Жетістікке жетелейтін 100 оқулық

777 Views

Қазіргі ХХІ ғасыр – ғылым мен техниканың заманы. Сәйкесінше жаһандану дәуірі адамзат баласынан жаңашылдықты талап етуде. Осы орайда мемлекетіміз де көштен қалмай өркендеп келеді. Алайда жаңаның жетегіне желігіп, тамыры тереңде жатқан ұлттық болмысымызды жоғалт­пай, қайта жаңғырту – басты мұратымыз болуы керек. Елбасымыздың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласының түп негізі де – осы. Рухани жаң­ғыру – адам баласының оның ішкі әлемінің жаңаруы, сана-сезімі жаңа өзгерісті қабылдай білуі. «Жаңғыру» атау­лыға бұрынғыдай тарихи тәжі­рибе мен ұлттық дәстүрлерге немқұрайды қара­мауға тиіспіз. Керісінше замана сыны­нан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғы­шарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюс­терін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік»-деп Абылай хан айтқандай, біздің ендігі мақсатымыз тарихи ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, жаңарып жатқан жаңа дүниенің жағымды жақтарын бойымызға сіңіріп, дамыған 30 елдің қатарына ену.
Адам дүниеге келген сәттен бастап: «Білсем, оқысам» деген арман жетегінде болады. Сол білімнің бастауы – кітап. Кітап – рухани қазынаның қайнар бұлағы. Кетпес дәулеттің, кең пейілдің қазынасы, ақыл мен парасаттың кені, білім мен ғылымның биік шыңы кітапта екендігі атқан таңдай ақиқат. «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы » – деген қазақтың қанатты сөзінде мол ұлағат жатыр. Сондықтан да жастарымыз жан-жақты болу үшін білім мен ғылымды терең игерулері керек. Келешек кілті қашанда жастар қолында. Ертеңіміз жарық болсын десек, сол жастардың бойына жан-жақты білім мен рухани байлығымызды дарытуға күш салуымыз керек.
Жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы озық үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау бүгінгі күннің кезек күттірмес міндеті болып отыр. Сол мақсатты орындау барысында «Жаңа гуманитарлық білім» қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы аясында гуманитарлық бағыт бойынша әлемнің 100 үздік оқулығы қазақ тіліне аударылады. Аударылып жатқан кітаптар дүниежүзінің 42 елінде 34 тілде басылып, жалпы таралымы 47 миллионнан асқан танымал кітаптар.
Бүгінгі жастар – жаңашылдыққа жақын. Аталған жоба аясында аударылған кітаптардың электронды нұсқасы біздің кітапханамызда да қолжетімді. Жыл басында кітаптардың электронды нұсқасын оқу үшін оқырмандарымызға арнайы QR-кодты тақтайша орнатылған болатын. Сонымен қатар, аталмыш кітаптардың ішіндегі әлем бойынша танымал авторлардың оқырман қауымға тың серпін, жаңашылдық, болашаққа деген көзқарасын қалыптастыруға, өзін дамытуға арналған Ювал Ноаһ Хараридің «Адамзаттың қысқаша тарихы», «ХХІ ғасырға 21 сабақ», «Homo Deus Болашақтың қысқаша тарихы» атты кітаптары және Стивен Ковидің жетістікке жетелейтін «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» кітабы біздің кітап қорымызда бар.
Мемлекеттік тілге аударылған оқулықтардың басты мақсаты – жоғары дәрежелі, жоғары сапалы білімнің қолжетімділігі болып табылады. Осындай бастамалардың арқасында еліміздің жастары заманауи білімнің толқынына ілесіп, өз елінің мәртебесін асқақтатарына сеніміміз мол.

Нұршат Ерсайын,
аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы.

Поделиться ссылкой: