Ел болашағы – әрқайсымыздың қолымызда
36 ViewsКеше ел азаматтары Атом электр станциясын салуға қатысты жалпыхалықтық референдумға қатысып, өз таңдауларын жасауда. Жалпы бұл еліміз тәуелсіздік алғалы өтіп жатқан төртінші референдум. Өзім…
Мемлекет басшысының Жарлығымен қазір той-томалақ тоқтап, үлкен мейрамханалардағы думан саябырсып қалды. Індеттің алдын алу шараларын ескермей, жасырынып той жасап жүргендер де жоқ емес. Дегенмен, «Той – халықтың қазынасы» дейді ғой. Күннің жаманы кетер, жақсысы келер. Осындайда көптің көңіл қошын тауып, жақсы сөзін жаныңа азық етіп жүрген өнер иелерін қалай ұмытарсың. Солардың бірі, тіпті бірегейі десе де болады, жарлысулық жампоз жігітіміз Ардақ Мелдебек.
Мен оны мақтау үшін қолыма қалам алып отырған жоқпын. Қолыма қалам алдырған осынау бәкене бойлы, сөз маржанын теріп, көпшіліктің көңілінен шығып жүрген жігіттің асабалық өнері. Жарлысу аса үлкен ауыл емес. Десек те, осы бір құстың ұясындай ауылдан бес министр шығыпты. Алты Алашқа аты мәлім Есім биді, оның ағайын інісі Тәттімбет (Сарша) күйшіні, Толғамбай қобызшыны, оның ұлы Қонысбайды, оның баласы Жалғасты жалпақ жұрт әлі де жыға танымай жүр-ау. Әйткенмен, Ардаққа сабақ үйреткен Қонысбай ұстаз болса, оны осы өнерге тәнті еткен Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының белді актері Жалғас Толғамбаев екенінде дау жоқ шығар.
Алайда ана әлдиімен өскен Ардақ әнмен есейіп, сегіз жасында сахнаға шықты. Бұл 1995 жылдың қыркүйек айы еді. Құмарық ауылдық мәдениет үйінде аудандық «Әнші балапан» байқауы өтіп жатқан. Бір мезгілде сахнаға Ардақты да шақырды. Анасы оны айналып-толғанып аймалап, жүрегіне жігер беріп, арқасына қанат бітіріп сахнаға шығарып салды. Ол «Ботам, ботам…тәй-тәй» әнін айтқанда жұдырықтай жүрегі кеудесіне сыймай атқақтап тұрды. Ән де аяқталды. Зал ду қол шапалақтап ала жөнелді. Сөйтіп кішкентай Ардақ көпшіліктің тұңғыш рет қошеметіне бөленіп, осы байқауда бірінші орынды иеленіп, ауылына қайтты. Иә, оның тұмаша тұнық, таңғы шықтай таза дауысы көрерменнің жүрегін дір еткізіп, жан дүниесін баурап алды. Кейінірек, яғни тоғызыншы сыныпқа көшкенде «Құлан жұлдыздары» байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп әкелгенде әкесі мен шешесі көп ойланып жатпай ұлдарын Тараздағы көп балалы, аз қамтылған отбасы балаларына арналған мектеп-интернатқа оқуға берді.
— 2005 жылы интернат директоры Камилаш Ахметжанованың демеушілігімен Германияға «Наурыз» фестиваліне қатысуға жолдама алдым, -дейді Ардақ. -Бұл менің шетелге тұңғыш сапарым болатын. Сол сапарда қазақ қандастарымыздың алдында өнер көрсету бақыты бұйырды. Өзім «Құралай», «Бір бала», «Назқоңыр» сияқты халық әндерін орындауды ұнатушы едім. Осы жолы квартетпен бірге орындадым. Шетелдегі қазақ бауырлар жапатармағай қол соғып, өнерімізге тәнті болды. Сол жылы күзде мен Тараз педагогикалық университетінің музыка бөліміне қабылдандым. Арада бір жыл өткенде тағы да шетелге «Алатау» ән-би ансамблінің құрамында Германия мен Францияға барып қайттым. Сол жылы оқуымды бітіріп, диплом алдым. Сөйтіп 2009 жылдан бері өзімнің кіндік қаным тамған туған ауылымдағы Айтқұл Шынәсілов атындағы шағын орталықты орта мектепте музыка пәнінен шәкірттерге дәріс беріп жүрмін. Әрине, асабалық өнерімді тастаған жоқпын. Өйткені, ол мені көппен қауыштырып, оларға қуаныш сыйлауға мүмкіндік береді.
«Қарапайымдылық адамды сұлу етіп көрсетеді» дейді Гете. Ардақ ұстаздық етумен бірге әншілік өнері мен асабалығын жанынан тастамай жүрген сері жігіт. Ол той басқарып тұрғанда кейбіреулер сияқты орынсыз, бейдауа сөз айтпайды. Қайта атасымен таныстырғанда атаға арнап, анасымен таныстырғанда ана туралы ән айтып, жұрттың жүрегіне жылу ұялатады. Әні де әдемі, бәрі де өз орнымен айтылып жатады, орындаушылық шеберлігі де жоғары. Әсіресе, қазақтың салт-дәстүрін ұмытпайды. Қазақы салттан озбай жұрттың ойынан шығып, әдеппен сөйлейді. Иә, бұл қазіргі асабаларымызға өте қажет. Бекерге дүние қумай бәрін қаз қалпында, қазақы сөздің қаймағын бұзбай тыңдаушысына жеткізе білудің өзі өнер емес пе? Міне, Ардақтың бойынан осындай қасиеттерді табуға болады.
Музыка пәнінің мұғалімі қазір ата-анасымен, зайыбы Гүлмирамен, үш бірдей өрімдей қыздарымен бірге ауылда тұрады. Әкесі Мелдебек бұрын совхозда жүргізуші болған, қазір мектепте күзетші, анасы Алтынкүл кітапханашы. Осынау сүттей ұйыған үйелменде өскен азаматтың өнеріне тәнті болғандар көп-ақ. Көпшілік қазір Ардақ Мелдебектің жеке концертін аңсап жүр. Иә, ол күн де алыс емес шығар, пандемия да өтер, сонда оның өнерін көп болып тамашалайтын да шығармыз. Әзірге өнер иесіне, творчестволық табыс, ұстаздық қызметінің жемісті болуын тілейміз.
С.Қожеке.
Суретте: белгілі өнер саңлағы Ардақ Мелдебек.