Келелі жиын өтті
22 ViewsОсы аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жиын өтті. Аталмыш кездесуге Қазақстан Республикасының…
Бейсекеңді отыз жылдан бері біледі екенмін. Ал жалпы Әлпейісовтер әулеті Құлан өңіріне ғана емес, бүкіл Қазақ еліне танымал. Әшімәлі кәрие заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов жазған «Жанпида» («Плаха») романының кейіпкері Калистратов поездан түсіп қалатын Жалпақсаз бекетінде туып, өскен соң Түркісіб темір жолында қолына қайла ұстап, жолшы атанады. Ол кезде Бейсенбектің әкесі ұл-қыздарының өз атын бүкіл Қазақстанға шығаратынын қайдан білсін. Қанай жұрты: «Әшімәлінің балалары бәрімізден озды. Бәрі де өкімет болды» дейтін еді.
Оның жөні бар. Ділдікүл мен Әшімәлінің тұңғышы Аманбай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудандық партия комитетінің хатшысы болды. Ал өзіммен түйдей құрдас Есенбай қолданбалы математика, автоматика ілімін жете меңгерген ғалым, техника ғылымының докторы, профессор атанып, қазір Нұр-Сұлтанда тұрып жатыр. Рыскүл мен Назгүл де ағасының жолын қуып, ғылым жолында жүр. Рыскүл математика ғылымының кандидаты, профессор, ал, Назгүл болса педагогика ғылымының кандидаты. Бақытжан Әлпейісовті бүкіл Қазақ елі күн құрғатпай теледидардан көріп отырады. Өйткені ол белгілі театр актеры, танымал киноактер. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері. Өкінішке орай мектеп директоры лауазымына дейін көтеріліп, жақсы атымен жұртқа таныла бастаған Жақыпбек дүниеден ерте озды. Аманбай да қазір ортамызда жоқ. Әйтсе де Бейсекеңнің бауырлары әулеттің жүгін, әке мен ана аманатын қары талмай көтеріп келеді. Әйткенмен біздің әңгімемізге арқау еткелі отырған азаматымыз осы үйелменнің оңқай асықтай ортаншы ұлы – Бейсенбек қой. Ендеше әлеуметтің жүгін қара нардай қажымай-талмай қырық жылдан аса уақыт бойы көтеріп келе жатқан Бейсенбек Әлпейісов туралы біз не білеміз?
Табаны күректей омыртқалы алпыс үш жыл бұрын бес ұл мен екі қыздың ортасында «шыр» етіп дүниеге келген ол ел қатарлы Тұрар Рысқұлов атындағы қазақ орта мектебінің бірінші сыныбына барды. Осы мектептің қабырғасында жүріп пионер галстугін, одан соң комсомолдық белгі таққан өрен мектептің қоғамдық, мәдени жұмыстарына белсене қатысты. Қабырға газетінің редакторы әрі суретшісі, көркем өнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі, волейбол және шахмат үйірмелерінің белсенді қатысушысы бола жүріп, пән олимпиадаларына да қатысып, жүлдегер атанды.
1974 жылы мектепті үздік бағаға бітірген ол бірден арман қала Алматыға тартты. Сөйтіп, Қазақ Ауылшаруашылығы институтына механика факультетінің студенті болып оқуға қабылданды. Мектепте жүріп қоғамдық жұмыстарға белсенділікпен қатысқан оны жоғары оқу орнының ұжымы да құшақ жая қарсы алды. Еті тірі емес пе, ә дегеннен-ақ, факультеттің оқу-тәрбие комиссиясының, студенттер кеңесінің мүшесі болып сайланды. Бейсенбек институт жанындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестріне домбырашы әрі қобызшы болып қабылданды. Бұл 1977 жыл болатын. Өнерпаз студенттер сол жылы гастрольдік сапармен ФРГ-ге аттанды. Олар осы сапарда немістің Франкфурт на Майне, Гамбург, Дюссельдорф, Кельн тағы басқа сол сияқты сегіз қаласында өнер көрсетіп, Алмания жұртшылығының алғысына бөленді. Бейсекең арада бір жыл өткенде Алматыда өткен «Студент көктемі» байқауына қатысып, домбырамен құйқылжыта күй тартып, лауреат атанды.
Сонымен студенттік қызығы мен қызуы мол жылдар да артта қалды. 1979 жылы қолында білдей дипломы бар маманды оқу орны жолдама беріп Жезқазғанға аттандырды. Ол кезде кеудеде жастық жалын, санада сан түрлі ой бар, тас қопарып, тау тұрғызатын талап та жоқ емес болатын. Бейсенбек «Талап» деп аталатын кеңшарда машина трактор паркінің меңгерушісі болып еңбек жолын бастады. Жаныңда — Магнитка, қалада – жастар. Сөйтіп, не керек ауылдағы қоңыртөбел шаруаға үйренген оған жер жыртқызып, егін салу деген таңсық жұмыс емес болатын. Былайша айтқанда, диқаншылық кәсіп те ол кезде құрметті саналатын. Тыңдағы екі жылда ол әбден ысылды, тіпті бас инженер-механик дәрежесіне көтерілді. Алайда отбасылық жағдаймен Луговойға қайтуына тура келді. Келген бетте Луговой жөндеу-механикалық зауытына шебер болып жұмысқа орналасты. Екі жыл шетте жүріп елді жатырқап қалған оны жұрт жатырқамады. Қайта: «Өз баламыз, жас маман» деп аға инженер-технолог лауазымына көтерді. Қашан көрсең қоғамдық жұмыстан қашпайтын Бейсенбекті зауыттықтар да жылы қабылдады. Сөйтіп, бір күні кәсіподақтар көпшілік жиналысында оны төраға етіп сайлап жіберді. Міне, осы күннен бастап Бейсенбек Әшімәліұлының идеологиялық жұмыстағы карьерасы басталды.
Киіміне төрт жыл ішінде зауыт майының иісі сіңіп, қара жұмысшылар оны: «Өзіміздің адам» деп толыққанды атай бастағанда Бейсекеңе ауатком «құда» түсті. Ол кез: «Партия қайда болса – біз сондамыз!» деген ұранның бойға сіңіп, белең алған тұсы. Оның үстіне су жаңа партия билетін алған интеллигент қайда барады. Аупарткомға нұсқаушы болып келді. Енді ол, Лес Бекебаев, Әшіркүл Қохаева, кеңес Исмаиылов, Болат Серікбаев сынды тіс қаққан партия «жауынгерлерімен» иық түйістіре жұмыс істей бастады. Сырттай қараған адамға идеологиялық жұмыс аса көзге көрінбейтін сияқты болып көрінеді. Ал кабинеттегі қыруар қағазды ақтарып кеп жіберсең: «Бұл жұмыс биыл бітпейтін шығар» деген сөздің аузыңнан қалай шығып кеткенін білмей де қаласың. Сонымен не керек Бейсекең осынау ақпараттық кеңістікке өзін үш жыл «байлап», саясат майданының нағыз сайыпқыраны болып шыға келді. «Енді баланың партия ұйымын басқаруға қабілеті» жетеді деп шешкен болуы керек, бір күні аупарткомның бірінші хатшысы Тұрсынхан Мүсірәлиев алдына шақырып алып: — Сені «Жаңатұрмыс» колхозына партком хатшылығына ұсынып отырмыз. Арғы жағын бара көрерсің, коммунистер оң көзімен қарап жатса, партком секретары да болып қалуың ғажап емес» деді.
Сонымен кешегі зауыт инженерін колхоз коммунистері бірауыздан дауыс беру арқылы бастауыш партия ұйымына хатшы етіп сайлап алды. Мұнда да Бейсекең баяғы өзінің бойға сіңген көпшілдігімен үш жыл табан тіреп көппен жұмыс істеді. Жаңатұрмыстықтар оны жатырқаған жоқ. Қайта Бейсенбек Әшімәліұлының қолдауымен біраз мамандар мен колхозшылар партия қатарына өтіп, партиялық билеттерін қолына алды. Ауылдағы клубтың жұмысы жанданып, жастар қоғамдық белсенді жұмысқа бір кісідей араласа бастады. Шаруашылықтың экономикалық көрсеткіштеріне де партком коммунистерінің қажыр-қайраты кәдімгідей әсерін тигізді. Ол ұжымшар бастығының орынбасары лауазымын алып жұмыс істеп жүргенде Луговой жеміс-жидек өңдеу кәсіпорны директорының орынбасары қызметіне шақырылды. Одан соң селолық кәсіптік-техникалық училищесіне оқытушы, аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасының бас инженері, бөлім маманы қызметтерін атқарды. 1998-2004 жылдар аралығында банкрот деп танылған кәсіпорындар мен шаруашылықтарда конкурстық басқарушы лауазымында болды.
2004 жылы Бейсекең аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімін басқаруға келді. Ал 2012 жылдан күні бүгінге дейін аудан әкімінің орынбасары қызметін мінсіз атқарып келеді. Ол осы мерзім ішінде аудандағы қоғамдық-саяси ахуалдың жақсаруына, этносаралық тұрақтылықтың сақталуына және ұлттар Ассамблеясы жұмысының жандануына ұйытқы бола білді. Айту ләзім, идеологиялық жұмыстың әр қырын жетік білетін ол республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі қандай шараларды болмасын өткізуге үлкен белсенділікпен араласады. Сондай-ақ, Бейсекең мүше болып жүрген ауданның волейбол бойынша құрама командасы облыстың бірнеше дүркін жеңімпазы.
Бейсекең абырой, атақ іздемейтін, қайта қатардағы адамдарды Елбасының, мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға үнемі үндеп отыратын. Егер Дінмұхамед Қонаев Әлмұқан Исақовты еліміздің екінші идеологы десе, мен Бейсекеңді ауданның бас идеологы дер едім.
Десек те, адам ұрпағымен бай атанады. Әр адамның өз Отаны бар, ал оның екінші отаны – отбасы, яғни үрім-бұтағы, үйелмені. Бейсенбектің өз отаны бар. Ол оның асыл жары Рыстай – екеуі өсіріп отырған екі ұлы мен екі қызы. Олардың да барлығы жоғары білімді. Өскен-өнген әулет. Сегіз немере сүйіп отырған Бейсен мен Рыстайдың арманы бар ма екен, шіркін! Әсіресе, олар аты елге әйгілі Әлпейісовтер әулетінен болса ше? Дегенмен де барлық саналы ғұмырын, барлық күш-жігерін партиялық-шаруашылық, идеологиялық саяси, әлеуметтік-мәдени тұрмыстық салаларын дамытуға арнаған азаматымызды зейнет демалысына шығарып сала отырып, оған зор денсаулық, баянды бақыт тілейміз.
С.Қожеке.
Суретте: Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 және 25 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл, Қазақстан Республикасы Конституциясына 30 жыл мерекелік медальдарымен және «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған аудан идеологиясы саласын 30 жыл басқарған, елі құрмет тұтқан азамат Бейсенбек Әшімәліұлы Әлпейісов.