Шығармалары әлемдік өркениет пен мәдениеттің биік шыңы

701 Views

Ортағасырлық ислам ре­нес­­сансының Еуропа ғы­лы­мына жасаған ықпалы еуро­палық ренессанс дәуірінің бас­талуына алып келіп, әсіресе жаратылыстану ғылымдары­ның дамуына жасаған әсері еуропалық өркендеу дәуіріне жол ашты. Орта ғасыр ислам философтары Аристотельмен Платон трактаттарын араб тіліне аударып, шығыс пери­па­тетизмінің негізін қалады. Шығыс философиясындағы пе­рипатетизмінің негізін қалау­шы – Әбу Насыр әл-Фараби. Ол Аристотель мен Платон­ның еңбектеріне сүйеніп, олардың іліміне түсінік бере оты­рып, өзінің философия ілі­мін қалыптастырған. Шығыс ойшылдары ибн Сина, ибн Рушд, тағы басқа шығыс перипатетиктері­нің түсіндірмелері арқылы ежелгі грек философтарының еңбектерімен танысып, иге­ре бастады. Испандық пери­па­тетизм өкілдерін араб тілі­нен латын тіліне аударды. Бұл аударма қолжазбалар бү­кіл Еуропаға тарады. Кейін­гі ұрпақ естен шыға баста­ған эллиндердің рухани мәде­ние­тімен еркін ойлауға, өмір­­ге деген сүйіспеншілік көз­­қарастар негізінде тәрбие­ленді. Осы кітаптардан бастап ортағасырлық Еуропада ре­нес­санс ұғымы дүниеге келді.
Ұлы түркі ғұламасы «Қайырымды қала», «Азаматтық саясат», «Саясат философиясы» деп аталатын шығармалары­мен өркениет философиясы­ның алғашқы зерттеушісі және заманауи саяси ғылымның ірге­тасын қалыптастырған ой­шылдардың бірі әрі бірегейі. Ислам өркениетінің алтын дәуірінің бастауында тұрған түріктің ұлы ойшыл- фило­со­фы теологиядан метафизика­ға, онтологиядан логикаға, эти­ка­дан саясат философиясына, физикадан астраномияға, психологиядан музыка тео­рия­сына дейінгі салаларда еңбек жазып, өзінің терең фи­лософиялық білімімен антика ой-дүниесінің ортағасырларға және бүгінгі заманға дейін же­туіне дәнекер болды.
Әл-Фарабидің ойлау жүйесі эклектикалық (әртүрлі қарама- қарсы пікірлерді механикалық түрде косу) сипатқа ие. Ол бір жағынан өзі қатаң ұстанған Аристотель философиясының Пла­тонның көзқарастары­мен ор­тақтастығын дәлелдеді, екін­ші жағынан сол дәуірдің философиясының басты не­гізгі теистік эллинизм фи­ло­со­фиясының іргелі сауалдарын қайтадан ой елегінен өткізуге ұмтылыс жасады. Осылайша ислам дініндегі абсолютті Таухид ұста­нымына негізделген жаңа ойлау жүйесін қалыптастыру­ды қалады.
Біздің заманымыздан мың­даған жылдар бұрын Орталық Азиядан Бағдат, Халел, Шам және Мысыр сияқты сол кезеңде ислам мәдениетінің астанасы болып саналған қалаларға ба­рып, әлемдік философияны те­рең танып- білуге және түсі­ну­ге тырысқан ойшыл-философ өз ой жүйесін құрған кезде алдымен байырғы гректерден Римге, ол жерден христиан схоластизміне өткен Тривиум-Квадривиум деп танылған білімдер классификациясы­ның орнына ислам білімі кіретін жа­ңа бір білімдер классифика­циясын жасап, классикалық жүйені толығымен өзгертеді және алғаш рет өркениет фило­софиясын өзінің жасаған ілімдері аясында белгілі бір орынға шығарады. Философ өмір­ден өткеннен кейін де оның есімі өзі тәрбиелеген көпте­ген шәкірттері мен философия, теология, логика, музыка, этика, мемлекет, саясат философиясы, өркениет идеясы аясында жа­зылған еңбектері арқылы ас­қақ­тай түсті. Кейін Бағдаттағы ізбасарлары жалғастырған Фарабидің логика туралы ең­бектері Ислам Ренессансы деп аталатын кезеңде, яғни хижра күн­тізбесі бойынша IV ғасырда өмір сүрген ойшылдар, өнер адамдары мен жазушылар сүйенген негізгі қайнар көзге ай­налды.
Әл-Фарабидің логика ілімі­нің жүйесі — XVII ғасырда құ­рыл­ған және заманауи ғылым мен ойдың негізгі фактор­ла­ры­ның ішінде орын алған мето­до­логияның да негізгі іргетас­тарының бірі. Басқа қырынан қарағанда, сөйлеу мәнері неме­се мистицизмі басым болған соңғы кезеңдегі ислам логика дәстүрінің шығармалары да әл-Фараби философиясының жалғасы ретінде танылды. Оның батыс әлеміндегі ықпалы ислам әлеміндегідей, яғни өте жоғары деңгейде болған, үлкен көлем­ді қамтып, белгілі бір дәрежеде күні бүгінге дейін сақталып келгендігін айтуға болады. Ал пікірлері яһудилердің діни философиясының өкілі ибн Маймун арқылы яһуди фило­со­фиясына, Ұлы Альберт жә­не оның шәкірті Фома Акфинский арқылы латын әле­міне тарады. Ислам ілімі мен философиясына қызығушы­лық танытқан көптеген христиан аудармашылары да әл-Фараби еңбектерін тура арабшадан немесе көне яһуди тіліне ауда­рылған нұсқаларынан латын тіліне аударған. Үш жүз жылға жуық жасалған аудармалар нәтижесінде батыс әлемін схолас­тика ұйқысынан оятып, Ренессанс қозғалысының бас­талғанын көптеген зерттеуші ғалымдар айтып өткен.
Әл-Фараби философиясы­ның ықпалы XVIII ғасырға дейін азайса да, жалғасын тап­ты. Оның әсіресе, мемлекет, саясат, өркениет философия­сымен байланысты шығар­ма­лары Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында фашизмге қарсы шыққан яһуди аудармашы­ларын қайтадан шабыттан­дырды. Олардың арасында неоконсерватизм ойшылдары ішінен Лео Штраусты айтуға болады. Арада мың жылдан аса уакыт өткеннен кейін Лео Штраус Әл-Фарабидің, Платонның «Мемлекет ту­ралы» шығармасына жаз­ған түсіндірмесіне марги­на­­­лий жазды. Осылайша, ор­­та­ға­сырларда өте белгілі бол­ған түсіндірме жазу дәстүрін қай­тадан жандандыру ар­қылы әл-Фарабидің қазіргі заман­да­ғы комментаторына айналды.
Әл-Фараби — тек кана өз дәуіріндегі түркі және ислам дүниесіне ғана емес, әр дәуір­лер­де шығыстан батысқа дейінгі әлемнің ұлы философы. Ол үлкен өркениет мұраларының ошағы Орталық Азияда туып-өскен түркі ұлы Ескендір дәуірінен бастау алған Жібек жолы керуенімен алыс сапарға аттанып, адамзат мәдениетінің алтын бесігі — Месопотамия, Тигр мен Ефрат өзендерінің аралығы, одан Мысырға жетіп, әмбебап өркениеттің мәдени жауһарларымен танысты.
Өркениет сөзінің түбірі мен шығу тарихы әл-Фараби­дің өркениет философы болғандығын дәлелдейді. Сондықтан да оны 127 мем­лекет қатысқан адамзат пен өркениеттер альянсы жобасы­ның алғашқы көшбасшысы және негізін салушы ретінде дәріптейміз. Шын мәнінде, ол — барлық еңбектерінде, соның ішінде жоғарыда аталған үш шығармасында адамзат өркениетіне ортақ ойдың іргетасын қалыптастыруға ұм­тылыс жасаған бірегей фи­лософ. Әрине, әл- Фараби өмір сүр­ген дәуірде өркениет термині дәл бүгінгідей мағынасында қолданылмаған. Қазіргі таңда да дәл анықтамасы берілмесе де, адамзат баласының жоғар­ғы деңгейдегі белсенділігінің негізі деп қолданып жүрген өр­кениет терминінің аясына кіретін сауалдардың барлығын ұлы ұстаздың тыңғылықты зер­делегенін еңбектерінен анық көреміз.
Этика Фараби мұрасының ішінде үлкен орын алады. Этиканы ол алдымен жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Сондықтан оның этика жөнінде жақсылық, мейірбан­дык категориясы басты орын алады. Жақсылық мазмұн-мағы­наның бір бөлігі, ол материя­ның өзінде бітіп қайнап жатыр.
Ал жамандық жақсылық сияқты емес, ол болмыс жоқ жер­ден пайда болған дейді. Ұлы ғалымның осынау этикалық ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі. Ол адам баласы жа­ра­тылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы, сон­дықтан да оны құрметтеу әрі қас­терлеу керек деп түсінеді. Бі­рақ жамандықты жақсы­лық жеңгенде ғана адам баласы ізгі мұратына жетеді деп карайды Фараби. Бұл салада жасаған қорытындыларының басты түйіні — білім, мейірбандык, сұ­лулық үшеуінің бірлігінде. Фарабидің гуманистік идея­ла­ры әлемге кең тараған. Ол ақыл мен ой білімінің биік мә­нін ха­лық­тар арасындағы туыс­қандық, достастықтың прин­цип­терін қозғады, адамгерші­лік мораль мәселесін діни тұр­ғыдан берілетін негіздеу еке­нін көрсетті.
Фарабидің халықтар дос­тығын насихаттауда, мәдениет­ті, ғылымды жасауда барлық адам бірдей екенін уағыздаған гуманистік идеялары оның өз заманындағы Шығыс елдерінің, әрі дүниежүзі халықтарының көкейкесті проблемаларымен үндесіп жатады. Сондықтан да оның энциклопедиялық мол мұрасы біздің қазіргі XXI ға­сырдың басындағы әлеуметтік өмір мен мәдениеттің ішіне кірігіп, ұласып кетеді. Әсіресе, «Бақытқа жету жолында барлық халық бір-біріне көмектесе­тін болса, жер беті түгелімен берекеге толады» деген сөзі тап бүгін де өте мәнді.
Оның медициналық-философиялық идеялары тек соңғы кезде ғана ғалымдардың зерттеу объектісіне айналды. «Адам денесінің органдары жайлы Аристотельмен келіс­пеуіне байланысты Галенге қарсылық» атты трактаттары орыс тіліне аударылып, басыл­ғаннан бері зерттеле бастады. Медицина саласындағы трак­таттары ғылымның жара­ты­лыстану, философиялық идея­лары және грек заманындағы классикалық ғылымның же­тіс­тіктерімен тығыз бай­ла­ныс­ты екенін көрсетіп қана қоймайды, сонымен бірге, оның ғылыми тұрғыдан дұрыс та деректі білімнің таза­лығы үшін күрескендігін дәлел­дей­ді. Білімнің ұлан-асыр энцикло­педиялық сипатта еке­нін, әр ғылымның күрделі проб­лема­ларын аналитикалык жолмен шешетіндігін айқын аңғар­та­ды. Ол жаратылыстануды теориялық білім деп қарайды. Ал медицинаны практикалық өнердің әлдеқандай бір түріне жатқызады. Оның айтуынша, жаратылыстану әрбір табиғи заттың мазмұн-мағынасын тү­сіндіріп беруге қызмет етеді.
Әл-Фараби Аристотель мен Платонның, әл-Киндидің ізін қуып, философия мен ғы­лымның барлық салалары бойынша үлкен жетістіктерге жетті. Оның рухани әлемі, ин­тел­лектуалды деңгейі өз заман­дастарын таңғалдырды. Ол өз заманындағы өнер-білімнің ең асылын таңдап алып, өз дәуірі­нің шынайы энциклопедиясын жа­сап берді. Оның терең мағы­на­лы пікір айтпаған, зер салма­ған, ғылыми болжам жасама­ған бірде-бір ғылым саласы жоқ десек, артық айтқандық емес. Түйіндеп айтқанда, ұлы өркениет философы Әбу Насыр әл-Фарабидің рухани әлемі – адамзат өркениеті мен мәде­ниетінің биік шыңы.

Қадиша ОРАЗОВА,
Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі.
Көгершін ауылы.

Поделиться ссылкой: