“Өнім мол. Оны қайда сақтаймыз?”
Биыл көкдөнендіктердің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Үй іргесіндегі телімді жерді игеру» туралы Үндеуін орындауға ерте көктемнен-ақ білек сыбана кіріскені байқалады. Округ Төлеген Атабаевтың айтуына қарағанда, ауыл халқы тек картоптың (көктүйнектің) өзін 60 гектар алқапқа еккен екен. Мәселен, Көкдөнен ауылындағы екі қожалық жиырма гектар жерге осы техникалық дақылды отырғызыпты. Біз ауыл әкімімен бірге «Бақдәулет» шаруа қожалығының бақшалығына келдік.
Жиын-терін басталып, жұрт жаппай көктүйнек терімінде жүр екен. Картоп қазатын комбайн жаңа әлгінде ғана танаптан шығып «Абдулла» қожалығының плантациясына бет түзеп бара жатқан. Екі қожалыққа бір комбайн болған соң жұмыс та өнімді. — Картоп қазуды жаңа бастадық. Алажаздай бес адам оған күтім жасады. Сушы әрі қорықшы Мұрат Хайдаровтың, ұлым Мансұрдың еңбегі зор. Ал, жиын-терін басталғалы Айдана Орманалиева мен Айжамал Нарманбетовалар өзге жастарға ұйытқы болып, еңбек көрігін қыздыра түсуде. Маусымдық жұмыста барлығы он екі қыз-келіншек жүр. Олар да табыссыз емес, істеген жұмысына қарай күн сайын үш мың теңге төлемақы алады,-дейді бригадир Тайыр Әбдірахманов.
Осы тұста әңгімемізге қожалық жетекшісі Бекзат Сәрсебаевтың өзі араласып: — Биыл түсім де жаман емес. Осыған дейін төрт жыл қатарымен қант қызылшасын ектім. Былтыр күзде аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қалыбаев келіп: «Ауыл халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан картоп, қызанақ, қияр, қауын-қарбыз сияқты көкөністерді көбірек егуіміз керек. Бұл да жоғарғы жақтың тапсырмасы деп бізге міндет жүктеп кетті. Біз биылғы болжалды өнімді шамамен есептеп көрдік. Алты гектар алқаптан 18 тонна картоп жиналатын түрі бар. Егер оны қоймаға сақтап сататын болсақ, шығынымызды да жауып, пайдаға да қол жеткізетін едік. Амал қанша? Ауылымызда бұрынғы колхоздан қалған сыйымдылығы 300 тоннадан асатын ескі көкөніс қоймасы бар. Егер осы қойманы қайта қалпына келтіріп, жөндетуге бізге 7 миллион теңгеге жетеқабыл қаржылай несие берілсе, онда біз ғана емес, «Абдулла» қожалығы да өз өнімдерін сонда сақтай алар еді. Ал, жаңа көкөніс қоймасын салуға 30 миллион теңгедей қаржы жұмсалады екен. Бұл бірінші проблемамыз, ал, екінші проблема алынған өнімді тұтынушыға тездетіп өткізу. Өйткені, оны сақтайтын орнымыз жоқ,- дейді ол.
Иә, шаруаны қинап тұрған мәселе де осы екеніне Бекзатпен танап басында тұрып анық көз жеткіздік. Қожалыққа тапсырманы берген Е.Қалыбаев та, оның ауыл шаруашылығы бөліміндегі мамандары да содан бері төбе көрсетпей кеткен. Әлде ауданда маркетингілік қызмет жоқ па? Бекзат Сәрсебаев та, Сайлау Ілиясов та өз өнімдерін сатуға алымсақ таппай отыр. Иә, «СПК-Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы өнімді алуға сұраныс білдірді. Бірақ, олар картоптың бір келісіне 60 теңге ғана бергісі бар. Осы тұқымдық картопты кезінде қожалыққа 150 теңгеден сатқан Алматы облысының Қарасай ауданындағы «Қайнар» ғылыми зерттеу институты да картоп алуға сұраныс білдірді. Олар да өздері будан етіп шығарған картоптың әр келісіне 70 теңге баға ұсынады. Иә, көкдөнендік кәсіпкер осы институттың профессоры, академик Виктор Сұлтанұлы Әбілдаевқа шын ризашылығын білдіреді, бірақ неге олар өздері шығарған өнімге төмен баға береді? Сонда барлық шығынды қожалық көтеруі тиіс пе? Сондықтан кәсіпкер картоптың әр келісіне кім 80 теңге баға берсе соған сатпақшы. Ал, әзірге картопты ауыл мен аудан тұрғындары там-тұмдап сатып алып жатыр.
«Бақдәулет» шаруа қожалығы өз иелігіндегі 40 гектар суармалы алқаптың 14 гектарын игеріп отыр. Өйткені, Көкдөнен каналымен келетін судың мөлшері 15 литр ғана. Дегенмен, бес гектар танапқа орналастырылған дәнге арналған жүгерінің «Будан» деп аталатын сорты да мол өнім бергелі тұр. Б.Сәрсебаев оны да Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданынан бірінші репродукциялы болған соң сатып әкелген. Қожалық қызанағын, қауын-қарбызын жинап алып, Құландағы орталық базарға апарып сатып та қойды. Енді картобын қазып алған соң жүгері дүмбілін дәнге бастырып, сәбізді қазуға кіріседі. Шаруагер енді «Күздің жауын-шашыны басталып кетпесе екен?» деп қобалжып отыр. Өйткені, барлық мәселе өндірілген өнімді сақтайтын қоймаға келіп тіреліп тұр. «Осы мәселені аудан басшылары шешіп берсе көкөніс шаруашылығын дамытуға барлық күш-жігерімді аямай жұмсар едім» дейді Б.Сәрсебаев.
Иә, ауданымызда көкөніс өсірумен айналысатындар саусақпен санарлықтай-ақ. Олай болса тапсырма беруді білген басшылар неге қожалықтың бүгінгі таңдағы қордаланып қалған мәселелерін шешіп бермейді? Әлде оған олардың қауқары жоқ па? Осы сұрақты біз аудан әкіміне, оның осы салаға басшылық жасап отырған орынбасары Қалыбаев мырзаға қойғымыз келіп отыр.
Редакциядан: Бұрын басшылар газет көтерген әр мәселеге ыждаһаттылықпен қарап, оған кешіктірмей жауап беретін. Осы тәртіпті аудан әкімі мен оның орынбасарлары, бөлім басшылары, ауыл әкімдері ескерсе дейміз. Пандемия салдарынан Африкада 265 миллион адам аштыққа ұшырауы мүмкін деген болжам айтады ғалымдар. Бұл мәлімдеме БҰҰ-ның мінбесінен айтылды. Өйткені, Африка мен басқа да дамымаған өңірлердегі ауыл шаруашылығы мен тамақтану жүйесінің нашарлығы, қазіргі елдегі індетке кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы мәселеге әлемдік деңгейде биік мінбеден мән беруі тегін емес. Біз Африка сияқты дамымай қалған ел емеспіз, сондықтан шаруа қожалықтары жетекшілерінің жанайқайына дер кезінде құлақ асуымыз керек. Өйткені, бүгінгі таңда азық-түлік бағдарламасын шешу отбасы мен ошақ қасының проблемасы емес, әлемдік деңгейдегі проблемаға айналғанын жете түсінгеніміз жөн.
С.Қожеке.