Қарт ананы құттықтады
34 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» деп аталатын бағдарлама бойынша Жамбыл облысына мемлекеттен бұрын соңды болмаған 1320 жобаларды игеруге 130 миллиард теңге қаржы бөлінді.
Өткен аптада Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Тулебаев және «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Назима Жұвандықовамен бірге Тұрар Рысқұлов ауданына арнайы іссапармен барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысып қайттық. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев, департамент басшысы Әділхан Әшірбаев және аудан әкімі Ерболат Садырқұловтардың қатысуымен «Сервистік әкімдік» жұмысымен танысып, аудан активінің жиналысына қатыстық. Бұл туралы БАҚ өкілдері жария етті. Ал, мен ауданда атқарылып жатқан қыруар жұмыстар туралы және ұзақ жылдардан бері шешілмей келе жатқан күрделі мәселелердің бүгінде шешімін тапқанын халыққа жеткізгім келеді. Әсіресе, тұрғындар, қоғам өкілдері, журналистер мен блогерлер жағынан сынға ұшырап жүрген біршама өзекті проблемалар шешімін тапқаны көңіл қуантты. Былтырдан бері өзім де осы мәселелердің біразын әлеуметтік желі арқылы көтерген едім, ал бүгін бәрін зерделеп, көзіммен көрген, атқарылған жұмыстар туралы көпшілікке айтқым келеді.
«Өңірлерді дамыту–2020» бағдарламасы аясында аудан әкімінің тыңғылықты жұмысының нәтижесінде биыл ауданның 8 елдімекені- Әбжапар, Жарлысу, Құмарық, Қаракемер, Алғабас, Бәйтелі, Тасшолақ ауылдарында су жүйесі құрылысы және Құлан ауылында су имаратының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Аудан аумағындағы 42 елдімекеннің 26 (61,9%) ауылында ауыз су жүйесі бар (55029 адам немесе 85,3%). Енді 8 ауылда 6415 халық таза ауыз сумен қамтылса, барлығы 61444 адам немесе 89,9% халық таза ауыз суға қолжетімді болады.
Аудан әкімдігінің алдағы жылдарға да ауыз су мәселесін шешуге нақты жоспары бар екен. Мысалы, Р.Сәбденов, Жаңатұрмыс, Ақыртөбе ауылдарына ауыз су жүйесін жүргізуге жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Шөңгер, Мамайқайыңды, Аққайнар, Тойқұдық, Мамыртөбе, Әбілхайыр, Сұмқайты, Сөгеті ауылдарын мембраналық су тазарту құрылғысымен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджет есебінен қаржыландыру қарастырылуда. Ауданда ауыл тұрғындары тарапынан үлкен мәселе ретінде Қайыңды ауылдық округіне қарасты Сөгеті, Мамайқайыңды ауылдарының ауыз су мәселесі айтылып келген. Осыған байланысты облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына мембраналық су тазарту құрылғысын орнату жобасына облыстық бюджеттен 60,0 млн.теңге қаражат бөлу туралы өтінім жолданған. Қаржы мәселесін шешу, өтінімді қолдау мәселесі қаралуда екен.
Тұрғындарды табиғи газбен қамту мәселесі жайында айтатын болсам, ауданда 42 елді мекеннің 24-іне толық газ тартылған, газ кірмеген 18 ауылдың 11-нің (Жаңатұрмыс, Каменка, Қазақ, Жалпақсаз, Тасшолақ Д.Қонаев, Әбілхайыр, Бәйтелі, Қорағаты, Шөңгер, Шолаққайыңды) газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Жаңатұрмыс, Каменка, Қазақ, Жалпақсаз, Тасшолақ, Д.Қонаев, Әбілхайыр, Бәйтелі, Қорағаты ауылдарын 1,56 млрд. теңгеге қаржыландыру республикалық бюджеттен, Шөңгер, Шолаққайыңды ауылдарын 240,1 млн. теңгеге қаржыландыру облыстық бюджеттен күтілуде.
Сонымен қатар даулы мәселе болып келе жатқан 5 елді мекенді (Жаңатұрмыс, Каменка, Қазақ, Жалпақсаз, Тасшолақ) газдандыруға биыл облыстық бюджет есебінен 50 млн. теңге қаражат бөлінген. Осы арада айта кететін жайт, ауданда 7 елді мекен (Мамыртөбе, Аққайнар, Тойқұдық, Сұмқайты, Қосапан ауылдары, Құмарық разъезі, Қорағаты станциясы) халық санының тиісті нормадан (50 адамнан төмен) аз болуына байланысты, экономикалық тұрғыда тиімсіз елді мекендер деп танылған екен.
Газдандырылған 24 елді мекенде түрлі себептермен орталықтандырылған газ торабына қосылмай қалған 406 тұрғын үйдің 359-ын төмендетілген бағамен газ торабына қосу жұмысы жүргізілген. Бүгінде құжаттары толық болмауына байланысты ішінара газға қосылмаған 11 ауылда (Луговой, Құмарық, Қаракемер, Жарлысу, Әбжапар, Өрнек, Құлан, Қарақат, Р.Сәбденов, Еңбекші, Көкарық) 47 үй қалып отыр. «Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасып, бақылауға алынып, толық шешімін табатын болады» деп отыр аудан басшысы.
Тұрар Рысқұлов ауданы аумағында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 91 ауылішілік көшені және 3 аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге 814,9 млн. теңге бөлініп, 68 нысанның жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Қалған жолдарды қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Облыстық мәндегі 3 автокөлік жолдарын жөндеуге 459,1 млн. теңге бөлініп, бұл жұмыстар да аяқталды. Жарықпен қамтамасыз ету туралы Тұрар Рысқұлов ауданында көшелерді жарықпен қамтамасыз ету бойынша 149,5 млн. теңге бөлінген. Аудан елдімекендеріндегі 128 көшенің шамдары жаңа диодты шамдарға ауыстырылыпты.
Білім мекемелерінің күрделі жөндеу жұмыстары мен қосымша құрылысына да биыл ерекше көңіл бөлінгені белгілі. Ауданда білім беруді дамытуға арналған қаржы көзі жылдан-жылға артып келе жатқаны байқалады. Биылдың өзінде бюджеттен бұл мақсатқа жалпы 12 088,0 млн.теңге қаржы бөлінген. Биыл әкімдік тарапынан ауданда білім нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Ауданда 8 мектепті күрделі жөндеуге және 1 мектепке қосымша құрылыс салуға 943,62 млн. теңге бөлініп, жұмыстар толығымен аяқталған. Оның ішінде Қазақ ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектептің мәжіліс залы мен екі пән кабинетінің құрылысы бар. Сол сияқты Құмарық ауылындағы Болтай батыр атындағы шағын орталықты орта мектебі, Көгершін ауылындағы Ақтоған шағын орталықты орта мектебі, Қызыл шаруа ауылындағы №3 шағын орталықты орта мектебі, Р.Сәбденов ауылындағы Ақбұлақ орта мектебі, Каменка ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектебі және Құлан ауылындағы №1 мектеп-лицейі, Ш.Уәлиханов, Ә.Бөкейханов атындағы орта мектептерінің ғимараттары толығымен заманауи үлгіде жаңартылған. Аудандағы Құлан агротехникалық жоғары колледжіндегі оқу корпусы мен асханасының күрделі жөндеу жұмыстарына 481,0 мың теңге бөлініп, жұмыстар қазан айының соңында аяқталады.
Құмарық және Алғабас ауылдарына барып көргенімізде халық «Пилоттық жоба» аясындағы кәсіпкерлікті жандандыру жұмыстарына белсенді қатысып, тұрмыстарын жақсартуда. Өздеріңіз көріп отырғандай, ауданда қыруар жұмыс жүргізілуде. Бастысы бұрынғы проблемалар өз шешімін табуда. Дегенмен, кемшіліктерде жоқ емес. Бірақ олар соншалықты күрделі емес, түзетуге болады.
Еңбектеріңіз жемісті болсын, құрметті құландықтар! «Еңбек бәрін де жеңбек» — демекші, еңбектеріңіздің қызығын көріңіздер! Ең бастысы – дендеріңіз сау болсын. Қасиетті Құлан елі өркендеп, дами берсін!
Төлендиев Қасымхан Естемесұлы,