Кәсіп түбі нәсіп

1 024 Views

Тәтті түбіртабыс көзі

Кеңес заманында суармалы алқаптардың барлығына дерлік қант қызылшасы егілетін. Колхоздар тараған соң ауылшаруашылығы саласы тұралап, тіпті тоқырап қалған еді. Кейіннен жеке шаруа қожалықтары құрылып, ауылшаруашылығы қайта жандана бастағанымен, қызылша егуге ешкім қызығушылық таныта қоймаған болатын. Десек те, соңғы жылдары балтамырдың бабын табуға бет бұрған агроқұрылымдардың қарасы көбейіп келеді. Оған облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қызылша алқаптарын ұлғайту жөніндегі тапсырмасы да себеп болды.  Біз барған Жаңатұрмыс ауылдық округінде «Теміртас» және «Ілияс» шаруа қожалықтары екінші-үшінші жыл қатарынан тәтті түбірден табыс тауып жүр екен. Биыл 20 гектар жерге қызылша еккен «Теміртас» шаруа қожалығының басшысы Болат Испанқұлов «Тәтті түбірде табыс көп, дегенмен, түйткілдер де аз емес» дейді. Мемлекет тарапынан қолдау болмаса жоғары өнім ала алмайтындығын айтқан оның уәждері орынды көрінді. Техниканың тапшылығынан сәуірдің басында себілуі тиіс тұқымды мамыр айында егіп бір кешіксе, қажетті тыңайтқыштарды уақытында бере алмай тағы бір тығырыққа тірелетінін естіп, қол еңбегін көп қажет ететін дақылдың өнімділігі жоғары болуы үшін қаржылай көмектің маңыздылығын түсіндік. – “Колхоздың кезінде ауылда 1000-2000 гектарға дейін қызылша егілетін. Ол кезде Агробанк арқылы керекті қаржы уақытылы беріліп отыратын. Соның арқасында агротехникалық шаралар уақытында жүріп, гектарына 600-700 центнерден өнім алынатын. Қазір біз 300-350 центнерден өнім алсақ, қуанамыз. Егер ерте көктемде жеңілдікпен несие берсе, біз де агротехникалық шараларды дер кезінде өткізіп, жоғары өнім алар едік. Жиын-теріннен кейін алған қаражатты қайтарып беруге мүмкіндігіміз болар еді”, -деп балтамырды баптаудың да бас ауыртар тұстары көп екенін жеткізді.   – Қазір тыңайтқыш беретін дер кезі. Қаражаттың жоқтығы қол байлау болып тұр. Субцидия алсам тыңайтқышқа жұмсаймын, -деген Болат Әтімқұлұлы биыл да өнім көлемі 350 центнерден аспайды деп отыр. Алғашқы жылы әр гектардан 350 центнерден өнім алып, 3 млн. теңге пайда тапқан қожалықтың былтырғы өнімі 200-250 центнерден айналып, өзін-өзі зорға ақтапты.  Соған қарамастан, алдағы жылдары егістік көлемін 100 гектарға дейін арттыруды көздеп отырған қожалық жетекшісі келешекте мемлекеттік қолдаудың күшейетініне сенімді. Өйткені, өңір басшылығына Асқар Мырзахметов келгелі соның алғышарттары жасалып жатыр екен. Аудан әкімі Асқар Қырықбаевтың да оң бастамалары аз емес.   – Екі жыл қатарынан қылшаны қол күшімен қазып алдық. Жиырмаға жуық жұмысшы жұмыс істеді. Жиын-терін күздің қара суығына дейін созылып, әбігерге түсуші едік. Биыл аудан әкімдігі қажетті техникамен қамтамасыз етеміз деп қуантып қойды. Меркі қант зауытына балтамырдың келісін 8 теңгеден өткізіп жүрміз. Үкіметтен берілетін 12 теңге субцидиясы бар, бас-аяғы 20 теңгеден айналатын. Бұл мәселені де  қайта қарап, бағасын көтертеміз деп жатыр. Егер осылай қолдау көрсетіп отырса егістік жерді күзде айдап, ерте көктемде егіп алар едім. Күздегі ылғал мол өнімнің кепілі, -дейді қожалық басшысы. Жоғарыдағы мәселелерден бөлек, балтамырдың бабы келісуі үшін судың мол қоры керек. Он-он екі күнде бір айналып, он шақты мәрте су ішіп тұруы тиіс. Осыны ескеріпсұрау салдық. Жаңатұрмыста су жеткілікті секілді. Өткен жылы балтамырды 5 гектарға егіп, биыл 10 гектарға арттырған «Ілияс» шаруа қожалығының басшысы Сәбит Өскенбаевтың айтуынша, судан таршылық көрмеген.  Былтыр бұл қожалықтың да өнімі жақсы болмапты. Биыл үй тігіп, басында отыр. Жақсы өнімге қол жеткізсе, келесі жылы алқапты 15 гектарға жеткізбек ойы бар. Алқапта аптап ыстыққа қарамастан жеті жұмысшы қызылшаның шөбін шауып, бел жазбай еңбектеніп жүр.  Арамшөппен алысқандарына бір айдан асқан олардың бір күндік табысы 2000 теңге. Сөз ауандарынан шіліңгір шілденің ыстығына әбден үйреніп, шөп жұлуға да төселіп алғандары байқалады.

Мереке СЕЙДАШЫМ.

Поделиться ссылкой: