Келелі жиын өтті
23 ViewsОсы аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жиын өтті. Аталмыш кездесуге Қазақстан Республикасының…
8 қараша ─ елімізде Статистика күні. Аталмыш мереке 1920 жылдың 8 қарашасынан бастап тойланып келеді. Бұл салада қызмет атқарып жүрген жандардың қандай іспен айналысатыны біз үшін қызық. Алайда сала мамандары үшін бұл жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Бұл мемлекет мүддесінен бөлек қоғам үшін аса маңызды. Еліміздегі қоғамдық-саяси, экономикалық, әлеуметтік бағытта статистиканың алар орны бөлек. Қарапайым түсінікте бұл жай ғана есеп-қисаппен жұмыс жүргізетін сала емес, еліміздің тірегі болар мемлекеттік басқару органдарының, халықаралық ұйымдардың, қоғамдық және ғылыми ұйымдардың, халықты еңбекпен қамту және жұмыссыздық, кедейшілік, баға, халықтың әл-ауқаты, инвестиция, төлем балансы, сыртқы экономика және тағы басқалардың еліміздегі жағдайын бақылап отыратын комитет.
Жалпы еліміздегі статистиканың шығу тарихын ғалымдарымыз ХVIII-XIX ғасырлармен байланыстырады. Сол кездегі Патша империясының ықпалымен құрылған қазақ жеріндегі статистика бөлімшелерін айтуға болады. Бірақ бұл саланың пайда болуы тым әріде жатыр. ХV ғасырда қазақ халқы өзінің етек-жеңін жинап, ел болу қамына кірісе бастады. Қазақ хандығы құрылған алғашқы жылдары халықтың саны 200 мың адам болса, ХV ғасырдың соңына қарай 1 млн. адамға жетті. Міне, сол кездегі қазақ статистиктерінің алғашқы толқыны пайда бола бастады.
Кейінірек Патша империясы, Кеңес одағы кезінде бұл сала мамандарын даярлау өзекті мәселеге айналды. Алайда сол кезеңдегі тоталитарлық жүйенің қыспағымен статистиканы бұрмалау орын алғанын жасырмаған жөн. Жазушы Марк Твеннің: «Өтіріктің үш түрі бар: біріншісі – жай өтірік, екіншісі – арсыз өтірік, үшіншісі – статистика» деген сөзі бар. Бұл сөзді мен қылышынан қан тамып тұрған Кеңестік кезеңге арнап айтып тұрмын. Болмағанды болды деу, сандарды өзгерту, кемеліне келіп тұрған істерге қиянат жасау белең алып бара жатты. Бұл тарихтың көмескі тартқан сәттерінің бірі еді…
Алайда уақыт – төреші. «Көш жүре түзеледі». Бүгінгі күні бұл сала мамандарының жұмыс деңгейі өте жоғары. Себебі технократтық заманның нәтижесінде бұл бағыт та цифровизацияға көшкен. Заман талабына сай статистика басқармасында барлық статистикалық нысандар «бір терезе» арқылы қабылданып, өзіңізге керекті дүниені электронды түрде алуға толық құқығыңыз бар. Тіпті, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің жеке сайты арқылы еліміздегі кез келген ақпаратпен қанығуға болады. Мысалы, халық саны, инфляция мөлшері, жұмыссыздық деңгейі сияқты статистикалық мәліметтерді жылдам әрі сенімді түрде ала аласыз. Бұл тәуелсіздік жылдарынан бері жеткен жетістігіміздің бірегейі деп сеніммен айтуға болады.
Сонымен қатар, қазіргі таңда ауданымызда бұл бағытта қажырлы еңбек етіп жүрген жандарды тілге тиек етсем деймін. Т.Рысқұлов аудандық Статистика басқармасы аудан көлеміндегі ауылшаруашылық, өнеркәсіп, еңбек, құрылыс, сауда және баға, әлеуметтік-демография секілді мәселелермен айналысады. Кезінде аудандық Статистика басқармасында Ж.Дайрабаев, С.Махамбетов, Т.Барлыбаев, Т.Жапарқұлов секілді азаматтар басшылық етсе, Р.Қуатбекова, О.Маймақов, А.Молдағұлқызы, П.Омарбеков, Ж.Жұматаев секілді білікті мамандар қызмет атқарған.
Биыл статистика саласына мерейлі 100 жыл толып отырған жайы бар. Осы орайда бұл салада маңдай терін, қажырлы қайратын сарқыған С.Махамбетов, Р.Қуатбекова, П.Омарбеков, О.Маймақов, А.Молдағұлқызы, Ж.Жұматаев секілді ардагерлерді 8-қараша күні аудандық Статистика басқармасының басшысы Пірімқұлов Бақытжан Жайлаубайұлы бастаған ұжым қызметкерлері кәсіби мерекелерімен құттықтаған еді. Ардагерлердің бейнетке толы еңбегін ұлықтау мақсатында мерекелік алғыс хаттар мен арнайы статуэткалар тапсырылды. Қорытынды құттықтау сөзінде аудандық Статистика басқармасының басшысы Бақытжан Жайлаубайұлы: «Сіздер секілді аға-әпкелердің қайрат пен қажырға толы адал еңбектерін жалғастырып келе жатқан жандар да баршылық. Бірлігі мен білігі үйлескен біздің басқармада Бахытхан Тойбеков, Жадыра Бұланбаева, Сандуғаш Өкенова секілді өз ісінің мамандары жұмыс істейді. Осының бәрі сіздер салған сара жолдың арқасы. Ауырмаңыздар. Елімізде әрдайым тыныштық болсын» — деп өзінің ақ жарма тілегін білдірді.
Ақымет Қамшыбек.