатын болса екі мың адамды жұмыспен қамтамасыз ететін боламыз. Әзірге 150 гектарға алма ағашын, 100 гектарға шие отыр­ғызылды. Осы күзде тағы да 150 гектар алқапқа алма көшеттері егіледі. Қазіргі таңда оның жері жыр­тылып, өңделуде. Биыл күзге салым алманың «Айдарет», «Золотой превос­ход», «Гала», «Караван» сияқты сорт­тарынан 100 тоннаға жуық өнім жинау жоспа­рымызда бар. Ол жемістер Қазақстан мен жақын шетелдерге экспортқа шы­ғарылады.
Қазіргі таңда бағбандарымыз ел­дегі індеттен сақтана отырып, қолда бар 12 «Беларусь» тракторы мен тал-дарақты дәрілеуге арналған 12 бүріккіш механизмнің көмегімен бақтарға күтім жасауда. Бақтағы жеміс ағаштарына гер­бицид шашу, қатараралығын қоп­­сыту, бұтақтарды отау сияқты жұмыс­тарды жүзге тарта бағбан атқарып жүр. Мәселен, Жанкелді Сәлімбаев алма­ның бригадирі. Оның Серік Мыр­залиев, Динара Үсенбаева, Қайрат Әбді­райымов пен механик Алмаз Қара­ғаев сынды көмекшілері бар. Мен өзім шие бағына күтім жасаймын. Аға су технигі Нұркелді Бейбітов екеуі­міз сыйымдылығы 12 мың текше метр болатын су тоғанының жұмы­сын қадағалап қана қоймай жеміс ағаштарына агротехникалық шаралар жасаймыз. Жалпы агропарк бойынша бұдан басқа да екі тоған бар. Жеміс баулары итальяндық, ресейлік және ағылшындық технология бойынша там­шылата суарылады. Ал, алма поль­шалық әдіспен суарылады. Алдағы жылы жалпы сиымдылығы үш мың тонна болатын екі қойма жасау жос­парымызда бар.
Агропарк жұмысшылары орташа 80-90 мың теңгеден, мамандар 150-160 теңгеден жалақы алады. Парк күндіз-түні бірдей қорықшылардың бақы­лауында. Биыл көктем жауын-ша­шынды болды. Өткен жылы отыр­ғызылған жеміс ағаштары тез өсіп, жетіліп келеді. Соған қарап алдағы жылы 100 гектар алқапқа орналасқан шие бағынан мол өнім жинаймыз деген ниеттеміз. Ол қолмен емес, вакуумдық сорғышпен жиналып алынады. Иә, егер алдымызға қойып отырған жоспар­ларымыз ойдағыдай жүзеге асатын болса, онда келешекте шие мен алма, жаңғақ өнімдері нағыз табыстың көзіне айналады. Шамалап алғанда бір шиелі баудың өзінен 30-40 мың тоннаға дейін өнім жиналады деп күтілуде.
Құландағы агропарктің келешегі зор. Оны өзіне кәсіп еткен бағбандар нәсібін осы кәсібінен табады. Бұл еліміздегі азық-түлік бағдарламасын орындауға аз да болса септігін тигізеді деп ойлаймын.

М.Әбдіхалықов,
«Құлан агропаркі» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігінің жетекші агроном-маманы.

Поделиться ссылкой: