Зияткер ұлт қалыптастырудың жолы қандай?

859 Views

Ұлт тағдыры – болашақ ұрпақтың қолында. Бұл – ешқашанда өзгермейтін, бұрмалауға келмейтін өмірдің бұлтартпас заңы. Сондықтан да ата-бабаларымыз «бүгінгі ұрпақ келешектің кепілі» деген қағиданы берік ұстанып, ұлт тәрбиесін тасада еш қалдырмаған. Өсіп келе жатқан жеткіншекті әуелі атқа мінгізіп, кейіннен үй шаруасына, елін қорғауға, бәз біреудің ала жібін аттамауға үйретіп, басты назарда ұстап отырған. Ал, қазіргі қоғамның кейбір жастарына көз жүгіртсең, ұялғаныңнан бетіңді басуға мәжбүрсің. Кешқұрым кешкі жаңалықтарды тыңдайын деп үйдегі көк жәшіктің алдына отырсаң, әйтеуір бір жастарға қатысты жағымсыз хабарға амалсыздан ұшыраса кетесің. Бір-бірін соққан жасөспірімдер, шаш жұлысып, кезек-кезек аяқ көтерген қыздарды көріп, жағаңды ұстайтының жасырын емес. «Кейінгі ұрпақтың дәл осындай халге түсуіне кім кінәлі?», «Қателік қай тараптан орын алды?», «Біз оларға жоғарыда атап өткен ата-баба өсиеттерін жеткізе алдық па?», «Жалпы зияткер ұлт қалыптастырудың жолы қандай?» деген сұрақтарды басты назарға алып, мәселенің анық қанығын зерделеп көрдік.
Мәселенің мән-мазмұнын анықтау үшін алысқа барудың еш қажеті жоқ. Тек ауданымызда жасөспірімдердің қатысуымен орын алған оқиғаларға көз жүгіртсеңіз жеткілікті. Мәселен, жыл басынан бері біздің ауданда жасөспірімдер жасаған 3 қылмыс тіркелген. Оның бірі ұрлыққа қатысты болса, қалған екеуі бұзақылық бойынша тіркеуге алынған. Сондай-ақ, ауданда кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың да ерте жүкті болу фактілері де кездеседі. Аудан әкімдігі жанынан құрылған кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның бізге берген мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері 9 жасөспірім қыз жүкті әйелдердің қатарына қосылып, есепке алынған. Олардың ішіндегі ең кішісі — 15 жаста. Дегенмен, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіштер төмендеген. Дәлірек айтар болсақ, өткен жылдың алғашқы 8 айында жеткіншектердің қатысуымен 6 қылмыс жасалса, 12 қыз кәмелетке толмай жатып, жүкті болған. Әрмен қарай қазбалай берсек, сан түрлі статистикалық мәліметтерге жолығып, сең соққан балықтың күйін кешетініміз айдан анық. Ендеше бұл сұмдық көрсеткіштерді тізбектеуді осы жерден доғарғанымыз жөн болар.
Бұл – қоғамның бас қатыратын ең басты мәселесіне айналып барады. Тіпті, жасөспірімдерге қатысты түйткілдерге ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та алаңдаушылық білдіріп отыр. Орын алған қылмысқа қатысты жазаны қанша рет қатаңдатса да, жағдай қалыпқа келер емес. Сондықтан да Мемлекет басшысы халыққа жолдаған Жолдауында осы мәселеге қатысты өз ойын білдірді. «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын» деп ол үшін күнделікті өмірлік ұстанымдарымызды өзгерту қажеттігін алға тартып, қазақ қоғамында жаңа қағидаттар мен бағдарлар салтанат құру керектігін дүйім жұртқа жеткізді. Ол үшін қайтпек керек? Қандай шараларды қолданғанымыз жөн болар? Шынтуайтына келгенде әрқайсымыздың санамызда дәл осындай сауалдар жауабын күтіп кезекте тұрғаны белгілі.
Бұл сұрақтарға Президент Жолдауын парақтай отырып, жауап табуға болатындай. Қасым-Жомарт Кемелұлы үлгі тұтарлық ұлт болу үшін алдағы уақытта ұрпақ санасына сіңіруді қажет ететін алты қағиданы ұсынды. «Біріншіден, ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет. Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс. Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек. Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет. Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз» деп ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгетінін, жауапсыздық пен немқұрайдылық бүкіл елді қасіретке ұшырататынын, ал, бос сөзділік пен бөспелік әрі мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейтін басты фактор екенін нақты атап өтті.
Тоқсан сөздің тобықтай түйіні:
Расымен де әлемге үлгі боларлық ұлт тәрбиелеу үшін бұл қағидалар аса маңызды. Сондықтанда біз еңбек етуден жалтарып, патерналистік пиғылды ұстанатын, мемлекетке қол жаятын, біреудің ала жібін аттауға арланбайтын ұрпақтан осы шарттарды ұстану арқылы арылуымыз қажет секілді. Ол үшін бірлігі бекем ел болғанымыз абзал. Сонда ғана біз еңбек деген ұлы ұғымды еліміздің әрбір азаматының санасына сіңіріп, зияткер ұлт тәрбиелеп, адами капиталы дамыған ұрпақты қалыптастыра аламыз.
Біз бұл тақырыпты шама-шарқымыз жеткенше талдап көрдік. Маңызды сұрақтарды басты назарға алып, толыққанды жауап іздеуге де тырыстық. Дегенмен, ойы орамды оқырман бұл тақырыпқа қатысты сіз не дейсіз? Айтар ойыңыз болса, оқып немесе тыңдап көруге әзірміз.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: