Сенбілік жұмыстарына қатысты
27 ViewsАуданда сенбілік жұмыстары жалғасуда. Өткен сенбіде аудан әкімі Ернар Есіркепов Құлан ауылының шығыс бөлігінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлер маңында тұрғындармен бірге тазалық жұмыстарына қатысты.…
Қазіргі таңда тарих ғылымында елеулі еңбек жазып, түрлі ғылыми жаңалықтарды ашып жүрген ғалымдар бар. Олар түрлі мәдени ошақтарда қызмет етіп, ғылымға өз үлесін қосып жүр. Ал білікті археолог, этнолог, музеолог мамандарды даярлауда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих, археология және этнология факультетінің алар орны ерекше.
1971 жылы университет ректоры Ө.А.Жолдасбековтің ұсынысы бойынша факультетімізде «Археология, этнология және музеология» кафедрасының ашылуы болды. Бұл маманданған кафедраның ашылуына Қазақстандағы этноархеология ғылымының интенсивті дамуы әсер етті. Міне, содан бері 49 жыл өтіпті. Қазіргі таңдағы республикадағы теңдесі жоқ мамандарды даярлау «Археология, этнология және музеология» кафедрасына тиесілі. Кафедрада «Археология және этнология», «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандықтары бойынша жоғары білімді мамандар даярланады. Бұл бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Мамандар бакалавр, магистратура, докторантура деңгейі бойынша жоғары квалификацияда оқиды. Бұл мамандықты бітіріп шыққан білімгерлер түрлі мәдени ошақтарда халықтардың этногенезі мен этникалық тарихы, әлем халықтарының этникалық және этно-мәдени процесстері, музей ісі мәселесі бойынша жұмыс істейді.
Еліміздегі ұлттардың татулығы мен тұрақтылық тәжірибесі кафедра ғалымдарының зерттеп жүрген мәселелерінің бірегейі. Бұл Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен тығыз байланысты. Сондай-ақ, Еуразия аймағындағы ұлан-байтақ еліміздің территориясы қола дәуірінен бастап, кейінгі ортағасырларға дейінгі уақытта этно-мәдени және этно-саяси үдерістерге толы болды. Осы орайда археологиялық және этнологиялық зерттеулер жүргізетін теориялық және практикалық білімі бар жоғары квалификацияланған мамандардың қажеттілігі ұдайы байқалады.
Бұл мамандық білім беру саласындағы халықаралық стандарттарға сүйене отырып, нарықтың сұранысындағы өзгерістерге сай үнемі жаңарып отыр. Сондай-ақ, біздің студенттер осы бағыт бойынша жыл сайын өндірістік іс-тәжірибеден өтеді. Археология және этнология саласы бойынша студенттердің кәсіби білімін бекіту мақсатында Жамбыл облысы Шу ауданында орналасқан «Ортағасырлық Ақтөбе» қалашығында оқу және өндірістік тағылымдамадан өтеді. Мұндай база Орта Азия елдерінің ешбірінде жоқ. Бұл тағылымдамаға кафедра студенттері, магистранттары, докторанттары белсенді түрде араласады. Сондай-ақ, олар Ресей, Италия, Голландия, Франция және т.б. мемлекеттерге арнайы барып, өздерінің білімін толықтырып келеді.
Кафедра аясында камералдық лаборатория, халықаралық «Геоархеология» лабораториясы жұмыс істейді. Онда студенттер өндірістік тәжірибеден алып келген археологиялық артефактілер мен этнографиялық материалдарды өңдеумен айналысады. Кафедрада мамандандырылған 3 оқу кабинеттері бар. Ал оқу дәрістері осы археологиялық, этнографиялық және палеолит музейлерінде өтеді. Археологиялық артефактілерді реставрациялау және консервациялау саласы бойынша дәрістер «Остров Крым» реставрациялық орталығында болады. Студенттерге сапалы білім беру мақсатында «Археология» және «Этнология» жеке білім траекториялары бойынша оқытылады.
Қорыта айтқанда, бүгінгі бәсекелестік заманда университетке қойылатын ең басты талаптардың бірі — бәсекеге қабілетті білікті мамандарды даярлау. Бұл қоғамды рухани жаңғыртудағы өзекті мәселе болып табылады. Осындай білікті мамандарды дайындап жатқан еліміздің ең ірі жоғары оқу орны — әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің осы мақсатта атқарып отырған еңбегі зор.
Қ.Баудиярова және Г.Мейрманова,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті археология,
этнология және музеология кафедрасының
аға оқытушылары, тарих ғылымдарының кандидаттары.