КЕЛБЕТІ КЕЛІСКЕН КӨКДӨНЕН немесе ауылына қарап азаматын таны

957 Views

Қазақтың қабырғалы қалам­герінің бірегейі болған Әзілхан Нұршайықовтың жазушылығы бол­сын, журналистік қыры болсын ерек­ше ғой шіркін. Оның журналисти­ка­­да қызмет ете жүріп, жазып қал­дыр­ған көптеген сүбелі сөздері бар. Әз ағаңның афоризмдерін КазГУ-де білім алған жылдары ұстаздарымыз әб­ден оқытып, жаттатты. Дегенмен, «Журналист қаламынан шыққан сөз, жалпақ жұртқа жария болады», «Адамзат ішіндегі ең жүрдегі жур­на­листер. Олардың бармайтын жері, баспайтын тауы жоқ» деген сүбелі сөздері бүгінгі тақырыбымызға сай келетін секілді. Әз ағаң айтқандай, «журналистердің бармайтын жері, баспайтын тауы жоқ» шынымен де. Талай елді мекенде болып, мақала жазып жүрміз ғой. Бірақ жақын күндері Көкдөнен ауылдық округіне барғандағы арнайы іссапарымыз, ол ауылда атқарылып жатқан игі істер мен ақкөңіл жандардың әсерлі әңгімелері расымен де ерекше шабыт сыйлады бізге. Сондықтан Көкдөненнен шабытты оралған сәтіміздің қағаз бетіне түскен нұсқасын күн өткізбей өздеріңіздің назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Дана халқымыз «Ауылына қарап азаматын таны» демей ме? Көкдөнен­де өзім жақсы танитын Кәрім Ағыбаев есімді ағам тұрады. Ол кісі ауыл­дық ардагерлер алқасы төрағасының орынбасары. Кәрағаңның анасы мар­құм жүз жастан асып барып, дүние салды. «Асылдың сынығы» деген осы болар. Кәрім ағаның құтты шаңыра­ғында сан мәрте қонақ болдық. Қолы ашық, жомарт азамат қой. Қазақ әлгі «Аузын ашса жүрегі көрінеді» деуші ма еді. Кәрағаң тура сондай. Сауал қой­мастан ауылдық округ әкімі Төлеген Атабаевтың іскерлігін айта жөнелді. Кәрім ағаның Төкең туралы айтқан пікірі өз алдына шағын бір мақаланың өңін келтіріп тұрғандықтан, мен оны жеке тақырыпппен материал етіп ұсынғанды құп көрдім.
Іскер әкім
Көкдөнен ауылдық ардагерлер алқасы төрағасының орынбасары Кәрім Ағыбаев:
«Өзіміз де ақсақалдық жасқа келдік қой Марат інім. Шерхан Мұртаза ағамыз заманында «Құдай өтірік айтып бедел жинағаннан сақтасын» депті. Анамның көзін көрдің. Ол кісі «Балам, адам баласына ешқашан өтірік айтушы болма!» деп отырушы еді жарықтық. Сондықтан шын сөз деп ұққайсың. Төлеген әкім болып та­ғайындалғалы ауылымызда көпте­ген өркенді істер атқарылуда. Әкім бар­лық істің бел ортасында белсене қыз­мет етіп жүреді.
Адам қанша атаққа ие болып, даңқы жер жарып бара жатса да, бойынан екі қасиетті өшірмеуі ке­рек деп есептеймін. Ол қандай қасиет дейсіз ғой? Әуелі қарапайымдылық, со­сын кішіпейілділік. 40 жылға жуық ел басқарған қазақ халқының аса көрнек­ті қайраткері Дінмұхамед Қонаев­тың «Билікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым, қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Түптің түбінде оралар ортақ – ел іші, ағайын ортасы. Басар жерім де, барар жерім де – қара жер. Қастерлей білсем қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім» деген сөзі бар. Мен де қызмет жасаған адаммын. Алайда, бүгінгі таңда қолына қызмет тисе дандайсып сөйлеп шыға келетін кейбір әкімқаралардың осыны жете түсіне бермейтіні де шығар күндей шындық екені белгілі. Бірақ, Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаев туралы өз басым олай деп айтпас едім. Және менімен осында бір қауым ел болып, ынтымағы жарасып өмір сүріп отырған ауыл тұрғындары да келіседі деп ойлаймын. Төлеген інім туған жерін қадірлейтін, сөз басында айтып өткенімдей, қарапайымдылық пен кішіпейілділікті бойына жинаған қараша халықтың жанашыры ғана емес, нағыз ұлтжанды патриоттың өзі. Талай жыл әскери салада қызмет еткендіктен болар, округ әкімдігі аппаратында тәртіпті әркез бірінші орынға қоятыны да көрініп тұр. Бұл қызметке дейін Төлеген Атабаев Қазақстан Қарулы Күштерінің шекара қызметінде жұмыс істеді. Шені – майор. Әкімдік қызметті атқарғаны­на да 2 жыл өте шығыпты. Сосын та­ғы да айтайын дегенім, әкіміміз­дің кабинетінің есігі кез келген тұрғынға ашық. Ол ешкімнің кеудесінен кері қақпайды. Қайта өз тарапынан кішілік көрсетіп, істің мән-жайын байыппен түсіндіреді. Мінеки, ауылымыздағы мекемелерді көріп тұрсың. Барлығы жұмыс істеп тұр. Асарлатып үй салып жатырмыз. Оны Төлеген інім өзі айта жатар. Менің айтайын деге­­нім осы. Мына аты жаман аурудың беті қайтса, біз әлі талай игілікті істер­дің жаршысының куәсі боламыз».
Түс мезгілінен соң ауылдық округ әкімімен сұхбат құрып, тілдестік. Кәрім аға айтқандай, ол кісілік емес, кішілік танытты. Әкім бізге ең алдымен мемлекеттік «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен ауылға шағын футбол алаңы салынғанын, Сейдахметов көшесіндегі 26 үйге көгілдір отын кіргізілгенін, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне ескерткіш тақта орнатылып, оның — «Жеңіс» аллеясы деп аталғанын, округте асфальт төселмеген көшелер бірді-екілі болмаса, түгелдей дерлік асфальтталғанын, ауылдың батыс жақ кіреберісіне қақпа (арка) орнатылғанын, сосын ауыл мешітінің іргесінен жапсарластырып асхана , «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша бір үйдің іргетасы құйылып, кірпіші қаланып жатқандығын айтып берді. Осының барлығының басы-қасында жүрген Төкең шынымен де іскер әкім емей немене?!
Осы аралықта «Театр гардеробтан бас­талады» деген сөзді айтқымыз келіп отыр. Неге? Өйткені, халық көптеп бас сұғатын мекеменің бірі негізінен ауыл әкімшілігі. Төкең жа­ңағы мысал еткен сөзді де басты назарға алатын секілді. Өйткені, ауыл әкімшілігінің маңайы да, іші де, мұн­таздай тап-таза. Қайсыбір ауыл­дарға барсаң, әкімшіліктің алдын абаттандыру былай тұрсын, еденінің шаңы бұрқырап жатқан сәтте ке­тіп қалғың-ақ келіп тұрады…
Қош, тақырыптың ауанынан алыстамайық. Сонымен қақпа орнатылды дедік. Қақпа құрылысы­ның жұмысы «Абаттандыру» бағдарламасы бойынша жүзеге асы­рылған екен. Оған бөлінген қара­жат 7 миллион 800 мың теңге. Құ­ры­лысты жүргізген мердігерші «Таза­лық қызмет» жеке шаруашылық се­рік­тестігі. Көрдік, фотоаппаратқа түсірдік. Шынымен де қақпаның безендірілуі керемет енді. Айтар сөзіміз жоқ.
Ауыл мешітіне жапсарласып салынып жатқан асхананы да, асарлатып қаланған үйдің іргесін де арнайы барып көрдік. Айта кетуге тиіспіз, бұл жұмыстардың еш­қайсысына мемлекет тарапынан қа­ражат бөлінбеген. Екеуі де ауыл хал­қы жинаған қаражаттың есебінен салынуда. Құрылыс жұмыстарын да жергілікті халық өздері жүргізуде. Яғни, бұл жерде ешқандай «ақша төлеу» деген әңгіме мүлде жоқ. Бармаймын десе де, өз еркі. Ешкім ешкімді қыстамайды. Бірақ, осы жолы Көкдөнен халқының ауызбіршілігі мығым екенін аңғардық. Құрылыстан қалыс қалып жатқан ешкімді көрме­дік. Барлығы да бір үйдің баласы іс­петті. Біз барған күні ауылдың бір топ тұрғынымен қатар, әкімшіліктің, мәдениет үйінің және мектептің қызметкерлері асхана құрылысына атсалысып жатыр екен. Көзім шалып қалды.Ауылдық мәдениет үйінің мең­герушісі Берік Тауасаров та осында жүр. Сөзге тарттық Бекеңді.
«Ауылым алтын бесігім» деген да­на халқымыз. Бұл ауылда атақты сазгер Мэлс Өзбеков дүниеге келген. Міне, ауыл имамы да осында жүр. Қазақ «Бөлінгенді бөрі жейді» деген. Біз «жиылсақ көппіз, бөлінсек жоқпыз» Марат інім» дейді ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі.
Көкдөненде балалар бөбекжайы мен аудандық пошта байланыс торабы­ның бөлімшесі ашылған. Ауылдағы ұлт көсемі Ахмет Байтұрсыновтың есімін еншілеген орта мектеп аудандағы іргелі білім ошағының санатына кіреді. Көкдөнендегі мәдениет үйі секілді келбеті келіскен ғимарат өзге ауылдарда жоқ десек те болады. Ең өзекті мәселенің бірі ауылдық амбулатория еді, ол да былтыр өз шешімін тапты. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ауылға дәрігерлік амбулатория да са­лынды. Ескі емханаға қазіргі күні Өнер мек­тебінің ұжымы келіп қоныстанған. Болашақта аталмыш мектептен Мэлс ағаның ізін жалғастырар даңқты сазгер мен Гүлнұр Өмірбаева секілді жезтаңдай әншілердің шықпасына кім кепіл.
Сөз соңында Төлеген Атабаевқа алда атқарар қандай жоспарлары бар екенін білмек болып, сауал қойдық. Ол:
– Ауылымыздағы Кәрібай, Тау самалы, Жамбыл көшелеріне диодты жарықшамдар орнатылды. Ауыл ішінен өтетін облыстық маңызы бар жолдың бойына саяжол салы­нып жатыр. Алдағы уақытта ауыл тұрғындары кешқұрым серуендеп, демалатын «Дендро» саябағын сал­сақ деген ниеттеміз. Өзіңізге оның жо­балық эскизін көрсетсем деймін,-деп жұмыс үстеліне картаны жайып салды. Айтпақшы, бұл ауылдағы өркенді істердің шаужайын жуырда «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетілетін «Ауылдастар» атты бағдарламаның шығармашылық ұжы­мы да арнайы келіп, сюжет жасап кетіпті.
Алаш арысы Смағұл Сәдуақасов­тан «Мемлекеттік қызметте ең алды­мен нені ескеру керек?» деп сұрағанда ол: «Мемлекеттік қызметкердің ең алдымен жергілікті ұлтқа жаны ашитындығы не болмаса жаны ашымайтындығы мықтап ескерілуі керек» деп жауап қайырған екен. Сол айтқандай, Төлеген Атабаевтың бойынан қарға тамыры қазағына қалтқысыз қызмет еткісі келетін тұжырымды байқадық. Әр ауылдық округтің әкімі Төкең секілді іскер әрі бастамашыл болса ғой шіркін…

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: