Қарт ананы құттықтады
34 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Әлемді еріксіз өзіне бағындырған тәжтажал еліміздегі онсыз да шаруасы шатқаяқтап тұрған кейбір саланың бетін ашып, кем-кетігін айқындап берді. Індеттің кесірінен денсаулық сақтау саласы ғана емес, білім беру де түбегейлі өзгеріске ұшырауға мәжбүр болды. Тіпті, шағын және орта бизнестің біразының күнделікті тіршілігі тұралап, өз жұмыстарын еріксіз тоқтатуға тура келді. Себебі олардың барлығы да шет мемлекеттердің өніміне тәуелді болып келген еді. Дейтұрғанмен, асау аттай тулап, аяғына тұсау салдырмай келе жатқан бір сала бар. Ол әрине – ауылшаруашылығы.
Агросала мамандары төтенше жағдайдың енгізілуіне қарамастан өз жұмыстарын жоспарлы түрде жалғастыруда. Көктемгі егіс-дала жұмыстарына кесе көлденең тұрған еш нәрсе болған жоқ. Керісінше жан-жақтан қолдау көрсетілді. Диқандар жерге алаңсыз дәнін сеуіп, шопандар жайлауда еш кедергісіз малын бақты. Дегенмен, қазақ халқында өзекті өртейтін, көтеріңкі көңіліңді жерге атып ұратын «бірақ» деген сөз бар. Сол сөзді осы жерде қолдануға мәжбүр болып отырмыз. Бәрі түсінікті болуы үшін басынан бастап баяндасақ.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімі мамандарының бізге берген мәліметтеріне сүйенсек, биыл мал қыстату науқанына 190 000 тонна шөп, 9 300 тонна сабан, 65 000 тонна жем дайындау көзделген. Тапсырма жоспарға сәйкес орындалып, науқанға қатысушылар 31 812 гектар жоңышқалық алқаптың 13 165 гектарын орып, тіпті тау бөктеріндегі сай-салалардағы шөптерді шауып, қыстық азық дайындауда. Оған 42 дана шалғылы агрегат, 16 дана «Германка» шөп орғышы, 18 дана шөп тайлағыш, 16 шөп тиегіш, 56 трактор тіркемелерімен қатысуда. Бүгінгі күнге дейін аудан шөпшілері тапсырмадағы 190 000 тонна пішеннің 141 150 тоннасын (74,3 %), 9 300 тонна тайланған сабаннан 7 980 тоннасын (85,8 %) дайындап үлгерген. Жалпылама айтқанда мал азығын дайындау науқаны қалыпты түрде жүруде деп айтуға толықтай негіз бар. Бірақ, неге екені белгісіз, шөптің бағасы күннен күнге шарықтап барады. Оған анық көз жеткізу үшін аудан орталығындағы «шөп базарына» барсаңыз да жеткілікті. Қыстық мал азығының саудасын қыздырғандар бүгінде кәдімгі қарапайым шөптің бір тайланған бумасын 500-700 теңгеге саудалап тұр. Ал, былтыр дәл осындай тайланған жәй шөптің бір түгі 300-400 теңгенің көлемінде сатылғанын аудан жұртшылығы жақсы біледі.
Биыл ет өнімдерінің де бағасы күрт өсуі мүмкін. Тіпті, қысты соғымсыз өткізгісі келмейтіндер қалтасындағы біраз қаражаттан қағылуы бек мүмкін. Неге дейсіздер ғой?! Себебі, мал бордақылау ісіне сай келетін жоңышқаның бағасы бүгінде шамадан тыс шарықтап тұр. Дәл қазір оның бір тайланған бумасы 1200 теңге көлемінде сатылып жатыр. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, өткен жылы бұл шөптің бір түгі 500 теңге көлемінде сатылған болатын. Байқағандарыңыздай шөптің бағасы ауданымызда екі есеге өсіп кеткен.
Енді мәселенің мән-жайына тоқталсақ. Биыл Шымкенттің кейбір аудандарында шөп шықпай құрғақшылық болса керек. Ондағы ағайындар қымбат екен демей, аудан шаруаларының айтқан бағасына келісіп, шөпті «Камаз-камаз» етіп тиеп алып кетіп жатыр. Саудагерлер аудан аумағында өскен мал азығын тек Шымкентке ғана емес, Тараз, Қаратау, Қордай ауданы тіпті, Алматыға да тасып әкетуде.
Бұл түсінікті жағдай. Мәселен, Меркі ауданының Кеңес ауылы жыл сайын жоңышқадан да, егіннен де мол түсім алатын. Олар: «Биыл көктем суық болды ма, дақылдардың шығымы нашар» дейді. Сондықтан шаруасын күйттеген ауыл азаматтары жалқаулықты қойып, әлі де болса арық-атыз жағасында жайқалып өсіп тұрған шөпті қолшалғымен шапса да қысқа жетерлік азық дайындағаны жөн болар.
Ж.Базылбеков.