Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
22 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Қала – өркениет пен мәдениеттің, білім мен ғылымның дамыған ордасы. Онда басқару мекемелері мен көптеген сауда-орталықтары бар. Бір сөзбен айтқанда адам жанына не керек болса, іздегеніңізді еш қиындықсыз табуға болады. Сондықтан болар, соңғы кездері ауылдағы адамдар қалаға қоныс аударып, сарқыраған өзендей ағылып жатыр. Бұл үрдіс біздің елімізде ғана емес, әлем бойынша қалыптасқан тенденцияға айналып барады. Мәселен, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда әлем бойынша 3 миллиард адам қалада тұрмыс кешіп жатыр екен. Әсіресе Латын Америкасы, Қытай, Үндістан, Африканың бірқатар елдерінде қаладағы халық саны тез артуда. Осыған орай көптеген адамдардың санасында қатып қалған бір қағида бар секілді көрінеді. Олардың ойынша қалада жұмыс істеу арқылы адам баласы өзінің әл-ауқатын жақсартып алуға мүмкіндігі бар. Солайы солай шығар, бәлкім… Бірақ, біздің ойымызша тұрмысты түзеп алу үшін оған ауылда тұру ешқандай кедергі келтірмейді.
Жуық арада орын алған бір оқиғамен бөлісейін. Мұқият оқып, зер салғаныңыз абзал. Біздің көшеде шамамен елуге жуық үй бар. Олардың басым көпшілігі таң азанмен өріске малын шығарып, кешқұрым төрт түлігін түгендеп алып жатады. Олардың қатарына біздің отбасымызды да қоссаңыз болады. Сондай-ақ, мүлдем үй жануарларын ұстамайтын, төрт түлік бағуды құптамайтын көршілеріміз де баршылық. Солардың бірі жақында үйге келді. Ыстық шайдан ұрттап отырып, ақырындап келген себебін де баяндады. Құдай қосқан көршіміздің сондағы тілегі – сүт сатып алу екен. Анамыз көрші өтінішін жерге тастаған жоқ. Керісінше сұрағаны бойынша арнайы ыдысқа алты литр сүт, екі литр айран құйып берді. Әрине ақысына. Сонымен қатар, көрші өтініші бойынша жаз бойы жинаған құрттарының 100 данасын мұқият санап, тұздалған сүзбеден жасалған тәтті дәмді қолына ұстатты.
Дәл базардағыдай өрбіп жатқан сауданы тыңшылардай сырттан үнсіз бақылап отырмын. Сенесіз бе?! Әлгі сүт сұрай келген көршіміз ақыр аяғында қалтасынан ақшасын алып, есептей келе анамның қолына 6000-нан асатын теңгені санап берді. Әп сәтте қалтасы аз болса да қалындап қалған ақ жаулықты анамның сондағы айтқанына зер салыңызшы. «Айналайын, көршім-ау! Төрт балаң бар. Сен де бір-екі сиыр ұстасаңшы! – деді ыңғайсызданып, – Сонда сүт сатып алмайсың. Қаймақ шайқап, қыстық сары майыңды да жинайсың. Оның еш қиындығы жоқ қой!» – деп өзінен әлдеқайда жас көршісіне өз ойын білдірді. Мал бағудың машақатынан қашқан әлгі әйел, сан түрлі сылтау айтып, қысқасы сиыр саууға құлықсыз екенін, ауылда тұрып, сүт сатып алудан арланбайтынын аңғартты. Тіпті, төрт түлікті таң азанмен өріске қарай айдауға, кешке қарай күтіп алуға зауқы жоқ екенін айтып, ара тұра сүт сатып алып тұруға уағдаласты. Ол аз десеңіз, кейде сүт ақысын қойын дәптерге жазып қоюын, берешегін «пособия» алғанда міндетті түрде қайтарып беретінін жеткізді. Міне, осылайша үйдегі анамның екі сиыры ойда жоқта табыс көзіне айналды.
Айтпақшы, «екі сиыр» демекші. Былтыр осы қос бірдей ірі қараға қатысты әңгіме қоғамда кең көлемде талқыға салынғанын білеміз. Сонда көпшілік қауым Елбасының айтқан ұсынысын теріс қабылдап, сан түрлі сылтау айта бастағаны жасырын емес. Ақыр аяғында ұтымды ұсынысты ұсқынсызға айналдырып, қайтарымсыз несие арқылы берілетін мүйізділерді үйіміздің маңайына да жолатпадық. Тіпті, талпынып көруге алғашқы қадам жасап көрмегеніміз де өкінішті-ақ. Кейде осындай жағдайларды ой елегінен өткізе келе, «Бойымыздағы жалқаулық қасиетке жан бітіріп жатырмыз ба?», «Еңбектенуді естен шығарып барамыз ба?» деген тұжырымға амалсыздан келесің.
«Еңбек бәрін жеңбек». Ата-бабаларымыздан қалған бұл тәмсілдің түбіне терең бойлап, байыбына бармай жүрген секілдіміз бүгінде. Оған соңғы кездері қоғамда патерналистік пиғылды ұстанып, мемлекетке қол жаюды құп көріп, намысты жастық астына жасырып қойған жандардың ерсіз іс-әрекеті айқын дәлел бола алады. Иә, мен бүгін аяқ-қолы бүтін бола тұра жұмыстың жоқтығын жәй ғана сылтауратып, ай сайын балаларға бөлінетін азынаулақ қаржыны жайбарақат күтіп жата беретін жандар жайында сөз қозғадым. Оған ауыз толтырып айтарлықтай себеп те бар. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мемлекеттен берілетін көмекті бір жыл бұрын 291 000 отбасы алған екен. Адам басына шаққанда аталмыш атаулы әлеуметтік көмекке 1 450 000-ға жуық отандасымыз қол жеткізіпті. Әу баста ол үшін мемлекет қазынасынан 87 миллиард теңге бөлінген. Әлі де бөлініп жатыр. Қарап тұрсақ аз қаржы емес. Тек санамызға осы бір қаражатты басқаша ұқсатсақ деген ой келеді. Ол үшін әрине аянбай еңбектенуіміз қажет. Біздің ойымыз осындай, Сіздің ше? Осы мәселеге қатысты Сіз не дейсіз, ойы орамды оқырман?
Ж.СҰЛТАН.