Дәстүрлі оқыту-сапалы білім негізі

530 Views

Өздеріңіз білетіндей биыл білім беру онлайн және дәстүрлі түрде жүріп жатыр. Бұл — мемлекеттің індетті өршітіп алмауға қатысты қабылдаған маңызды қадамдарының бірі.
Жалпы Жамбыл облысында 442 жалпы орта білім беру мекемесі бар десек, бүгінгі таңда оның 42-сіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, аймақтағы 285 білім ошағының санитарлық тораптарын ғимарат ішіне кіргізу жұмыстары жыл басынан бері жоспарланып, бұл шаруаның басым көпшілігі өз межесіне жеткен. Аталмыш жұмыстар ауданымызда да қарқынды түрде іске асырылды. Осы күнге дейін ауданның 8 бірдей мектебіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, көптеген білім ордалары санитарлық тораптармен қамтылды.
Аудан мектептері бүгінде облыс басшыларының тапсырмасына сәйкес, онлайн және дәстүрлі түрде білім беріп жатыр. Дәл бүгінгі күндегі көріністі баяндайтын болсақ, аудандық 22 білім беру мекемесінде 3550 оқушы дәстүрлі түрде білім алса, қашықтықтан оқитын 16 мектептің кезекші сыныптарында 4380 оқушы оқып жатыр. Олар қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып білім алуда. Ол үшін жергілікті бюджет есебінен білім бөліміне қарасты 38 мектепке 67 тепловизор, 8 санитайзер, 76 диохлорид үлестірілген. Сондай-ақ, білім мекемелері дезинфекциялық және жуғыш заттармен, антисептиктермен қамтамасыз етілген.
Жуырда біз «Санитарлық талаптардың сақталуы қай деңгейде?» деген сауалды басты назарға алып, аудан орталығында орналасқан Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстық. Нұргүл Шолақова басшылық ететін аталмыш білім ордасы биыл күрделі жөндеуден өткен. Қабырғалары әрленіп, есік-терезелері мен шатыры толығымен ауыстырылған болатын. Шындығын айту керек, орталықта орналасқан мектептің көркі көз тартарлықтай. Тіпті есіктердегі ою-өрнектер адам баласына ерекше әсер сыйлайды. Бұдан мектеп басшысы және ұстаздардың қарым- қабілеттері мен талғамдарының жоғары екендігін анық аңғаруға болады.
Аты аталған мектепте жалпы 1628 оқушы бар. Алғаш кездері 20 кезекші сынып ашылып, 285 бала білім алса, кейіннен 1-4 сыныптар аралығындағы балалар толығымен дәстүрлі түрде оқытылып, қосымша тағы да 727 оқушы сапалы біліммен қамтылған. Бүгінгі таңда оларға бас-аяғы 53 мұғалім сабақ беруде.
Ал, онлайн білім беру арқылы 900 бала оқытылуда. Оның 747-сі 5-9 сынып аралығындағы оқушылар болса, 153-і 10 және 11 сыныптың білім алушылары. Оларға сапалы білім беру мақсатында барлық жағдай жасалуда. Ол үшін оқушыларға 30 планшет, 70 компьютер, 3 ноутбук үлестірілген. Аталмыш мәліметтердің барлығын бізге мектеп директоры Нұргүл Төленқызы баяндап берді. Әңгімелесу барысында мектеп басшысы биылғы оқу жылының оңайға соқпай жатқандығын айтып, өз әріптестерін шыдамды болуға шақырды.
Расымен де биылғы оқу жылы мұғалімдер үшін қиын жағдайда бас­талды. Дегенмен, осы қиындықтарды еліміздегі әрбір сала бастан өткеруде. Сондықтан да біз аудан тұрғындарын бірлікке бекем болып, қара­пайым қағи­да­лар­ды берік ұс­тану­ға шақырамыз.

Жәнібек Сәдуақас.

Поделиться ссылкой: