Спорт алаңы салынса…

721 Views

дегенмен шаң-тозаңды боратып, балалар доп теуіп жүр

Осы біз неге екені белгісіз биікке тез жетуге ұмтыламыз. Бұл өмірдің заңы. Көздеген мақсатымызға жету үшін қалтамыздағы барымызды да аямайтынымыз ащы шындық емес пе? Бұл мақтангерлік пе, әлде биікке жетудің оңай жолы ма? Бір білеріміз санамызды қанша рет жаңғыртсақ та, қанымызға сіңген бұл қасиеттен құтыла алмайтын шығармыз, сірә!… Ендеше айтар ойымыз түсінікті болуы үшін мысалымызды да дер кезінде келтіруге тырысайық. Мәселен – футбол.
Иә, соңғы жылдары әлемдегі ең бірінші спорт түрінен жеткен жетістіктеріміз жоқ емес, бар. Бірақ, көңіл көншітерліктей емес… Тек клубтық деңгейде ғана бағымыз жанғаны болмаса, ұлттық құрамамыздың хал-ахуалы айтарлықтай мәз емес. Оған кеше ғана Ұлттар лигасына қатысқан құрамамыздың сүреңсіз ойыны айқын дәлел бола алады. «Астана», «Қайрат», «Ордабасы» сынды клубтарымыздың кәрі құрлық додаларында төбе көрсетуі тек сырттан келген легионерлердің арқасы десек, артық айтқандығымыз емес шығар.
Бұдан мынадай ойды тұжырымдауға болады. Отандық аяқдопшылардың дамуы мен шеберліктерінің артуына қатысты жасалып жатқан жұмыстардың аздығын анық аңғарасыз. Осы мәселеге қатысты жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз ойын білдірген еді. Ел Президенті Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында: «Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет. Қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқ. Мемлекеттің және квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалуда. Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет» деп бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда балалардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды екенін ескертіп, аймақ және өңір басшыларының мойнына ауыр жүк салды.
Расымен де, біз көп нәрсенің байыбына терең үңіле бермейміз. Тек нәтижеміз ойға қонымды болса ғана жанымыз тыныштық табатындай. Өзге елдің өрендері арқылы әлемдік додаларда бақ сынап, биікке жеткенді құп көріп, өз балаларымызға, болашақ елдің тірегіне немқұрайды қарайтынымыз өкінішті-ақ.
Әлемдік тәжірибеде футбол мамандары ақша табуға әлдеқайда машықтанып алған. Тіпті кейбір мемлекеттерде клубтар жекеменшік иелігінде болып, біздегідей бюджет қаржысына қол жаймайды. Керісінше инфрақұрылымын дамытып, футболға қатысты дүниелердің бәрін саудаға салады. Ол аз десеңіз, талантты шәкірттерін доп тебуге үйретіп, трансферлік құнын шарықтатып, ойға келмейтін бағаға сатып жатады. Ал бізде қалай? Бізде бір сөзбен айтқанда, бәрі керісінше. Сауда-саттықты былай қойғанда, инфрақұрылымды дамытуға шамамыз келмей отыр.
Мәселен… Біз қалам ұстап, журналистік қызметті таңдағаннан кейін елді мекендерді жиі аралаймыз. Билік пен бұқара арасын байланыстыратын өкіл болғандықтан, жан-жағымызға мұқият зер салып жүреміз. Кемшін кеткен тұстарды обьективке басып, мәселенің мән-жайын қойын дәптерімізге түртіп алып жатамыз. Бірде он мыңнан астам тұрғын тұрақтаған, тау тұлғалы Тұрардай арда азаматтың аяғы тиген Луговой ауылына бардық. Аралап жүріп, Саяқбай Әденұлы көшесінің аяқ жағындағы алақандай ғана алаңға қос қақпаны орнатқан, доп теуіп, шаң-тозаңды боратқан бір топ балаларға жолықтық. Жасыратын несі бар, біз асыр салып, ойнап жатқан бүлдіршіндердің доп тебу шеберлігіне тәнті болдық. Жөн сілтейтін білікті бапкер болса, буыны қатпаған бүлдіршіндерден тәп-тәуір футболшы шығаруға болатындай. Санитарлық талаптары сақталмаған жерде доп теуіп жүрген балалармен де тілдестік. Олардың айтуынша орталықтағы шағын футбол алаңы алыс орналасқандықтан, онда барып келу қиындық туғызады екен. Сондықтан олар ауыл ағаларының ықпалыменен осында қос қақпаны орнатыпты. Айтулары бойынша алаңды тегістеу жұмыстарына жергілікті әкімдік те көмек көрсеткен көрінеді. Балалардың ендігі ортақ армандары сапалы, барлық стандарттық талапқа сай алаңда доп тебу. Алдағы уақытта балалар арманын жергілікті әкімдік пен аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің мамандары бірлесіп, іске асырады деген ниеттеміз.

АЙТАЙЫН ДЕГЕНІМ...

Негізінен адам баласына мүмкіндік көп беріле бермейді. Дейтұрғанымен, азды-көпті сол мүмкіндіктерді оңтайлы пайдаланып, өз арманына қол жеткізіп жататын жандар жетерлік. Егер де он мыңнан астам халқы бар ауылға екінші футбол алаңы салынса тым құрығанда бір баланың болашағы жарқын болуына септігін тигізер ме еді… Бұл жұмысты іске асыру үшін мемлекетте мүмкіндіктер өте көп. Атап айтар болсақ, «Ауыл – ел бесігі» және «Өңірлерді дамытудың 2020 — 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бар. Бұл да аз десеңіздер, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған бұқаралық спортқа қатысты тапсырмаларды да бағыт-бағдар ретінде алуға болады.
ТОҚСАН ауыз СӨЗДІҢ ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІНІ: Әлемдік додаларда ел мүддесін асқақтатып жүрген азаматтардың басым көпшілігі ауыл топырағына аунап өскен өрендер. Кім білсін?! Мына бір топ балалардың ішінде де болашақ чемпиондар, тіпті аты әлемге мәшһүр болатын Месси мен Роналдудың ізбасарлары да бар шығар. Ендеше не тұрыс?! Ертеңгі тарихты, бүгіннен бастап қалауға күш салайық, ағайын.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: