Жақсылықпен кел, Жаңа жыл
54 ViewsЖаңа жыл мерекесі аудан орталығында да, әрбір ауылдық округтерде де ерекше тойланды. Дәл сондай ерекше форматтағы Жаңа жылдық мерекелік кеш Көгершін ауылында да өтті.…
Сыр-сұхбат
Кез келген салада кәсіби маман иесінің қызмет еткені абзал. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Қазақ журналистикасының қайраткері» деген атаққа ие аудандық мәслихат хатшысы Жаманбаев Тұрсынхан Есімқұлұлы «Құлан таңы» газетіне үш рет бас редактор болған кәсіби журналистің бірегейі. «Ауданда журналистика жайында сөз қозғап, ордалы ой айта алатын кім?» дегенде, әуелі Тұрсынхан Есімқұлұлының есімін атайтынымыз да сондықтан. Себебі, ол ұлттық университетте осы мамандықтың қыр-сырына қанығып, Тауман Амандосов, Зейнолла Қабдолов, Темірбек Қожакеев секілді қазақтың маңдайына біткен тау тұлғалы азаматтардан кәсіби бағыт-бағдар алған журналист. Оның үстіне газет жұмысын Тұрсағаңнан артық білетін журналист некен-саяқ. Яғни, оның тәжірибесі де мол. Газетіміздің 80 жылдық мерекесіне орай, әріптесіміз Марат Диханбай алғашқы еңбек жолын аудандық басылымнан бастаған аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаевтан сұхбат алған болатын. Қос кәсіби маманның журналистика төңірегінде және газет жұмысы жайында сырласқан әсерлі сұхбатын газеттің бүгінгі нөміріне жариялауды жөн көрдік.
– Тұрсынхан Есімқұлұлы, сіз алғашқы еңбек жолыңызды аудандық газетте корректорлықтан бастапсыз. Қателеспесем, ол кезде жасыңыз небары 17-де. Бас редактор Оспанбек Хатиев «жас балаға» газеттің жауапкершілігін қалай ғана артып қойып жүр. Әуелгі әңгімені осыдан бастайықшы….
– Маратжан сұрағыңның төркінін түсіндім. Мен бұл сұраққа жауап бермес бұрын, ең әуелі редакция ұжымын және оқырман қауымды басылымның 80 жылдық мерейтойымен құттықтағым келеді. Егер газеттің сарғайып кеткен парақтарын ашып қарайтын болсақ, басылымның қай кезде де сол дәуірдің жыршысы, шежірешісі бола білгенін аңғарасыз. Сонау Кеңес одағының кезіндегі газетті парақтасаң, онда коммунистік идеологияның иісі аңқып тұрады. Ал тәуелсіздік алған жылдардағы газетке зер салсаң, жаңаша өмірдің лебі сезіледі. Яғни, бабаларымыз аңсаған Азаттықтың ақ таңын, ерекше бір қуаныштың лебін сезінгендей боласың. Демек, газет қай кезде болмасын, өзі өмір сүрген дәуірмен үндес болып келе жатыр деген сөз. Ал егер сенің «Оспанбек Хатиевтің мен секілді жас балаға неліктен бүйрегі бұрды» деген астары терең сұрағыңа тоқталатын болсақ, былайша жауап берейін. Шыны керек, мен газет бетінде жастайымнан көрінген азаматпын. Осында таудың бөктерінде жатқан аядай ғана Қарақат деген ауыл бар. Бұрын ол Октябрьшаруа деп аталатын. Сол ауылда сегіз жылдық мектеп бар тұғын. Қазір он жылдық болып өзгерді. Мектебімізде қабырға газеті деген бар еді. Оқуға деген ынтызарлығымның арқасында мен сол қабырға газетінің редакторы болдым. Сөйтіп жүріп, мектептің тыныс-тіршілігінен аудандық газетке шағын мақалалар жазып тұратынмын. Егерде сол жазғандарым газет бетінде жарық көрсе, соны қойныма жапсырып, ерекше ыстық сезімге бөленуші едім. Түнде жүрегімнің тұсына басып, ұйықтайтын кездерім де болды. Осы арада марқұм Кәріпжан Нүсіптің есімін атап өтсем деймін. Мен ол кісіні кейде ұстазым деп те атаймын. Ол уақытта электронды пошта деген жоқ қой. Хатпен жазып жібереміз мақалаларды. Күндердің күнінде Кәрағаң маған: «Редакцияға соғып кетші» деп хат жолдады. Қасиетті шаңырақтың табалдырығын имене аттап кіріп, Кәрағаңа жолықтым. Баспасөз күні болатын. Жазу қабілетімді бағалап, қолыма мақтау қағазын табыс етті. Қандай қуанғанымды білсең ғой сол сәтте. Содан редакциямен байланысымды үзбей, үнемі әлгіндей шағын, кейде көлемдірек мақалалар жазып тұратынмын. 9-10-шы сыныпты біз аудан орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектепте оқыдық. Менің бағыма орай дейін бе, Құдай сәтін салды ма, әйтеуір мына үндестікті қарасаңшы. Маған сынып жетекшім болып қана қоймай, тарих пәнінен Оспанбек Хатиевтің зайыбы Нағима әпкей сабақ берді. Содан енді отбасында әңгіме болатын болу керек. «Жаманбаев деген бала өзі тәуір оқушы секілді ғой. Ұдайы бізге мақала жазып тұрады» деп Осағаң айтатын көрінеді. Сынып жетекшім мақтауын да келтіретін болу керек. Содан оныншы сыныпты да бітіретін кез келді. Мен оқу бітірген жылы газетте корректордың орны босаған екен. Бас редактор Хатиев Нағима әпкейге:
– Әй әлгі Жаманбаев жас та болса, ойы ұшқыр бала. Газетімізге корректор қажет, келсін. Өзіміз тәрбиелеп аламыз, -дейді ғой. Нағима әпкей: «Ол КазГУ-ге журфакқа оқуға түсейін деп жатыр» десе керек. Сонда Осағаң: «Әй оны журфакқа қабылдамайды бәрібір. 2 жыл стажы керек» депті. Сол кездің тәртібі дейміз бе, әйтеуір ер адам болса, корректор ма, шопан ба, тракторшы болып па, 2 жыл еңбек етуі қажет тұғын. Қыз бала болса, сауыншы деген секілді. Яғни, екі жыл бойы еңбек етіп, қара табан жұмыстың қадірін түсініп баратынбыз. Қазір журналистика мамандығын оқытып жатқан оқу ордаларының жұмысына қарным ашады менің. Бүгінде қалаған оқуына түсе алмай қалғандардың дені журналистиканың табалдырығын тоздырып жүр. Осы өзекті өртейді. Ол өз алдына бөлек әңгіме енді. Содан мен мектепті бітіріп аттестат алдым. 1973 жылдың 3 шілдесі күні аудандық газетке корректор болып жұмысқа орналастым. Менің айтпағым, мектепте оқып жүріп, газетке шағын болса да мақалалар жазғанымның әсері осында жұмысқа орналасуыма өз септігін тигізді-ау деп ойлаймын кейде.
– Тұрсаға әлгі пікіріңізді құптағым келеді. Қазір кім көрінген журналист болып кетті. Ол шындық. Журналистиканы тәмамдап, жазушылық шыңға жеткен Әзілхан Нұршайықовтың «Қалам ұстағанның бәрі бірдей журналист емес» дейтіні бар. Сіз бен біз КазГУ-дың түлегіміз. Меніңше, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен КазГУ-дың журфагын қалдырып, қалғанын жапқан жөн секілді. Сонда «тұлпар мініп ту алған нағыз білімдарлар іріктеліп, алға озып, тамыр мен танысқа сенген есек мінген ергежейлілер» жолда ысырылып қала берер ма еді. Бұл пікірге сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Өте дұрыс айттың. Бірақ бүгінде журфакта сабақ беретін мұғалімдердің де сапасы төмендеп кетті-ау деймін. Кезінде өзіміз дәріс алған Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Тауман Амандосов, қазақ телевидениесінің дамуына сүбелі үлес қосқан Марат Барманқұлов, темірдей тәртіпшіл деканымыз Темірбек Қожакеевтер қандай ұстаздар еді. Олар дәріс оқығанда аудиторияда шыбын екеш шыбынның дыбысы естілмейтін. Темағаңды қатал дейтін. Сол қаталдығының арқасында ол қаншама мықты сақа журналистерді тәрбиелеп шығарды. Жаңа да айттым ғой. Менің қарным ашады. Қазір әрбір облыстағы университеттер филология факультетінен журналистика топтарын ашып қойған. Олардың әрқайсысына жаңағы атап өткен Зейнолла Қабдолов, Тауман Амандосов, Марат Барманқұлов секілді білімі мен парасаты биік тарлан ұстаздар дәріс беріп жатқан жоқ қой.Әлем әдебиетінен Соколович дейтін еврей әйел сабақ берді бізге. Орыс тілін жетік білмесек те, Соколович түсіндірген кезде ұйып тыңдайтынбыз. Қазақша айтқанда, «мына мидың қабыршығын ашып, құйып беретін». Сондай мықты мұғалім еді. Сен сұрақты батыл қойдың. Мен батылырақ жауап қайтарайын. Мына облыс орталықтарындағы университеттердегі филология факультетінен ашылған журналистика топтарының барлығын жабу керек. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Біздің осы аудандық газетте сондай топты бітіріп шыққан журналист болды. Апырай десеңші. «Қызыл кітапқа» нелер енетінін де ажырата алмайтын. Және ажырата алмай-ақ кетті сол қалпы. Мен ашуланған кезде:
– Сен «Самопал журналистсің,- дейтінмін. Қайталап айтуға тура келіп тұр, әлгіндей филология факультетінен ашылған журналистика топтарының бәрін тұтастай жабу керек. Менің ойымша, журналистика факультеті Алматы қаласындағы бұрынғы КазГУ ғой енді, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Нұр-Сұлтан қаласындағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қалып, қалғаны жабылса, отандық журналистиканың әлеуеті артар еді. Сонда көлденең көк аттылар бұл салада жүрмейді меніңше. Еңбек етуге де дәттері шыдамас еді. Экранды қарасаң, атағы бар әншілер эфир тізгінін бермейді. Соның салдарынан кәсіби журналистер тасада қалып қойып жатыр. Бұл мәселені қазақ журналистикасының тарихын зерттеп жүрген профессор Намазалы Омашев та мәселе қылып көтеріп, сөз етіп жүр. Алдағы уақытта бұл мәселені қадағалауға алып, тиісті министрлік нәтижелі қорытынды шығарады деген ойдамын.
– Тұрсаға, біз кең көлемде жазылатын бұл сұхбатымызда Әзілхан Нұршайықовты жиі еске алатын боламыз. Өйткені, ол осы салада оқып, жазушылық шыңды бағындырған хас таланттың бірегейі. Әзағаң «Жақсы журналистің қаламы өзі жазады», «Жақсы редактор түзейді, Жаман редактор күзейді» дейді. Ақиқаттың алдаспанына айналған Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деген де сөзі бар. Оны өзіңіз жақсы білесіз. Мен сіздің журналистикаңызға әңгіме айтайын деп отырғам жоқ. Айтайын дегенім, аудандағы тілшілердің алатын айлығы шайлығына жетпейді. Сіз үш рет бас редактор болдыңыз. Шығармашыл ұжымды басқарып отырған сәтте сіз осыны қаншалықты ескердіңіз. Бұл – бір. Екіншіден, өзіңіз секілді кәсіби мамандарды мүмкіндігінше редакцияға қызметке ала алдыңыз ба?
– Сұрағың өте орынды. Сұрақтың төркіні де мені қанаттандырып отыр. Неге дейсің ғой? Көбінесе, журналистің еңбегі бағалана бермейді. Оны Шерағаң тайға таңба басқандай етіп айтып кетті. Шерағаңның «Бір кем дүние» деген кітабын оқыған боларсың…
– Қітапты сүйсініп оқығаным сонша, 2 сағатта тауысып үлгергенім есімде…
– Сонда жазушының «Қалтай айтқан» деген тақырыппен жазылған шағын ойтолғауы бар. «Журналист это — қаранар, но — мизерный гонорар» деп жазады Шераға. Өзің тілге тиек еткен Әзағаң мен Шерағаң қазақ журналистикасына өзіндік қайталанбас қолтаңба қалдырған қаламгерлер деп есептеймін өз басым. Бәзбіреулер ойлауы мүмкін. Мақала жазу оңай деп.
«Үйді бұзу оңай,
Салу қиын,
Мақаланы оқу оңай,
Жазу қиын» деген екен Әзілхан Нұршайықов. Сондықтан жазудың машақаты қиын түсінген жандарға. Журналистиканың қиындығы сол. Ең әуелі не? Әуелі ой туындайды. Одан кейін соны зерделейсің. Содан соң, блокнотыңды алып, кейіпкеріңе барасың. Өндіріс ошағы немесе шаруашылық құрылымдарына барып, тілдесесің. Сөйтіп жазу үстеліне отырып, қағазға түсіресің. Жазып біткеннен кейін редакторға немесе оның орынбасарына барып өткізесің. Ол түзеледі, күзеледі. Содан кейін беттеліп, газетке жарияланады. Содан «Қате кетіп қалмады ма екен» деп жаның шығып жүреді. Бұл бітпейтін машақат. Сондықтан журналистің еңбегін бағалай білу керек. Енді «Мен шығармашылық ұжымға қаншалықты жағдай жасадым» дегенге тоқталсақ, менің редакторлық қызметімнің өзі қиын кезеңге тап келді. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары, яғни 1994 жылы редакторлық қызметке тағайындалдым. Ол кезде айлық жоқ, жалақы берілмейтін. Айлықтың орнына ұн, қант, макарон алған күндерімізді қалай ұмытуға болады. Түнімен газет шығарамыз. Бірақ сонда журналистеріміз шыдады. Мүмкін мен жігерлендіре білдім бе? Кейбір аудандық газеттер болды, тарап та кете жаздады, кейбірінің тіпті жабылып та қала жаздағандары болды. Аудандық баспахана да жабылуға шақ қалып тұр еді. Қайта сол кездегі аудан әкімі Үсіпәлі Арынұлы Қалиевке орынбасары Дүйсен Бықыбаев екеуіміз дер кезінде мәселені жеткізіп, баспахананы редакцияның баспа цехы қылып қайта жабдықтап, құлдыраудан аман алып қалған жағдайымыз бар. Мен осылай қолдан келгенше жұмыс жасауға тырыстым. Мүмкіндігімше жалақыны көбейтуге, сыйақы беріп тұруға, газет таралымын көбейтуге әрекет жасадық. Өзің де менің үш рет бас редактор болғанымды сұрағыңда атап өттің ғой. Ол жерде мен редакторлық қызмет қолымнан келмегендіктен кеткен жоқпын. Әр түрлі жағдайлар болды. «Қызмет қолдың кірі» деген. Сондықтан қызметімді ауыстыруға да тура келді. Қайтіп келуге де мүмкіндіктер туындады. Бірақ бір нәрсеге қарның ашады. Өзің жақсы жолға қойып кеткен газеттің сен келген кезде бұрынғыдай болмай шашырап жатуы, творчестволық деңгейдің нашарлап кетуі, журналистер сапасының төмендеуі секілді мәселелер жаныма батып жүрді. Мен қолымнан келгенше кәсіби журналистерді, қолынан жазу келетін ойы ұшқыр, қаламының желі бар азаматтар мен азаматшаларды қызметке алуға тырыстым. Маратжан осы отырған Жәнібек екеуің де соның қатарында барсыңдар ғой. Кез келген жұмыста сол саланың маманы жұмыс істеуі керек. Әсіресе журналистика саласында. Әлгі «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегеннің мысалы ғой. Себебі, журналист деген мемлекеттік саясатты жүргізеді, дүние дүрмектегі болып жатқан құбылыстарды, тіршілікті оқырманға шынайы жеткізетін адам. Кәсіби журналистің ең басты қасиеті, ол — шыншылдық. Өтірік әспеттеудің қажеті жоқ. Сондықтан газетке журналистиканың не екенін және сол мамандықтың қадір-қасиетін түсінетін, ұлттық университетте тәлім алған нағыз мамандар еңбек етуі керек.
– Тұрсаға, қазір бір ауданның мәслихат хатшысы болып отырсыз. Қарап отырсам, сізді көтермелейтіндей көке-жәкеңіз де жоқ екен. Жазушы Оралхан Бөкейдің «Тортай мінер ақ боз ат» атты повесінде бала Тортайдың «Әкем марқұмның тақымы қотыр тайға да тимей кетіп еді» дейтін сөздері бар. Әкеңіз Есімқұл ақсақалдың шаруа адамы болғандығынан хабардармыз. Болмысыңызда бір ерекше қасиет бар көрінеді маған кейде осы. Сізді осындай зау биіктерге жетелеп жүрген әуелі Құдай Тағаланың, сосын жазудың арқасы шығар бәлкім?
– Солайы солай шығар бәлкім. Шындығына келгенде, менің әкем өмір бойы арбакеш болған жан. Намыстанатын ештеңесі жоқ. Шешем қызылшашы болды. Мен шешемнің қай уақытта ұйықтап, демалатынын көрмеппін. Ертең-ерте біз ұйықтап жатқан кезде қызылшаға кетеді, кешке келіп, бізді жуындырып-шайындырып төсегімізге жатқызады. Әйтеуір таңертең нан пісірулі тұрады. «Мен ата-анамды сағындым» деген эссем бар. Сонда бұл жөнінде жазғанмын. Ал енді сізді зау биікке көтерген жазудың арқасы шығар деген пікірің өте орынды Маратжан. Солай деп айтуға толық негіз бар. Оған мен онша мән бере бермеуші едім. 2016 жылы сайлауға түскен кезде бұл журналист еңбегінің қадірлі екеніне сонда анық көзім жетті. Мені көпшіліктің соншама қолдағанына өзім таңқалдым. «Мен шынында сондай адаммын ба?» деп ойға батқан кездерім де болды. Бірде сайлаушылармен кездесуге барған кезде (бұрынғы Зеленый) қазіргі Құдайберген Датқа көшесі деп аталады, бір орыс кемпір келіп бетімнен сүйді. «Жаманбаев это вы? Да, мы все за вас будем голосовать» деді. Сөйтіп:
– 1991 жылы сіз мынадай мақала жазып, бізге көмек көрсеткенсіз, -деп айта жөнелгенде өзім риза болдым. Менің ойымнан шығып кеткен ғой енді бұл оқиға. Бірақ осыдан келіп түйгенім, журналист бола жүріп, халыққа жасаған жақсылығың түптің түбінде алдыңнан шығады екен. Мені осы деңгейге көтерген шығармашылық қабілетімнің арқасы деп ойлаймын. Мына ауыл шаруашылық саласында да ойшыл адамдар болады ғой. «Ленин» совхозында мықты бір инженер болды. Жақан Айнақұлов деген. Сол туралы газетке көп жазатынбыз. Совхоздың көктемгі егіс дала жұмысына тыңғылықты дайындығы, комбайндарының бұзылмайтындығы жиі жазылатын. Кейіннен инженер Айнақұлов колхоз басқармасының төрағасы болып кетті. Сонда ол : «Мені көтерген газет» деп ылғи айтып жүретін. Сондықтан газет тілшілерінің еңбегін бағалау қажет.
– «Жетпіске келдім. Енді депутат болмаймын» деген Шерағаңның сөзі бар. Сіздің тарапқа ұсыныс жасалса, депутат не болмаса редактор болар ма едіңіз?..
– Менің зейнетке шыққаныма 2 жылдың жүзі болды. Яғни, осы мәслихаттың хатшысы бола жүріп, зейнетке шықтым. Халық сайлағаннан кейін бе, ешкім маған: «Болды, зейнет жасқа келдің, қызметтен боссың» деген жоқ. Қызметімді әлі жалғастырып келе жатырмын. Мінеки, осы бүгін ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Үндеу жариялап, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауын өткізуді 10 қаңтарға белгілеп отыр. Орталық сайлау комиссиясы да барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын осы күнге белгіледі. Оған мен қатысам деп айтпаймын. Және түспеймін де. Себебі, жастар жұмыс істеуі керек деп есептеймін. Бойымда әлі де күш-қуатым бар, әрине. Бірақ, алдағы уақытта шығармашылыққа көп көңіл бөлсем деймін.
– Шығармашылық демекші, елімізге белгілі сақа журналист Мақұлбек Рысдәулет ағамызбен бірігіп жазған «Ән – ғұмыр» деген кітаптарыңызды оқыған едім. Өкінішке орай, Мақұлбек аға өмірден өтіп кетті. Ара-қатынастарыңыздың жақсы болғандығын білемін. Мен «Шын асылды тот баспайтыны» секілді Мақұлбек ағаның есім- сойылы отандық журналистика тарихында мәңгі сақталады деп есептеймін…
– «Аспанда қыран көреген,
Жерде тілші көреген» дейді Әзағаң. Мен Мақұлбек Рысдәулетті көреген журналист деп санаймын. Шерағаң оған: «Журналистиканың Тарзаны» деп баға берген. Екеуіміз бірігіп, «Ән-ғұмыр» деген кітап жаздық. Ол оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Мақұлбек Рысдәулет нағыз кәсіби журналист еді. Әлгі «Етікші өлсе, артында балға менен бізі қалар, Ақын өлсе, артында ұмытылмас сөзі қалар» деуші ма еді. Мақаңның артында ұмытылмас сөзі қалды.
– Тұрсаға сұхбатымызды қорытындыласақ деймін. Газетімізді оқып, сын-ескертпелеріңізді айтып отырады екенсіз. Қазіргі журналистердің жазып жүрген мақалаларына көңіліңіз тола ма?
– «Газет – айна, оны оқыған – пайда». Иә, мен газеттің сейсенбі және жұма күндері шыққан сандарын үзбей оқимын. Жәнібек Базылбеков екеуің үнемі ел оқитын жақсы мақалалар жазып жүрсіңдер. Еңбекқорсыңдар. Оны бағалаймын. Бірақ, фоторепортаж, очерк, фельетон секілді жанрлар қамтылса деймін. Оған бола көңілді түсірудің қажеті жоқ. Жалпы, газеттің дизайны мен ондағы жарияланған мақалаларды мен ұдайы оқимын. Осы қалыптан таймаңыздар. Газеттің 80 жылдығы тағы да құтты болсын! Еңбектеріңіз бағаланып, шығармашылықтарыңыз өрістей берсін!
– Тұрсынхан Есімқұлұлы, сұхбатқа келісіп, өнегелі сөз өрбіткеніңіз үшін зор алғысымды білдіремін. Ерекше шабыт алдым. Амандықта жүздесейік.
Сұхбаттасқан Марат Диханбай.