Келеңсіздікке кеңес мүшелері жол бергізбеді

503 Views

Өткен аптада аудандық қоғамдық ке­ңестің кезекті отырысы өтті. Онда екі мәселе қаралды. Кеңес төр­аға­сы Пазыл Әбілдәұлы Сүлейменов кеңес мүшелерінің назарын Көгершін және Құмарық ауылдық аймақтарында орын алған келеңсіздіктерге аударды. Ол: «Өздеріңіз білесіздер, біздің қо­ғам­­дық ұйымға осы екі аймақтан тұрғын­дар күл-қоқыс тастайтын орын­дар мен ауылдарды «Жасыл бел­деу» бағдарламасы бойынша көгеріш­тен­діру жұмыстарындағы орын алған олқы­лық­тар туралы жиі шағым айтады. Жұрттың талап-тілектерін ескеріп, біз қоғамдық кеңестің үш мүшесін –М.Ыстыбаевты, Ә.Оңалбековты және Е.Жақсығұловты осы ауылдарға жібердік»,-дей келіп алғашқы сөзді Көгершін ауылдық округінің әкімі Е.Айдарханға берді. Ол өз кезегінде ауыл маңынан күл-қоқыс тастайтын арнайы орын салуға аудандық бюджеттен 6,5 миллион теңге қаражат бөлінгенін, оны тендрде «Нұр дән» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (басшысы Жүніс Темірбек) жеңіп алғанын, полигонды қоршап, тереңдігі екі метр, жалпы аумағы 80 шаршы метр ор қазылғанын назарға салды. Әкім өткен жылдың желтоқсан айында арнайы комиссия келіп поли­гонды қабылдап алғанын, артынша қоршау­лардың ұшты-күйлі жоғалып кеткенін де жасырмай айтты.
Ауыл әкімінен соң сөз алған қоғам­дық кеңес мүшесі М.Ыстыбаев поли­гонға күзет қойылмауы салдарынан темір қоршаулардың қолды болғанын айтса, кеңес мүшесі Ә.Оңалбеков: «Жобада көрсетілгендей, қоршау қазықтарының түбін бетондау үшін 16 текше метр, яғни 30 тонна цемент (шамамен 1 миллион 600 мың теңге қаражат) жұмсалған» дейді. Отырыстан кейін ауыл әкімі Е.Айдархан, қоғамдық кеңес мүшелері М.Ыстыбаев пен Ә.Оңалбеков орын алған кемшілікті өз көздерімен көру үшін Көгершін ауылындағы полигонға келді. Расында қоршау ұрланған екен. Өйткені қор­шаудың қаңылтырларын қазығы бол­ма­ған соң қатты жел мидай далаға ұшырып әкетіпті. Тексерушілер қазық­тардың түбіне бетон құйылғанын да өз көздерімен көрді. Алайда ауыл адам­дары күл қоқысты қай жер болса сол жерге бей-берекет тастай беріпті. Сон­дықтан болар қоршау ішінен қа­зылған ордың сыртына қоқыс толып кет­кен. Бұл жерде Ыстыбаев мырза айт­қандай күзет қойылса мұндай бере­кесіздік болмас еді. Ауыл әкімі Е.Айдархан: «Қоршаудың ұрланғаны туралы полицияға хабарладым» дейді. Ал, кеңес мүшесі М.Ыстыбаев болса: «Онысы өтірік, хабарламаған» дейді. Қалай десеңіз де жауапкершіліктің жоқтығы салдарынан 6,5 миллион теңге қаражаттың желге ұшқаны анық. Қоғамдық кеңес мүшелері аймақ әкімі Е.Айдарханға: «Жоғалған затты қайта қалпына келтіруге бола ма?» деп төтесінен сұрақ қойды. Ол кеңес мүшелерінің алдында «Олқылықтың орнын толтырамыз» деп уәде берді.
Екінші мәселе де жергілікті халық­тың арыз-шағымы бойынша көтеріліп отыр. Бұл туралы Құмарық ауылдық округінің әкімі Болат Мансұров баяндап өтті. Иә, «Жасыл белдеу» бағдарламасы бойынша елді мекеннің кіреберіс жағына 14 гектар жерге дендросаябақ орнатуға бюджеттен 13,5 миллион теңге қаражат бөлініпті. Өкінішке орай тендрді жеңіп алған «Арна-Инвест» серіктестігі жобадан бас тартқан. Сөйтіп, сотта ол шығынды қайтарып беретін болған. Одан кейін бұл жобаны одан әрі қарай жүргізуді «Қожа-Әлім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз мойнына алады. Өкінішке орай Алмабек Әліпов еккен 5000 түп көшет шықпай қалады. Оның да өзіндік себебі бар болатын. Серіктестікпен келісімшарт өткен жылдың 5-желтоқсаны күні жасалып, 27-желтоқсанда танапқа, яғни 7 миллион теңгеге сатып әкелінген бес түрлі декоративті көшет отырғызыла бастайды. «Қыс көзі қырауда тұрғанда тал еге бастағаны несі?» деп халық та наразылық білдіріп жатыр. Оның үстіне тал-дарақты суаратын су көзі де болмай, не бау қоршалмай, бастаған тірлік кері кетіп тұрған. Осы олқылықтардың бәрін фирма енді қалпына келтіре бастапты. Дәлірек айтқанда, 4,5 миллион теңге қаржы темір қоршаулар орнатуға, 2,5 миллион теңге тау суын әкелу үшін, дәлірек айтқанда, ұзындығы 720 метр болатын су құбырын тарту жұмыстары да енді басталғанын ауыл әкімі тәптіштеп айтып берді. Әрине, барлық шығынды фирма өз мойнына алыпты. Сонымен шықпай, қурап қалған көшеттердің орнына көшет отырғызу жұмысы қайта қолға алыныпты.
Аудандық қоғамдық кеңестің мүше­лері ауыл әкімін тыңдай келіп бау­ға жаңа көшеттер толығымен отыр­ғызылып болған кезде ол туралы қоғам­дық кеңесті хабардар етуді тап­сыр­ды. Кеңес мүшелері өз кезегінде бұл жұмыстың аяқсыз қалмауын назарға ала­тындықтарын білдірді. Сол себепті де бұл нысанды бақылау аудандық кеңестің мүшесі, мәслихат депутаты Арылбек Қораласбаевқа тапсырылған болатын. Оның айтуы бойынша: «Қазіргі кезде олқылықтың орны толтырылып, қажетті техника бөлініп, тал-дарақ қоршауға алынып, бұл жұмысқа ауыл жастары да жұмылдырылған».
Айту ләзім, жоғарыдағы екі мәселе де қоғамдық кеңес мүшелерінің да­былы бойынша қайта қолға алынып, келең­сіздікке кеңес мүшелері дер кезінде жол бергізбеді. Әйтпесе, бюджеттен бөлінген қыруар қаржы желге ұшар ма еді… Бұл жерде аудан әкімі тарапынан дер кезінде қадағалау болмағанын да айтқан абзал. Иә, пайдалы іске деп бөлінген әр тиынның сұрауы бар екенін ұмытпаған жөн. Бұл жерде қоғамдық кеңес мүшелерінің қырағылық таныт­қа­нын мойындауымыз керек.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: