Абай да сөзден жеңілген

2 633 Views

Абайсыз қазақты, қазақсыз Абайды елестету әсте мүмкін емес. Себебі, ұлы ақын халқымыздың маңдайына туа біткен зор талант иесі. Бүгінгі дамыған заманда қазақты Абай арқылы танитындар өте көп. Сөзімізге дәлел ретінде айтатын болсақ, қазіргі таңда әлем бойынша ұлы ойшылдың құрметіне қойылған көшелер мен ескерткіштерді көптеп кездестіруге болады. Мәселен, Абайдың есімімен аталатын көшелер Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Әзірбайжан және Украинаның (Киев, Краматорск, Днепропетровск) үш бірдей қалаларында бар. Сондай-ақ, аталмыш көшелерді Египеттің Каирінен, Германияның Берлинінен де кездестіруге болатынын біреу білсе, енді біреулер одан мүлдем хабарсыз. Ал, Ұлыбританияның астанасы Лондонда Абай үйі ашылғанын білесіз бе? Одан хабарсыз болсаңыз, ақпаратты сәл толықтыра өтейін. Аты аталған үй 1995 жылы салынған болатын.
Ұлы ойшылдың ескерткіші де әлемнің бірқатар елдерінде бар. Дәлірек айтар болсақ, Ресей, Венгрия, Иран, Өзбекстан, Қытай сынды мемлекеттерден ақынның алып денелі ескерткішін өз көзіңізбен көруге болады. Сонымен қатар, бұл тізімге Чехия, Румыния, Түркия мемлекеттерін де қосыңыз. Жуырда олар да қазақ ақынының 175 жылдығын тойлау мақсатында қаланың орталықтарына Абайдың ескерткішін орнатты.
Шынтуайтына келгенде, Абайға жасалған бұл құрметтерді қазақ хал­қына арналған құрмет деп қабыл­дағанымыз жөн болар. Өйткені, бұл баянды бастамалар аты аталған елдер арасындағы мәдени әрі әдеби қарым-қатынастың дамуына ерекше серпіліс әкелетіні айдан анық. Сондай-ақ, ара­дағы достық қатынастың ұлғаюына да өз септігін тигізетіні айтпаса да белгілі.
Сонымен Абайды ұлықтаған елдер жайында толыққанды сөз өрбіттік деген ойдамын. Енді Абайдың сөз саптау, шешендік өнеріне терең үңілсек деймін. Абай айтқан әрбір сөз қазір де өзінің құндылығын жойған жоқ. Ақынның әрбір сөзін ой елегінен өткізе отырып, Ұлы ойшылдың құдды бір болашақты болжай алатындай қасиеті болды ма екен деген ойда қаласың. Иә, Абай айтқан әрбір сөз сүйегіңді сырқыратып жіберетіні хақ. Әсіресе, еңбектенуге, білім алуға, бірлікке үндейтін сөздері терең ойға еріксіз батырады. Дегенмен, сөзге шешен бола тұра Абай да сөзден жеңілгенін білесіз бе? Білмесеңіз, осы тақырып жайында кеңінен сөз өрбітсек.
Ойы орамды оқырман сөзіме сенуге тырысыңыз. Кезінде би әрі болыс болған, шешендік өнері өз алдына бір төбе хакім Абайдың басынан ондай да жағдайлар өткен. Бірде Абай өзінің нағашыларына бармаққа бекінеді. Сонда әкесі Құнанбай Абайға нағашыларының тапқыр, сөзге шешен екенін айтып, әр сөзіне абай болуын өтінеді. Бұл туралы филология ғылымдарының докторы Бауыржан Ердембеков те өзінің «Ұлжан ана және Абай» атты мақаласында кеңінен әңгімелейді. «Шаншарлар тілінен Құнанбай да қатты сақтанған. Төмендегі дерекке жүгінейік: «Абай жас кезінде нағашыларына бармақ болған ойын әкесіне айтқанда, Құнанбай баланың тілегін құп алып:
– Балам, баруыңа қарсылығым жоқ. Өзіңе айтарым, сөйлер сөз, айтар ойыңның аңысын аңдағайсың», — деп ескерткен екен.
Бір күні нағашысы Тонтай екінті намазын обың-күбің оқып тез-тез бітір­гені, әрі діни қағиданы бұзып аяттарын шатастырып оқығаны Абайға өрескел көрінеді де:
– Нағашы, намаздың шариғат бел­гілеген қағидасын бұзып, төте тартатын жолы да болады екен-ау», — деп мыс­қыл­дап қойған сауалына нағашысы:
– Иә, балам, бұл сұрауың өте орын­ды. Әрі сенің бұл айтқаның Имам шафиғының тар жолына жатады. Бірақ біз пір тұтатын Имам ағзамның жолы біреу-ақ, яғни әлем қандай кең болса, оның шариғаты да сондай кең. Анау-мынау ұсақ-түйек қателіктер кешіріле береді. Өйткені, ол қағида «аттың жалы», «түйенің қомы», «садақтың оғы» сияқты қатал, қатыгез емес, — деп көзін сығырайта, көлгірси, күле жауап беріпті.
Абай ауылына қайтқан соң әкесіне: — Тонтайдың осынау ойланбастан айт­қаны, әрбір атаумен атаған өте кескінді, әм зәрлі сөзі өкпеме найзадай қадалды, — депті.
Құнанбай:
– Я, бұл жұмбақ сөзді қалай түсіндің? — деп ызғарланған екен.
Сонда Абай:
– Шешімін әділдікпен тура айтсам, «Аттың жалы» дегені — Еңлік-Кебекті атқа сүйретіп өлтірткен қатыгез Кеңгірбай бидің билігі. «Түйенің қомы» дегені — Қодарды келінімен түйеге теңдеп өлтірткен билердің үкімі. «Садақтың оғы» деп өкіне айтқаны — Қалқаман-Мамырды садақпен тартқан Көкенайдың қаталдығы деп түсіндім. Бұл сөздер Тобықты еліне таңба боп басылғандай сезіндім, бармағымды тістей-тістей аттандым, — депті.» деп келтіреді ғалым өз жазбасында. Міне байқап отырғандарыңыздай, Абай осы сәтте нағашысына қарсы сөз айта алмай, сөзден жеңілгенін, Құнанбайдың ескертуі орынды болғанын аңғаруға болады. Құнанбай демекші! Абайды сөзден жеңген екі адам болса, соның бірі – Құнанбай. Әке баласын сөзден жеңгенін айтыскер Айтақын Бұлғақовтың мына бір өлең шумақтарына зер салып, әбден көз жеткізуге болады. Айтыстың дүлділ ақынына айналған Айтақын ақын баласы Жандарбекке:
«Айналайын, қарағым, бері қара,
Мен саған тарихтан сыр дерек етем.
Бір кездегі бала Абай Құнанбайға,
Өзінің ойын айтып келеді екен.
— Әке, сізден оздым ғой білім алып,
Сізден менің зейінім зерек екен.
Деген сөзге Құнанбай ашуланбай,
Жауабын салмақтырақ береді екен.
— Құлыным, Құанбайдай болу үшін,
Абайдай бала таптыр, деген екен» — деп, жыр шумақтарының арасында дәйекті сөз келтіреді. Бұл өлең жолдарынан да Абайдың сөзден жеңіліп, әке алдында ыңғайсыз жағдайға тап болғанын түсінуге болады. Сөздің төркінін алыстатпай, ақынға қатысты тағы да бір дәйекті сөзді келтіріп, жазбамызды қорытындылауға тырысайын. Бірде хакім Абайдан: — Бұл өмірде кімнен, неден жеңілдіңіз, — деп сұраған екен. Сонда ұлы Абай: «Сөз ұқпайтын ақымақтан күнде жеңілемін» деп ойланбастан жауап беріпті.

ТҮЙІН: Бұл мақалада келтірген деректерге қарап, ұлы ойшылдың сөзден жеңілгенін аңғаруға бола­ды. Дейтұрғанымен, мұның бәрі шарасыздықтан орын алған жағ­дай­лар деп біліңіз. Қалай десек те, Абай­дың өлеңдері мен қара сөздері түсіне білген жанға өмірлік азық. Ұлы ойшыл қарапайым халықты ын­сапсыз той тойлауға емес, білім алуға, еңбек етуге, «бес дұшпаннан» ал­шақ болып, «бес асыл іске» берік болуға шақырды. Сондықтан да біз оның әлі күнге дейін маңыздылығын, құндылығын жоғалтпаған ұлағатты сөздерін бойымызға сіңіруіміз қажет. Сонда ғана біз Абай армандаған алып та, мықты мемлекетке айналамыз.

Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Поделиться ссылкой: