Ағаш көшеттері отырғызылды
65 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Әрбір қазақ баласының «ауыл» десе делебесі қозып, аңсап тұратыны айтпаса да белгілі. Себебі, ол еш жерде қайталанбайтын, қазақтың көшірмесіз брэнді. Ауылды еске алғанда бұлтпен таласқан биік таулар, көздің жауын алатын тұмса табиғат, аққуы мен қаз-үйрегі жүзген көлдер, төрт түлігі емін-еркін жүрген жазық белдер еріксіз көз алдыңа елестейді. Сонымен қатар, кішіге жол көрсеткен, ақыл айтқан ізетпен дариялы қариялар мен ине-жібі қолында, ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбайтын ақ жаулықты әжелер санаңа оралады да тұрады.
Бүгінде ауылға деген ықылас өте ерекше. Сондықтан болар, соңғы кездері елді мекендердің әлеуетін арттыру – басты бағыттардың біріне айналған. Ол үшін сан түрлі бағдарламалар қабылданып, жергілікті жерлерде кеңінен қолдануда. Сондай-ақ, ауыл мәртебесін көтеру мақсатында байқаулар да ұйымдастырылуда. Солардың бірі – «Үлгілі ауыл» жобасы.
Аталмыш байқаудың басты мақсаты ауылдық елді мекендерде адам өмiрi мен денсаулығы үшiн қолайлы ортаны қалыптастыру. Дәлірек айтар болсақ, байқау қорытындысын шығаруға жауапты азаматтар ең әуелі ауылдың инфрақұрылымын, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын, үлкен мен кіші арасындағы сабақтастықты, әр түрлі әлеуметтік жағдайларды басты бағдарға алады. Егер де осы шарттарға сәйкес келген ауыл болса, үздік деп танылып, үлгілі атағына ие болады.
Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып жатқан жоба Жамбыл жерінде де өткізілуде. Оған қатысуға біздің ауданнан Көкдөнен және Абай ауылдары лайық деп танылған. Осы аптаның басында қос ауылдағы атқарылып жатқан жұмыстарға баға беру үшін облыстан арнайы жасақталған жұмыс тобы келіп, бірқатар бастамалар мен оңды істерге көз жүгіртті. Облыстық Ардагерлер ұйымының төрағасы Еркінбек Солтыбаев бастап келген әр саланың мамандары ауылдағы ахуалды, елдің күнделікті тұрмыс-тіршілігін, тұрғындар үшін жасалған жұмыстарды зерделеп көрді. Айта кету керек, жұмысшы топтар ауылдағы игі істерді «рухани және тәрбиелік мазмұндағы құндылықтарды үлгі ету», «әлеуметтік салалар», «экономикалық көрсеткіштер мен инфрақұрылымдар», «ауылшаруашылығы және кәсіпкерлікті дамыту» деп аталатын 4 бағыт бойынша қарастырды. Жұмысшы топ мүшелері әр істі зерделеу барысында өз ұсыныстарын айтып, туындаған мәселелердің шешу жолдарын көрсетіп берді.
Біз Көкдөнен ауылына келген жұмысшы топтардың ішінен үшіншісін таңдап, «Экономикалық көрсеткіштерді және инфрақұрылымды дамыту» тобымен бірге жүрдік. Аталмыш топ мүшелері ең алдымен ауылдың кіре берісіне орнатылған арканың жұмысымен танысты. Елді мекенге айрықша көрік беріп тұрған арканың жұмысын ауыл әкімі Төлеген Атабаев толықтай баяндап берді. Содан соң топ мүшелері Ш.Уәлиханов көшесіндегі жаяу жүргіншілерге арналған сая жолдың және жаңадан орнатылған диодты көше шамдарының құрылысымен танысты. Кейіннен ауыл ішілік газдандыру жұмыстарына көз жүгірткен топ мүшелері елді мекендегі абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарына жоғары баға берді. Тіпті, Ағабек Мырзабеков жетекшілік ететін топ ауылдағы су іркуіш имаратының бүгінгі жай-күйімен танысып, аудан әкімдігінің тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Дауытбековпен бірге ұзақ пікір алмасты. Ізінен ауылдағы аулалардың біріне кіріп, судың тұрғындарға жету деңгейін өз көзімен көрді.
Ал, хакім Абайдың атымен аталатын ауылға келгенімізде рухани және тәрбиелік мазмұндағы құндылықтарды үлгі ету жұмыстарын зерделейтін бірінші топтың құрамымен бірге жүрдік. Аталмыш топтың өкілдері ең алдымен ақсақалдармен амандасып, олардан ауылдың бүгінгі ахуалын сұрады. Ізінен «Қалқабай ата» мешітінің маңынан бой көтерген халал асхананың жұмысымен танысып, оны соғуға атсалысып жатқан ерікті азаматтарға алғыстарын жеткізді. Облыстық Ардагерлер ұйымының төрағасы Еркінбек Солтыбаев бастаған топ кейіннен мешіттің ішіне кіріп, дін қызметкерімен ұзақ пікір алмасты. Пікір алмасу барысында саяси тұрақтылық, үлкен мен кіші буынның ара қатынасы, қылмыс, ерлі-зайыптылар арасындағы ажырасу мәселелері жайында кеңінен сөз қозғады. Ұйым төрағасы аталмыш факторлардың барлығы ауылдың әлеуетін арттыруға тікелей әсер ететін маңызды мәселелер екендігін алға тартты. Өз кезегінде ауыл әкімі Мұратбек Арыстанбеков ауыл аумағында ақсақалдар алқасы мен билер кеңесінің маңызды рөл атқаратындығын, жақын арада қылмыстың оның ішінде мал ұрлығының тіркелмегенін, орын алған жағдайда сотқа жеткізбей, ауыл ішінде шешілетіндігін, соңғы екі жылда ажырасу фактілері мүлдем орын алмағанын жеткізді. Құлаққа жағымды мәліметтерді естіген жұмысшы топ мүшелері іссапар барысында ауылдағы медпункт пен «Жастар» орталығының жұмысын, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштің бүгінгі жай-күйімен танысты. Сондай-ақ, округ әкімі жоспардан тыс ауылдағы «Сүйін» шаруа қожалығы іске асырып отырған мал бордақылау алаңының жұмысын да көрсетті. Ауыз толтырып айтарлықтай тірлікке таңданыс танытқан топ мүшелері кәсіптің көзін тапқан азаматтардың істеріне сәттілік тіледі.
Зерделеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ауылдарда қорытынды жиын өтіп, онда ең әуелі округ әкімдерінің есептік баяндамалары тыңдалды. Одан соң, топ жетекшілері сөз сөйлеп, атқарылған жұмыстарға баға берді. Жиын соңында жұмысшы топтардың аға буын өкілдері Еркінбек Солтыбаев пен Масат Берік сөз алып, қос ауылдың тұрғындарына ризашылықтарын білдірді. Сөз соңында сәттілік тілеп, қос ауыл да жоба жеңімпазы атануға әбден лайық екенін жеткізді.
Расыменде биыл аталмыш екі ауылда атқарылған игі бастамалар өте көп. Әсіресе, оның басым көпшілігі ауыл тұрғындарының ықпалымен іске асырылған. Осы жайттарды ескере отырып, бірлігі жарасқан, үлгілі болуға таласқан ауылдар аудан намысын облыс деңгейінде лайықты қорғайтынына сеніміміз мол.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.