Келесі жылы тендерлерге жауапсыз мердігерлер қатыстырылмайды

682 Views

Мемлекет басшысы мектептердің құрылыс жұмыстарының сапасы мен олардың білім беруінің тиімділігіне ерекше назар аударуды тапсырған бола­тын. Сонымен қатар мектептегі санитарлық тораптардың ішке кіргізілу қажеттілігі туралы да қадап айтқан еді. Ол жұмыстардың дәйекті уақыты да, орындалу мезгілі де нақты көрсетілген болатын. Облыста бұл бағыттағы жұмыстар көңіл көншітерлік күйде емес. Облыс әкімі аппараттық жиындарда бұл мәселені үнемі назарда ұстап келеді. Соған қарамастан, аудандардағы жұмыстар баяу жүруде.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Т.Рысқұлов ауданына арнайы барып, ондағы мемлекеттік бағдарламалар аясында қолға алынып, күрделі жөн­деуден өтіп жатқан білім ошақтарының жай-күйімен танысты. Бүгінде аудан бойынша 38 мектеп бар. Оның 20-сында балалар дәстүрлі білім алып жатса, 18-інде қашықтан білім берілуде. 324 кезекші сынып ашылған. Облыс әкімі алдымен Ә.Бөкейханов атындағы орта мектепке барып, ондағы құрылыстың сапасы мен орындалу мерзіміне баса назар аударды. 1960 жылы пайдалануға берілген мектеп 2003 жылдан бері жөндеу көрмеген. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 348 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткізілуде. Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер компания «ЦентрСнабСервис» ЖШС.
– Көп жылдар бойы құрылыс­шылардың қолы тимеген мектептің жаңа кейпі көңілімізге қуаныш ұялатады. Мердігер компания директоры Қуаныш Айтбайұлы жұмыстың сапалы жүргізілуін жіті қадағалап отыр. Мәселен, мектеп сыртын сайдингпен қаптау, 12 қоймаға 24 терезе салып жөндеу, мектептің артқы алаңшасына жүргіншілер жолын, асханаға су жүргізу секілді жұмыстарды құрылыс жобасынан тыс өз қаражатынан жасап берді.
Сонымен қатар кіре беріс фойенің безендіру жұмыстарына бір миллион теңге ақшалай қаржы жұмсады. Енді пандусты да демеушілік жасап, жөндеп беруге уәделестік. Биыл мектепте 1628 оқушы оқыса, оған 198 ұстаз қашықтан білім беруде. Бастауыш сыныптар кезекші сыныптарда оқып жатыр, – деді мектеп директоры Нұргүл Төленқызы білім ошағының жағдайын баяндап.
Осы орайда облыс әкімі: «Қашықтан білім алып жатқан оқушылардың жағдайын зерделеп көрдіңіздер ма, олардың компьютермен, басқа да қажетті құралдармен қамтамасыз етілуі қалай? Оқушылардың үйіне барып, қай оқушы қандай жағдайда оқып жатыр, тексерген мұғалім бар ма?» – деген сауалына мектеп директоры 255 планшет, ноутбук таратылып берілгенін айтты. Дегенмен, балалардың үйіне барып, жағдайын тексерген ұстаз жоқ екенін мойындады.
Мердігер компания директоры Қуаныш Айтбайұлы санитарлық тораптар, асхана, спорт зал, оқу каби­неттерінің құрылысымен таныстырды. Бұл мектептің құрылысының шынында сапалы жүргізілгені көрініп-ақ тұр. Алматы қаласынан әкелінген ақ түсті, қазақи оюлары бар есіктердің өзі оқушылардың патриоттық рухын көтерері анық.
Бүгінде Т.Рысқұлов ауданы бойын­ша мемлекеттік бағдарламалар аясында 8 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, оларға 128 дана 30 күндік жады бар бейнекамераларға тапсырыс берілген. Аймақ басшысы камералардың біреуін болса да аудандық полиция бөлімінен бақылау мүмкіндігін тудыру қажеттігін айтып өтті. Ә.Бөкейханов атындағы мектеп 29 қыркүйекте пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда құрылысы аяқталып, ішкі безендіру жұмыстары жүргізілуде. Мектепте 1628 бала оқиды десек, оның 223-і бастауыш сынып оқушылары. Жөндеу жұмыстары олардың мектепке келуіне кедергі болып отырған жоқ.
Мұнда Ш.Уәлиханов атындағы мектептің балалары да уақытша білім алуда. Кезекші сыныптармен барлығы 136 оқушы қамтылған.
Ал Ш.Уәлиханов атындағы мек­тептің өзінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ондағы жұмыстың 80 пайыздан астамы аяқталған. Мердігер «Бірлік сервис компани» ЖШС нысанды қазан айының басында тапсыруға уәде беріп отыр.
Осы мердігер № 1 мектеп-лицейдегі де күрделі жөндеумен айналысуда. Әзірге кезекші сыныптар жақын орналасқан балабақша ғимаратында жұмыс істеуге мәжбүр.
– Мұғалімдер ата-аналар келісім бермегендіктен кезекші сыныптар аз дейді. Бірақ бұл одан деп ойламаймын. Мектептер балаларды қабылдауға дайын емес. Директор мен аудан әкімі құрылысты тиісінше қадағалай алмаған. Мердігерлер бірнеше жобаларды жеңіп алады да, үлгере алмай жатады. Бұған жауапты адамдар жазасыз қалмайды.
Осы жағдайдың барлығы талданады және келесі жылы жосықсыз мерді­герлер тендерлерге жіберілмейді. Келісім­шарттарға қол қойылған кезде барлық мердігерлер нысандарды бел­гіленген мерзімде тапсыруға үлгереміз деп уәде берді. Сіздер мектепті жөндеу – бұл өте жауапты іс, кемшілікке жол беруге болмайтын маңызды шаруа екенін түсінулеріңіз керек еді, – деді облыс әкімі.
Ол мектеп директорларына дәстүрлі түрде оқитын балалардың санын көбейтуді тапсырды.
– Әр мектепте барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, 300-400 бала оқи алады. Мұғалімдер әр оқушымен мақсатты түрде жұмыс істеуі керек, ата-аналармен сөйлесіп, оларға осылай дұрыс болатынын түсіндіру керек. Ауылдар туралы айтпағанның өзінде, тіпті аудан орталығында интернеттің жұмысы нашар, барлығына бірдей компьютерлер жетіспейді. Балаларды қалай қашықтан оқытатыны маған түсініксіз, – деді Бердібек Сапарбаев.
Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергеноваға мек­теп ғимараттарын безендірудің бірыңғай үлгісін жасау тапсырылды. Облыс әкімі қабырғаларды әдемі, мазмұнды суреттермен, танымал тұл­ғалардың даналық сөздерімен, мотивациялық фразалармен, қызықты тарихи фактілермен әрлеуді ұсынды.
Келесі кезекте өңір басшысы №1 мектеп-лицейінің жағдайымен танысты. Кіре берістен-ақ облыс басшысы мектептің сыртқы келбеті көз тартпайтынын айтты. Қоңыр қызыл түсті мектепті «Бірлік сервис компани» ЖШС 215,2 миллион теңгеге мемлекеттік сатып алу кон­кур­сынан ұтып алған, төртінші қыркүйекте пайдалануға берілуі тиіс мектептің әлі күнге дейін 60 пайыз жұмысы бітпеген. Аталған компания осы мектеп жанындағы Шоқан Уәли­ханов атындағы мектептің де құрылыс жұмыстарын жеңіп алған екен. Екеуінің де бір ай мерзімге жұмыстары кешігуде. Мектептердегі санитарлық тораптарды қосалқы құрылыс жүргізуі арқылы шешу жоспарланған екен. Бірақ оның да құрылысы жақын арада бітеді деп айту қиындық тудырады. Облыс әкімі мердігер компанияға қатаң ескерту жасап, кешіктірілген әрбір күні үшін айыппұл салуды тапсырды. Қосымша жұмыс күшін қарастырып, құрылысты екі ауысымда жүргізіп, тездетіп аяқтауды міндеттеді.
Бердібек Машбекұлы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің жай-күйімен де танысты. Бұл бі­лім ордасындағы күрделі жөндеу жұ­мыстарын «Қаратау құрылыс – 2030» ЖШС жүргізген. Құрылыс жұмыстары кештеу болса да толықтай аяқталған екен. Мердігер Даулет Кеңесбекұлы 1970 жылдан бері жөнделмеген мектептің жаңа кейпімен таныстырды. Оқу орнында 24 кабинет, 90 орындық мәжіліс залы, спорт залы мен 17 әжетханасы толықтай біткен. Сапалы, ерекше талғаммен жүргізілген білім ордасына шәкірттер риза болары анық. Мектеп директоры Мұратжан Мейманханов 711 оқушының ішін­де облыстық, республикалық және Халықаралық байқаулардың жеңім­паздары бар екенін атап өтіп, мектеп ұстазы Скребец Светлананың респуб­ликада «Үздік педагог» атанғанын, «Мың бала» республикалық бай­қауынан жеті оқушы жоғары нәтиже көрсетіп, Назарбаев зияткерлік мек­тебіне жолдама алғанын, өзінің «Үздік мектеп директоры» атауына ие болғанын ерекше көңілмен баяндады.
Одан соң облыс әкімі осы мек­тептің мәжіліс залында Т.Рысқұлов ауда­нындағы сапарын қорытындылап, жиын өткізді.
Кездесуде ол қашықтан оқыту, мер­дігерлердің жауапсыздығы және аудан әкімдігінің нашар ұйымдастырушылық жұмысына қатысты ескертулер ай­тылды.
– Мемлекет басшысының мек­тептерді дәретханамен және бейне­камералармен жабдықтау туралы тап­сырмасы 1 қыркүйекке дейін орын­далуы тиіс еді. Бірақ бұл мәселеде кем­шіліктер де бар, – деді Бердібек Сапарбаев.
Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұловтың айтуынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 26 мектепте дәретхана жабдықталған. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқан үш мектепте дәретханалар мердігерлер есебінен орнатылуда. Қалған мектептерде санитарлық тораптармен толығымен қамтылған.
Барлық мектептерде бейнекамералар орнатылған. Сонымен қатар қосымша тағы 128 камера сатып алынбақ. Бердібек Сапарбаев тәртіп сақшылары білім беру мекемелерінде болып жатқан оқиғаларды онлайн режімінде қадағалай алатындай етіп мектепішілік бейнебақылау жүйесін аудандық полиция бөлімімен байланыстыру бойынша тапсырма жүктеді.
Актив жиынында облыс әкімі пайдаланылмаған ауыл шаруашылық жерлерін қайтару мәселесін де көтеріп, осы бағыттағы жұмыстарды күшейту керектігін тапсырды.
– Жер оларға мұрагерлікпен беріл­меген. Егер пайдаланбаса, олар­ды қайтарып берсін. Сондай-ақ, мен шаруалардан пайдалы ауыл ша­руа­шылығы дақылдарына басымдық беруді сұраймын. Мысалы, соя, рапс, майлы дақылдарға көбірек назар аударған дұрыс, – деді облыс әкімі.
Тағы бір маңызды мәселе – бюджет қаражатын игеру. Биыл Т.Рысқұлов ауданында 89 жобаны іске асыруға 5,9 миллиард теңге бөлінген десек, Бердібек Сапарбаев жыл соңына дейін барлық ақшаны тиімді әрі уақтылы игеруді тапсырды.
Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы тапсырылған істерді, жоспар­ланған жұмыстарды дер кезінде сапалы аяқтап, қаржыны толық игеруді, халықты жұмыспен қамтуды ерекше тапсырды.

Ләззат ҚҰРАЛБАЕВА.
Мақала облыстық «Ақ жол» газетінен алынды.

Поделиться ссылкой: