15 Қараша – ұлттық валюта және қаржыгерлер күні

1 149 Views

ҚАРЖЫ БАРЛЫҚ МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕДІ

Елдің еңсесін түзейтін, тұғырының биік болуын көздейтін ұлттық құндылықтарымыздың әрқашанда бәсі биік. Бұл – рухани қажеттілік. Ал басқа мемлекеттермен қатар тұру үшін тереземіз тең, керегеміз кең болуы шарт. Бұл тұрғыда экономикалық бағытқа айрықша көңіл бөлу қажет. Халықтың әл-ауқаты, тұрмыстық жағдайы, нарықтағы саясат мәселесі ұлттық валютамен байланысты. Сол себепті еліміздің ішкі және сыртқы саясаты, сауда-саттық, экспорт, импорт, қаржы мәселелері валютаға келіп тіреледі. Теңгеміздің тұралап қалмауы – мемлекет назарындағы басты мәселе.
Алғаш қазақ жерінде теңгенің пайда болуы V ғасырмен тұспа-тұс келеді. Ұлы Жібек жолының, айырбас сауданың әсерімен бұл өлкеде Қытай, Византия, сасанидтік ақшалар қолданыста болды. Ал, қазақтың теңгесі 1993 жылы 15 қарашада айналымға енді. Ескі рубльдерді тастап, осы уақыттан бастап қазақ қайраткерлерінің суреті бейнеленген теңгені қолдандық. Ел тарихындағы елеулі кезең еді бұл. Теңгеміз бүгінгі күнге дейін біршама қиындықтарға душар болды. Талай рет тұрпаты өзгерді. 2006 жылы 15 қараша күні ұлттық валютамыздың жаңа дизайнмен әрленген 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноттары айналымға шықты. Бұл ел экономикасының берік қалыптасуына кері әсерін тигізбеді. Теңгенің формасы жаңарған үстіне жаңара берді.
Бұл ретте тәуелсіздік жылдарында қаржы саласында қызмет етіп келе жатқан жандарды ерекше ықыласпен атап өту керек. Олар қажыр-қайраты мен маңдай тері арқылы ұлтына қызмет етіп жүр. Халыққа қаржы мәселесі бойынша қызмет көрсету жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Бұл салада қиыс кетуге немесе қателесуге мүлдем болмайды. Мүлдем. Себебі олар бюджет түсімімен немесе қаражаттың игерілуімен айналысу арқылы мемлекет шаңырағының уығын ұстап тұр.
Ұлттық валюта күніне орай аудан әкімдігінің қаржы бөлімінде қызмет атқарып жүрген жандардың жұмысымен танысып, аз-кем әңгіме өрбіттік. Қаржы бөлімі аудан бюджетін қалыптастыруға, мемлекеттік қаржыны және коммуналдық меншікті басқаруға, мемлекеттік саясаттың мақсаттары мен басымдықтарын айқындауға ат салысады. Бұл салада қажырлы еңбек етіп жүрген қызметкерлер ауданымыздың бюджеттік мәселесін, шығындардың мақсатты және уақытылы игерілуін, кірістердің жоспарға сай орындалуын қадағалайды. Жапарқұлов Тойшығұл Қадырбекұлы басшылық ететін бөлімде 5 мемлекеттік қызметші, 10 азаматтық қызметші бар. Атап айтар болсақ, Бейшенқұл Ниязқұлов, Нұрсұлу Сейсеу, Талант Таңат, Рахманберді Қарабаев, Динара Медерова, Алтынай Самарбекова секілді өз ісінің нағыз мамандары қызмет атқарады. Ұлардай ұйысып отырған ұжым іргелі істер мен жүйелі жұмыстар жүргізіп келе жатыр. Бірлігі мен берекесі жарасқан қаржы бөлімінің басшысы Тойшығұл Қадырбекұлы: «Негізі біз аудан көлеміндегі бюджеттік мәселелермен айналысамыз. Алайда бұл бір ауданның ғана қаржылық мәселесі емес. Бұл бүтіндей бір ұлттың экономикасына әсер ететін фактор. Біздің ұжымдағы әрбір қызметкер осы қағидаға сүйенеді. Сондай-ақ жастарға үлгі болып, ақыл-кеңесін айтып жүретін Бейшенқұл Ниязқұлов, Нұрсұлу Сейсеу секілді аға буын өкілдерінің еңбектерін ерекше атап айтуға болады. Бейшенқұл Ниязқұлов ағамыздың 20 жылдық тәжірибесі ұжым үшін үлкен өнеге. Ал, қаржы бөлімінде 15 жыл қызмет атқарып келе жатқан Нұрсұлу Сейсеу әпкеміз өзінің білген-түйгенімен үнемі бөлісіп отырады. Міне, осындай өнегесі мол кісілермен қатар білікті жас мамандардың ақыл-парасаты, тыңғылықты жұмыстары арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізіп келе жатырмыз. Осы орайда ұжым қызметкерлерін, сондай-ақ, қаржы саласында адал жұмыс істеп келе жатқан жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Ел дегенде еңіреп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ете берейік. Теңгеміз тұраламасын. Аман болыңыздар» – деп өзінің ақ ниетін білдірді.
Иә, «дүние тиыннан құралады» демей ме? Қоржының қомақты болса, теңгең пұлға айналса неге алаңдайсың. Сондықтан қаржымызды үнемдеп, қорымызды толықтырып отырған қаржыгерлерді төл мерекесімен құттықтаймыз.

Бірлігі жарасқан іргелі ұжым

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылғы 27 қаңтардағы Жарлығымен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік функциялардың сапалы орындалуын қамтамасыз ететін ашық, тиімді әрі тұрақты бюджетке қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржыны тиімді басқарудың құралы ретінде Қаржы министрлігі жанынан Қазынашылықтың бас басқармасы құрылған болатын.
Ал 2008 жылдан бастап жаңа бюджет кодексінің күшіне енуіне байланысты қазынашылық дамудың жаңа серпінді сатысына көтерілді. Яғни қазынашы органдардың жедел жұмысына барлық өңірлердің тыныс-тіршілігі сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы жатады. Осылайша бұған дейінгі жылдары қол жеткен тәжірибе мен даму қарқынын ескере отырып, қазынашы органдар мемлекет межелеген жоспар мен міндеттерді жоғары деңгейде орындау үстінде.
Бүгінгі таңда Ролан Қоңыратбаев басшылық етіп отырған аудандық қазынашылық басқармасында 8 білікті маман өз міндеттеріне зор жауапкершілікпен қарап, еселі еңбек етіп келеді. Атап айтар болсақ, Асилин Даулен Әшімұлы, Ләззат Оңалбекова, Айнұр Тоқабаева және Нұрлан Матқайымов есімді азаматтар мен азаматшалар қаржы саласын бес саусақтай меңгерген іскер қызметкерлердің санатына кіреді. Олар үшін мемлекет мүддесі мен абыройы әркез жоғары орында тұрады. Аудандық қазынашылық басқармасы қызметкерлерінің жұмыс барысындағы басты принциптері мемлекетке адал болып, ел дамуына сүбелі үлес қосу.
Ел экономикасының қарыштап дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан аталмыш мекеме қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтай отырып, дендеріне қуат, еңбектеріне жеміс, істеріне береке тілейміз.

Марат Аятберген.

Поделиться ссылкой: