Алғысқа бөленген жан

779 Views

Алғысқа бөленген жан

Қазіргі таңда ауылдық округ әкімдіктеріне артылған жүктің ауыр екендігіне ешкім қарсы келе қоймас. Сол үшін де бұл қызметкерлер алғыс пен марапатқа лайық. Солардың қатарына Луговой ауылдық округі әкімшілігінің қызметкері Күласан Құлмахамбетованы жатқызуға болады.

Күласан Өсербайқызын мен көптен бері танимын. Әкімшілік ғимаратына кіре қалсаң, ылғи жылы қабақ танытып, жөн сұрасатын жандардың бірі. Алдына келген жанмен жақын сөйлесіп, туындаған мәселесін шешіп бермейінше бір орында отырмайтын қызметкер. Мен өз кезегінде қарапайымдылығымен қатар, тиянақты ісімен де тұрғындардың алғысына бөленген қызметкер жайлы сыр шертуді ұйғардым.

Күласан Өсербайқызы 1960 жылы Құмарық ауылдық округіне қарасты Алғабас ауылында дүниеге келген. 1977 жылы мектепті бітіре салысымен бұрынғы Целиноград қаласындағы финанс экономикалық техникумына оқуға түседі. Аталмыш білім ордасында бірнеше жыл дәріс алып, экономист атанып шығады. Оның экономист мамандығын таңдауының да өзіндік тарихы бар. Бірде олардың шаңырағына әкесінің жақын досы, Жезқазған қаласындағы қаржы бөлімінің басшысы болған Қолан Аманов деген кісі қонаққа келеді. Сонда дастархан басында отырып, балаларынан «әкелерінің жолын қуып экономист болғандарың бар ма?» деп сұрайды. Негізінен бұл отбасында әкесінен басқа ешкім қаржы саласында жұмыс істеп көрген емес еді. Осыған қатты қынжылған Қолан жаңадан мектеп бітіріп, «Менің атым – Қожа» фильміндегі Майқановадай ұстаз болуды армандайтын Күласанға қолқа салады. Үлкендердің сөзін аяқ асты ете алмаған Күласан осылайша экономист мамандығын таңдап, оқуға түседі. Бұл оқиға біздің кейіпкеріміздің кішіпейілділігін, үлкеннің сөзін пір тұтатындығын айқындайды емес пе?

Әдебиетке жаны құштар Күласан әпкеміз кітап оқығанды жақсы көретін оқырмандардың бірі. Оның кітапханасында қазақтың бас ақыны Абайдың шығармаларымен бірге, «Ақиқат пен аңыз» туындысын дүниеге алып келген Әзілхан Нұршайықовтың, қазақ поэзияның иесі атанған Мұқағали Мақатаевтың жыр-жанақтары жетерлік. Әлі күнге дейін қолынан кітабын тастамайтын кейіпкеріміз «Кітап – рухани байлықтың өлшемі, адамның жан-дүниесінің асыл қазынасы» -деп есептейді.

Әңгіме желісін үзбей Күласанның студент шағына қайта оралайық. Ол кезде жас мамандарды жолдама арқылы әр жаққа жіберетін кез болатын. Оқуын аяқтағаннан соң Күласанда жолдамамен Қызылорда қаласына аттанады. Онда қалалық қаржы бөліміне жұмысқа орналасып, алғашқы еңбек жолын сонда бастайды. 2-3 жылды араға салып, туып өскен өлкесіне қайта оралуды жөн көрген әпкеміз, аудандық қаржы бөліміне мамандығы бойынша қызметке орналасады. Онда біраз жылдар бойы қызмет атқарып, 1989 жылдан бері Луговой ауылдық округі әкімдігінде жетекші маман болып еңбек етіп келеді.

Бүгінгі таңда құдай қосқан қосағы Серік ағамызбен ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, сегіз немеренің аяулы әжесі атанып отырған Күласан Өсербайқызы алдағы уақытта елі үшін аянбай қызмет атқаратын азаматтарды тәрбиелеуді басты мақсат еткісі келетінін айтты. Ал біз өз кезегімізде ұлт болашағы үшін барын салып еңбек еткен ардақты жанның деніне саулық тілеп, бейнетіңіздің зейнетін көруіне тілектестік білдірдік.

Ж.БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: