Көкжөтел дегеніміз не?
43 ViewsЖоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығының зақымдалуымен және ауыр жөтелдің пайда болуымен сипатталатын жедел инфекция көкжөтел деп аталады. Көкжөтел — жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығын…
Аңсауменен жете алмай арманыма,
Ілінгем бе қасірет қармағына.
Кеткім келіп тұрады, өкпем кеуіп,
Өмір — деген өзеннің ар жағына.
* * *
Тоңдырғасын тірліктің мұзы-қары,
Қалмағандай мен үшін қызығары.
Жапырағын жанымның жасын ұрып,
Табанымнан төбеме сыз ұрады…
* * *
Тарылғасын кеудемнің тынысы анық,
Көрінеді аймақтың қыры шаңыт.
Күннен-күнге қисайып бара жатыр,
Арман атты ақ бұлақ бұрыс ағып.
* * *
Шырмағалы кеудемді күдік табы,
Қашан жаным үмітті ұмытқалы!
Аспан ашық, күн жарық, бірақ, бірақ,
Суық бәрі, сүйкімсіз, суық бәрі.
* * *
Жүрегімді қариды мұңым тастай,
Кештеу келген сен — шаттық
шұғыл қашқай.
Балауса едім, балғын едім,
кетер ме екем,
Он екіде әлі бір гүлімді ашпай.
* * *
Көкірегім көк тұман, бұл іс анық,
Түнге айналып күніміз жылыса ағып.
Үсік ұрып, үркектеп, үрей ұшып,
Үмітімнің барады гүлі солып.
* * *
Қиын екен жетуі бақытқа адам,
Бермеді ме мұрша әлде уақыт маған.
Қаңқам кеуіп, сұлбасы сағымданған,
Бұл дүниеге сыймастан кетіп барам.
* * *
Көкірегімнің құлазып арғымағы,
Өзегімді өкініш жандырады.
Қара түнек – қара өлім, құшағыңды аш,
Тұңғиыққа кеп тұрмын қарғығалы…
* * *
Бар дегенге бақыт күн алда небір,
Бос үмітке жүргем бе алдана құр.
Отансыздай опасыз, былш еткіздім,
Былш еткіздім бетіңе, жалған өмір.
Бұл — Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, бүгінде мұқым қазаққа есімі белгілі ақын Қуандық Шолақ ағамыздың дүниеден өтіп кеткен қызы Салтанат Абашеваның «Кеткім келіп тұрады, кеткім келіп…» деген өлеңі.
Осыдан екі жыл бұрын аудандық жастар ресурстық орталығы табиғат тамыршысы атанған сыршыл ақын Қуандық Шолақтың шығармашылығы жайында әдеби-сазды кеш ұйымдастырған болатын. Мақсат – ақынның шығармашылығын жас ұрпаққа дәріптеу. Сонда Қуандық аға ішкі қыжылын білдірді. Салтанат есімді қызының өлең жазғанын айтты. Бірақ әу баста жазуы көңілден шыға қоймағанын да жасырмады. Салтанат Абашеваның дүниеден өтуінде де жұмбақ сыр бар. Біз оны зерттейтін Шерлок Холмс емеспіз әрине. Дегенмен Қуандық ағаның айтуынша, қызы өмірден озғаннан кейін 7-8 өлеңі қол сөмкесі мен чемоданының қалталарынан табылыпты. Ақынмен ара-қатынасымыз жақсы болғандықтан, ол кісі менің қолыма: «Шығармашыл жастың бірісің ғой» деп «Тұсаукесер» деген кітапты ұстатты. Оқыдық. Бұл кітап 2007 жылы Жамбыл облысында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында шығарылған екен. Салтанат ақынның да осы жинаққа екі өлеңі еніпті. Сол өлеңнің бірі осы «Кеткім келіп тұрады, кеткім келіп»…
Данышпан Пифагордың «Өмір ойын сияқты, біреу саудаласу үшін келеді, біреу күресу үшін келеді, ал ең бақыттылары қарап тұру үшін келеді» деген ұлағатты сөзі бар. Ойшылдың артында қалған осынау оймақтай ой санаға оралған сайын көз алдыма 19 жасында бақилық болған талантты ақындарымыздың бірі — Салтанат Абашева елестейді. Сосын қиялдаймын. «Егер ақын тірі болса, қандай шығармалар жазған болар еді» деп…
Айтыскер ақын Арман Бердалиннің «Жоқ іздеп жүрмін» деген термесінде «Қоғамым мынау қарғасын төрде сайратып, Тұлпардан озып бәйгелі болған есегі» деген жолдар бар. Шайыр Салтанаттың поэзиясын оқып шықсаңыз, дәл осы сөздер көкейіңізге келетіні анық. Әрине, ол аз жазды. Бар-жоғы 7-8 өлеңі бар. Бірақ, соның өзі оның шын талант иесі екенін дәлелдеп тұр.
Мына өлеңге зер салыңызшы. 19 жаста мұндай өлең жазу табиғи дарын ғой енді. Салтанат ақынның өлеңдері санаулы екендігін айттық сөз басында. Сондықтан өлеңнің сөлін үзбей, тұтастай жазуды ұйғарып отырмыз.
Қамшы саптай қысқа өмірде қас-қағым,
Тоңдырмашы көңілімнің жас лағын.
Сүйемін деп жүгіргендер көп, бірақ,
Керек емес бір өзіңнен басқаның.
* * *
Құлағыма басқа сөзі кірмейді,
Жанарыңда жанса-дағы нұр мейлі.
Жүрегін ап жүгіргендер жетерлік,
Бірақ бірін көңіл көзге ілмейді.
* * *
Жанымды ұқпас желбуаздар не теңім?!
Ұстамаспын ұстамсыздар етегін.
Сүйе тұра сүйе алмаспын, ұқсаңшы,
Қыздың жаны қырық қатпар екенін.
* * *
Саған көңілім көтерген жоқ бекер күн,
Сөзіме де, ісіме де бекеммін.
Сүй-сүймегін, саған деген сезімді,
Кір шалдырмай ту ғып ұстап өтермін.
* * *
Махаббатқа керек емес кіріспе,
Сені ойласам жатады ылғи мұң іште.
Арман әнін ашық, анық айта алмас,
Қыздың жанын кім түсінер жіңішке.
* * *
Маған серік бола алмайды жаны нас,
Сені күтем, бақытымның басын аш.
Күн шуағы шашымды иіскеп сипаған,
Алақанның табына да татымас.
* * *
Мені ұнатқан бола берсін көп мейлі,
Сүйе алмасам қалай көңілім көктейді?!
Соның бәрі сенің таза пәк,
Адалдығыңа жетпейді.
Мына өлеңнен кейін ештеңе жазудың керегі жоқ меніңше.
Түйін: Қуандық Шолақ – ауданымыздағы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі атанған жалғыз ақын. Меніңше, Салтанат әпкеміздің көзі тірі болғанда ол осы қоғамдық ұйымның тізімінде болатыны сөзсіз еді. Өйткені, Салтанат ақын тума талант. Мұқағали айтпақшы, «сексен жасаса да артына сегіз сөз қалдырмаған» жандар көп қой. Бұл тұрғыдан алғанда Салтанат Абашева өте бақытты жандардың бірі емес, бірегейі деп ойлаймын. Себебі, қыршынынан қиылған ақынның артында ұрпағымыз жатқа айтып жүрер мәңгілік жыры қалды. Өкінішке орай, ақын әпкеміздің шығармашылығы жайында аудан деңгейінде әдеби кеш сирек ұйымдастырылады. Рас, Нұрдәулет Жамалбеков мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқарған кезде іс-шара өткен. Одан бері мінеки, жыл жарым болып қалды. Өзі білім алған Жаңатұрмыс ауылындағы Қаныш Сәтпаев атындағы орта мектептің ұжымы да бұл ойды қаперге алмайтын секілді.Осындай өміршең шумақтар жазған нағыз талантты ақынды мәдениет саласына жауапты басшылардың ұмыт қалдырғаны өкінішті-ақ.Шерағаң айтпақшы, «Орны толмас опасыз дүние…»
Марат Диханбай.