Ұлтаралық татулық – дамудың даңғыл жолы

377 Views

Өткен жұмада аудандық мәдениет үйіндегі рухани жаңғыру жобалық офисінде ұлтаралық тұрақтылық тақырыбында келелі жиын болып өтті. Оған аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиева мен Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Серікбай Өтегенов қатысып отырды. Сонымен қатар жиынға ауыл-аймақтардан сайланған қоғамдық келісім кеңестері бастауыш ұйымдарының төрағалары және төрайымдары да келіп қатысты. Келелі кездесу барысында ұлтаралық тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығы мен осы бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен сөз болды.

Біздің аудан аумағында 69602 адам тұратын болса, соның 65205-і қарға тамырлы қазақтар, ал, қалғаны өзге ұлттың өкілдері. Нақтылап атап өтетін болсақ, ауданда 2257 орыс, 583 өзбек халқының өкілдері тұрады. Сонымен қатар, қырғыз, дүнген, шешен, қарашай және татар ұлттарының да өкілдері бар. Аудан аумағында өзге этнос өкілдері тығыз шоғырланған елді мекендер жоқ. Дей тұрғанмен, орыс ұлтының өкілдері Құлан (982), Луговой (546) және Ақниет (277) ауылдық округтерінде көбірек қоныстанған. Ауданда 4 бірдей қазақ, орыс, қарашай және өзбек этно-мәдени бірлестіктері жұмыс жасайды. Бүгінде олардың аудандағы мәдени шараларға белсенді түрде қатысып жүргені баршамызға белгілі.Аудандағы қоғамдық саяси ахуалды тұрақтандыру мақсатында 18 келісім кеңесі жұмыс істеп келеді. Оның бірі аудандық, 15-і ауылдық округтерде және екеуі жұмысшы саны көп ірі кәсіпорындарда құрылған. Кеңес мүшелерінің жалпы саны – 94 адам. Олардың қатарына этно-мәдени және қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар, шығармашылық одақтар, жастар істері бойынша инспекторлар, ардагерлер мен аналар кеңестерінің өкілдері тартылған. Бүгінде әрбір округте құрылған кеңес жүйелі жоспарлар негізінде жұмыс жасап, нәтижелі қызмет атқарып келеді.
Осынау мәліметтердің барлығын жиын барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиева мәлімдеп берді. Сондай-ақ, Ләззат Шакуалықызы аудандағы дін, үкіметтік емес ұйымдар, тұрғын үй кезегі, әлеуметтік салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Әсіресе, дін саласы бойынша толық ақпарат беріп, атқарылған жұмыстарды баяндап берді. «Ауданда өзге көзқарасты ұстанушылар да бар. Мәселен, «Таблиғи жамағат» бағытын ұстанатын 25, «Салафит» бағытын ұстанатын 20 адам бар. Бүгінде олармен тығыз жұмыс атқарылып, 12 азаматпен кездесу жүргізілген. Нәтижесінде 7 адам бейімделді. Айта кету керек, бұл бағытта жұмыс атқарған ақпараттық түсіндіру топтарының қосқан үлестері орасан зор. Топ мүшелері бүгінде ай сайын елді мекендерге барып, жұмыссыз жүрген азаматтарға, мигранттарға, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген ауыл тұрғындарына түсіндіру шараларын жоғары деңгейде жүргізуде» деп, өзге де құнды ақпараттармен бөлісті.
Бөлім басшысының айтуынша, ауданда «Ыстық нүктелер» картасына жататын 7 бірдей әлеуметтік мәселе бар екен. Олардың қатарына Қарақыстақ және Жаңатұрмыс ауылдық округтеріне газ тарту, Өрнектегі кварцит зауы­ты, Қорағаты округіндегі жер, Қа­йың­дыға қарасты Сөгеті мен Мамайқайыңды ауылдарындағы ауыз су мәселелерін жатқызуға болады. Ләззат Шакуалықызы осы мәселелерге байланысты ауыл тұрғындары ара тұра жиналып, өз наразылықтарын айтып тұратынын жеткізді. Осы тұрғыда жергілікті жердегі қоғамдық келісім кеңесі мүшелерінің атқарар қызметі орасан зор екенін тілге тиек етті. Жиын барысында олардың мән-жайдан қанық болуы үшін мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстарды жіпке тізіп берді.
Жиында аудандық Қоғамдық келі­сім кеңесінің төрағасы Серікбай Өтегенов те баяндама жасады. Төраға өз баяндамасында Қоғамдық келісім кеңесінің төңірегінде орын алып жатқан өзгерістерге тоқталып өтті. Сонымен қатар кеңес төрағасы ұлтаралық татулықты сақтау мемлекетіміз үшін маңызды факторлардың бірі екенін айтып, ауылдық округтердегі кеңес төрағалары мен төрайымдарын күш біріктіріп, жұмыс атқаруға шақырды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: