Еңбек Ерінің есімі ел есінде қалса…

280 Views

Тәуелсіздік алған жылдары елімізде ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, адал еңбегімен, адами қадір-қасиетімен, атымтай жомарттығымен көпшіліктің құрметіне бөленген Қазақстанның Еңбек Ері, облысымыздың, ауданымыздың мақтанышы Сайрамбай Дөненбаевты сұм ажал 55 жасқа қараған шағында ортамыздан алып кетті. Тұрар Рысқұлов ауданының халқы Сайрамбай Дөненбаевты орынды мақтан етеді.
Сайрамбай еңбек жолын 1982 жылы Луговой ауданы (қазіргі Т.Рысқұлов) «Алғабас» совхозында шопан көмекшісі болып бастады. 1986-1996 жылдары осы шаруашылықта аға шопан, бөлімше басқарушысы, зоотехник болып қызмет етті. 1996 жылы «Шәушен» шаруа қожалығын құрып, өмірінің соңына дейін осы шаруасы шалқыған шаруашылықты басқарып, қыруар жұмыстар мен ілкімді істер атқарды. «Шәушен» шаруа қожалығы республикамыздағы тасы өрге домалаған, өндірістік көрсеткіштері өте жоғары, іргелі шаруашылықтардың бірі екендігі даусыз. Оны шаруашылықта жыл сайын мал басының көбейгендінен және егіс алқаптарынан мол өнім алуынан анық аңғаруға болады.
Сайрамбай қарапайым еңбек адамдарын, жалпы көпшілікті қамқорлығына алып, оларға жақсылық жасауды өзінің кісілік парызы санайтын. Туған жерге туын тіккен Сайрамбай өзі туып-өскен, еңбек еткен Жарлысу ауылына 300 орындық асхана, жиырма шақты тұрғын үй, медресе кешенін, мешіт, ашаршылық құрбандары мен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арнап «Жеңіс аллеясын», мал сою пункті және бордақылау алаңын, шаруашылықта еңбек ететін 37 жас отау иелеріне тұрғын үй салып берді. Аудан малшыларының балалары үшін 50 орындық мектеп-интернат және 100 орындық балалар бақшасын пайдалануға берді. Облыс, аудан көлеміндегі қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік шараларға үнемі демеушілік көрсетіп келді. Әсіресе, Тараз төрінде өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған айтулы мерекенің жоғары деңгейде өтуі­не демеушілік жасап, тойдың дүр­кіреп өтуіне аянбай атсалысқаны бар­шамызға белгілі. Ол жастарға, тұр­мысы төмен отбасыларға, мектеп оқушыларына ылғи камкоршы бола білді. Еліміздің әлеуметтік-эко­но­микалық жағынан дамуына, өсіп өр­кендеуіне зор үлесін қосты.
Сайрамбайдың туған елі үшін атқарған ерен еңбегі елеусіз қалмады. Екі рет «Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздікке 10, 20 жыл», «Парыз» медалімен және «Құрмет» орденімен, III-дәрежелі «Еңбек даңқы» және «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» белгісімен марапатталды. 2018 жылы Қазақстанның Еңбек Ері атағын алды. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқаны және аса белсенді қызметі үшін Жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Алтын Жұлдыз» бен «Отан» ордендерімен де марапатталған.
Үстіміздегі жылдың мамыр айында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Сайрамбай Дөненбаев басқарған «Шәушен» шаруа қожалығына арнайы ат басын бұрып, агроқұрылымның тыныс тіршілігімен және жаңадан ашылған «Тау қымызы» емдеп-сауықтыру орталығының игілікті істерімен танысқан еді. Сол сәтте Сайрамбайға еліне, ауыл тұрғындарына жасап жатқан қамқорлығына ризашылығын білдіріп, емдеу орталығының жұмысын одан әрі жандандыруға өз ұсыныстарын да айтқан болатын.
Сайрамбай Әлімқұлұлы Дөненбаев туралы белгілі журналист С.Қожеке «Жарлысудың жампозы» атты кітап жазды. Осы кітапта автор ауылдағы жай ғана малшының баласының бүкіл республикаға танымал кәсіпкер болғанын 21 әңгіме жазып, онда оқырманға жатық тілмен өте көркем жеткізе білген. Иә, әкесінен қалған 500 саулықты 52 мың басқа жеткізіп, үш мың бас қыл құйрық баққан кәсіпкер ауданымызда емес, республикамызда шанда біреу шығар-ау. Онымен замандас болған, бірге мал баққан кісілер: «Сайрамбай өте малсақ жан еді. Ол өзінің қарамағындағы 60-қа жуық шопанды аралап жүріп оларға өзінің мал бағудағы тәжірибесін жалықпай айтушы еді. Сонда ол: «Мен шілде айында қойды күндіз өріске шығармайтынмын, ол кезде мал сумен семіреді. Аптап ыстықта мал жайылып жетістірмейді, сондықтан малды ай туғанда өріске шығарып, түнде бағатынмын. Сендер де сөйтсеңдер мал шелді әрі төлді болады» дейтін. Бұл оның өмірден алған тәжірибесі. Енді оны бізгі бүгінгі мал баққан жастарға үйретуіміз керек. Сондықтан Сайрамбайдың «мектебін» ашқанымыз жөн шығар.
Иә, атпал азамат, іскер басшы, адал еңбегімен елінің қошеметі мен құрметіне бөленген ардақты бауырымыз Сайрамбай Дөненбаевтың армандары да, туған еліне берері де әлі көп еді. Амал нешік? Тағдырдың жазғанына амалсыздан көнуге мәжбүрміз. Жуырда мен әлеуметтік желілерді ақтарып отырып, қызықты ақпаратқа тап болдым. Онда «Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы» заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлер қауымдастық нысандағы бірлестігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңір экономикасын өрге сүйреген ардақты азамат Сайрамбай Дөненбаевтың есімі ел есінде мәңгі сақталуы үшін бірқатар өтініш-ұсыныстармен қайырылыпты. Қауымдастық мүшелері ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге зор үлес қосқаны үшін жомарт жанның туып-өскен жері Жарлысу ауылына Сайрамбай Дөненбаевтың есімі берілсе деген ұсыныс айтыпты. Одан бөлек аудан орталығында орналасқан Құлан жо­ғары агротехникалық колледжі мен Тараз қаласындағы бір көше Еңбек Ерінің атымен аталса делінген.
Несі бар!? Бас бармақпен баға­лауға тұрарлық бастама. Менің ойымша егер де бұл өтініш-ұсыныстар оң шешімін тапса, жастарымыздың бойында туған елге, жерге, деген сүйіспеншілігі артып, Отанға деген патриоттық сезімдері қалыптасып, келешек ұрпақтарымыздың абыройлы еңбекке құлшыныстары едәуір ұлғаяр еді деген ойдамын. Сонымен қатар, еңбек адамдарының қадір-қасиеті, беделі артып, оларға көрсетілетін құрмет те жоғары болуына септігін тигізер еді. Бір сөзбен айтқанда, Сайрамбай Дөненбаевтың өнегелі істері жас ұрпаққа үлгі болсын десек, Жарлысу ауылы Сайрамбайдың есімімен аталғаны жөн деп санаймыз. Сондықтан, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Өрнек ауылдық округінің әкімдігі осы ұсыныстардың орындалуына ұйытқы болады деген ойдамыз.

С.Өтегенов,
аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой: