712 Views
«Өнер әділдіктің ордасы» деп жатамыз. Дұрыс-ақ. Алайда, сахнада өз өнерімен талайды тамсандырып, қошеметке бөленген өнер иесіне қазылар алқасы тарапынан әділ баға қойылмаса, бұл сөздің қаншалықты құны бар. Осындайда ит арқасы қияндағы Италия асып, атақты «Ла Скала» театрында әуелетіп ән салған қазақ халқының шоқтығы биік өнер саңлағы Амангелді Сембин еске түседі. Шіркін-ай, жазиралы қазақтың даласында Сембин секілді күміс көмей хас таланттардың дүниеге келгенін айтсаңызшы. Бірақ біздің олқылығымыз сол, өнердің шыңын бағындырған осындай болмыс-бітімі дара өнерпаздың өнерін бағалай білмейміз. Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің мұғалімі Қабыл Базарбек те Амангелді Сембиннің тағдырын құшпаса екен дейміз. Қабыл сынды кәсіби білімі бар, оқыған азаматтар мәдениет саласында еңбек етсе ғой шіркін…
Көктем мезгілінің басы-ау деймін, аудандық мәдениет үйінде байқау өтті. Мен Қабыл Базарбекпен сол байқауда танысқан едім. Ол соңғы қатысушы болып сахнаға шықты. Сағи Жиенбаевтың сөзіне жазылған Д.Ботпаевтың «Ана» атты әнін шырқады. Ән мәтіні мынадай.
Дамылдап өзендер де,
Күн батып, күн шығады.
Мен үшін көзіңді ілмей,
Анашым, жүрсің бе әлі, жүрсің бе әлі!
Қайырмасы:
Дүние құлпырады,
Боялып дала нұрға.
Сонда да мен тұрамын,
Өзіңнің жанарыңда.
Сағымға тербетіліп,
Шықтың сен қанша қырға.
Шаршады жел де тынып,
Анашым шаршадың ба?
Шаршадыңба?
Қайырмасы:
Қабыл бұл әнді эстрадалық жанрда емес, классикалық мәнерде шырқады. Бұл байқаудан үздік шыққан өнерпазға облысқа жолдама берілу керек тұғын. Қабылдың ән айту мәнеріне залда отырған көрермендердің дән риза болғанын көзіміз көрді. Алайда, байқау қорытындысында Қабыл жүлдесіз қалды. «Неге?» деген сұрақ барлығымыздың көкейімізде болды. Бірақ, әйтеуір ананы айтып, мынаны айтып, сылтауға басты қазылар алқасы. Қазір ештеңеге таңырқамайтын болдық қой. «Қоғамым мынау қарғасын төрде сайратып, Тұлпардан озып, бәйгелі болған есегі» деген теңеуге осы байқауда анық көзім жетті. Байқау соңында өнерпаздың қолын алып тұрып: «Сен ән шырқағанда көзіме жас келді Қабыл» деп өз ризашылығымды білдірген едім.
Одан кейін кейіпкерімізбен байланыс орнатып, дидарласып жүрдік. Оның шығармашылық жолында түрлі кедергілердің болғаны байқалады. Соған қарамастан өрелі өнерпаздың сол қиындықтардың барлығын еңсеріп шыққанына қайран қаласың.
-Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының түлегімін. Мамандығым – музыкалық театр әртісі. Өнерді әу баста таңдаған себебім, шыншылдық, әділдік осы салада бар деп ұқтым. Бірақ өнер саласы мен ойлағандай емес екен. Әділетсіздіктің көкесі өнерде тұнып тұр. Оны бір кісідей көрген жанның бірі өзіммін. Талай байқауларда мықты өнер көрсетсек те, бағымызды байлаған кездер болды. Тамыр-танысы барлар сайран салып, шын талантты өнерпаздар көбіне-көп тасада қалып қояды. Бізге: «Өнер деп еңіреп жүрген ері кім, жоқ әлде, атақ пен мансапқа құмартып, өтірік емешегі үзіліп жүрген епсегі кім?». Осының аражігін саралап, айқындайтын кез келген сыңайлы,-дейді Қабыл Базарбек.
Республикалық «КТК» арнасынан «Қиын шақ» деген телехикая көрсетілген болатын. Сонда Қабыл да басты рөлдің бірін ойнады. Жуырда ол «Abai TV» арнасында көрсетілген «Үркер»бағдарламасында бірнеше образды сомдады. Мүмкін көргендеріңіз де бар шығар. Жалпы, нағыз артист деген өзі актер, өзі әнші, өзі биші бола білуі керек қой. Сол қасиет Қабылдың бойында бар. «Жігітке жеті өнер де аз» деген ұғымды Қабыл Базарбектің өнері мен талантына қаратып айтсақ жарасады.
«Бибігүл Төлегенова ән салған сайын даңқты актер әрі режиссер Шәкен Айманов егіле жылайтын» дегенді көзкөргендердің аузынан естігеніміз бар.Заманында батыр Бауыржан Момышұлы: «Кейбір әншілер қазақ әнінің әуенін бұзып, үнін өзгертіп, тілін тұтықтырып, сөзін сындырып айтады. Кейбір әншілер қайғыны биге, қасіретті арзан күлкіге, мұңды қуанышқа айналдырып жібереді. Ендеше, мен неге ондай әншілерді жақсы көруге тиіспін?» депті. Өкінішке орай, қазіргі таңда әнге ерекшелік енгізіп, мәнерін бұзып айтатын өнерпаздар көбейді. Ал Қабыл ол жағына өте ұқыпты. Қабыл Базарбек әуеннің де, сөздің де түпнұсқасына жіті көңіл аударады. Өйткені, ол – кәсіби маман.
Марат Диханбай.
Поделиться ссылкой: