Тәрбиенің өзегі – балабақшадан басталады
16 Views«Театр – киімілгіштен басталады» деген сөз бар. Сол секілді бала тәрбиелеу ісінің алғышарты да балабақшадан басталатыны сөзсіз. Осы ұғымды мақсат еткен аудандық аналар кеңесі…
Бірлік Абай ауылында дүниеге келді. Бірақ орта мектепті аудан орталығындағы №2 мектепте бітірді. Ол кезде Жамбыл малдәрігерлік техникумына оқуға түсуге ниет білдірушілер көп болатын. Оның үстіне, ауыл шаруашылығына, әсіресе, колхоз-совхоздарға малдәрігері мен зоотехник мамандар ауадай қажет кез. Бірлік көп ойланып жатпастан ветеринария бөліміне құжаттарын тапсырды. Сөйтіп, қолына мал дәрігері деген диплом алған. Аудандық мал дәрігерлік ветеринарлық станция ол кезде Қазбек Асылов көшесінде еді. Ауданның барлық мал емдеу мамандары осы жердегі үлкен лабораторияға, яғни зертханаға келіп, бүкіл аудандағы малдан қан алып тапсыратын. Веттехниктер өздеріне қажет деген дәрі-дәрмектерді де осы жерден алатын. Міне, осы станцияға Бірлікті веттехник етіп жұмысқа алды. Ол осында алты жыл жұмыс істеді. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын оны аз уақыттың ішінде ауданның барлық мал емдеу мамандары жақсы біліп алды. Ол станция қызметкерлерімен бірге ауыл-ауылға, шалғай қыстауларға іссапармен жиі шығатын. Сөйтіп жүргенде оны техникумға жұмысқа шақырды. Иә, жәй ғана зертханашы қызметіне алды. Бірақ, қай жұмысты да тындырымды атқарып үйренген ол жаңа жұмыс орнында да басшылардың көзіне түсіп үлгерді. Енді оны ветеринария бөліміне оқытушылыққа ауыстырды. Осылайша оның ұстаздық қызметі басталды.
– Менің оқытушы ретінде қалыптасуыма Серік Күмісов ағай көп тәлімгерлік жасады. Педагог болудың жауапкершілігін сонда ұқтым. Әр студенттің жүрегіне жол тауып, пән бойынша теориялық және практикалық сабақтарды олардың жетесіне жеткізе үйретудің өзі үлкен дайындықты, білімділікті қажет ететінін түсіндім. Техникумда дәріс бере жүріп, Алматы зоотехникалық-ветеринарлық институтын сырттай оқып бітірдім. Жоғары білім алып, білікті маман атандым. Ал, кәсіптік шеберлік жиырма бір жыл ішінде бірте-бірте қалыптаса бастады. Білім берудің методикасы мен заманауи технологияларды игеріп, осының барлығын оқу процесі кезінде жүзеге асыра алатын дәрежеге жеттім, -дейді Бірлік Тоғанбайұлы.
Оқытушы өзінің жинақтаған тәжірибесін қажымай-талмай әр сабағына тиімді пайдалана білді. Соның нәтижесі болуы керек, оның оқушылары аудандық, облыстық, тіпті, республикалық байқаулар мен олимпиадаларда орындар ала бастады. 2011 жылы оның Серік Нақан деген оқушысы инновациялық технология бойынша дарынды деген білімгерлердің облыстық конкурсына қатысып, жүлдемен оралды. Бұл оқытушының да, оқушының да ең алғашқы жеңісі еді. Ал, 2013 жылы Бірліктің Александр Цхай деген оқушысы он-лайн – интернет конкурсында республика бойынша екінші орынды иеленеді. Арада бір жыл өткенде оқытушыға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Үздік педагог» деген атағы беріледі. Артынша Бірлік омырауына республикалық педагогтар қауымдастығының «Білім беру ісіне қосқан үлесі үшін» деген медалін тағады. Сол жылдары оның еңбегі жоғары бағаланып, ол облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарына да ие болды.
Ол енді ветеринария саласындағы инновациялық-ғылыми жобаларға жиі қатыса бастады. Өзінің білімін жетілдіру мақсатында және дуальды оқыту жүйесін колледждегі оқу процесіне енгізу бойынша сол кездегі оқу орнының басшысы Жұмакүл Оңғарбайқызы Бүкірованың нұсқауымен кәсіпкерлік палатасының ұйымдастыруымен Германияға барып келді. Келген соң дуальды оқыту жүйесін практика жүзінде Жақсылық ауылындағы «Қайқы» шаруа қожалығында ең алғаш рет жүзеге асырды.
Сол жылдары шәкірті Руслан Дубин байқауда ерекше көзге түсті. Оқытушылық Бірлік Тоғанбайұлының өзінде ғана емес оның отбасында да дәстүрге айналған. Оның зайыбы Махаббат колледжде директордың ақпараттық технология бойынша орынбасары болып қызмет атқарады. Дәурен есімді ұлы да педагог. Тараздағы сервистік колледжде өндіріс шебері. Берігі заңгер. Бірліктің төрт немересі бар.
Иә, олар әулетімен педагог. Ал, Бірлік Тоғанбайұлы Сраилов болса, колледждегі «Ең үздік педагог».
С.Қожеке.
СУРЕТТЕ: Құлан жоғары агротехникалық колледжінің оқытушысы Бірлік Тоғанбайұлы Сраилов.