Жұлдызы жанған жігіт

834 Views

немесе еркін күрестен КСРО спорт шебері, көкпардан тұңғыш рет Әлем чемпионы атанған Қазақстан құрамасының капитаны және бас бапкері Қуанышбек Мағүріпұлы Құрамаев туралы біз не білеміз?

Әулиеата өңіріне аты мәлім атақты Нұрманбет байды көргенде Жанкел шешен: «Алты Алашқа ақындық өнеріңмен де, палуандығыңмен де мәшһүр болатын жөнің бар екен. Бірақ желкеңе жылқы мініп алыпты, содан байлыққа басың байланып қалыпты» десе керек. Сол Нұрманбет Бәкеұлы қанша бай болса да ағайынына, төңірегіндегілерге қарайласқан жаны жомарт кісі болыпты. Ол кісінің «Қарасай» бөктеріне тігілген он екі қанат үйі ешқашан жығылмайды, ал тай қазаны үнемі асулы тұрады екен. Ол кісі Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін салуға жүз құр ат айдатқан көрінеді. Сонда байдың мама ағашта байлаулы тұрған бәйге күреңі босанып кетіп, көп жылқыға ілесіп ала жөнеліпті. Сонда бай: «Кете берсін» деп қолын бір-ақ сілтесе керек.
Сол Нұрманбет байдың Құрама деген інісі дуанға белгілі би болған. Біз әңгімемізге арқау еткелі отырған Қуанышбек осы атақты бидің ұрпағы. 2004 жылы баба ұрпақтары Нұрманбет байға кесене тұрғызып, «Қарасай» бөктеріндегі бұрынғы «Прогресс» колхозының жұртында ат шаптырып, ас берді. Қуанышбек осы баталы шараға бас болып, әруақтың разылығын алған. Қуан бауырымызды бүгінде үйден табу оңай емес. Өйткені ол үнемі аттың жалында жүреді. Қазір ұялы телефон деген жақсы болды ғой, ілгеріде айлап жете алмайтын жерден көзді ашып-жұмғанша хабар алдырады. Атақты палуан, әлемге аты танымал көкпаршы жігітімізбен осы әлеуметтік желі арқылы байланысып, әйтеуір Меркідегі ұшқан ұясында жолығудың сәті түсті. Бірақ талай дүбірлі жарысты, жат жұртты көріп, қоян құлақтарын қайшылаған талай тұлпарларға мініп, түрік, ауған, қытай сияқты елдердегі жұрттың делебесін қоздырып жүргендіктен бе ол бізге салқынқанды көрінді. Сөзі де салмақты, томаға тұйық қалпынан айнымайды. Өзі де «Қарасай» шатқалының басында жатқан жылқыларын амандап, таудан жаңа түсіпті. Ол қыл құйрықты жылқы жануарына бала кезден бауыр басып өсті. Бәлкім сондықтан болар әңгімесін әріден бастады.
-Менің әкем Мағүріптің жирен қасқа аты болып еді. Жарықтық сол бәйге жиренімен сонау Сандық асуына барып ат жарысқа қатысып, сол бойда осы еңістегі үйіне қайтып келетін. Сонда: «Атым бәйгеден озып, бірінші келді» деп те айтпай, сәйкүлігін суытып, қора жақта жүре беретін. Ағам Қанатбек те, мен де атқа құмар болдық, әлі де сол пайғамбардың пырақтарын баптаумен айналысып келеміз. Ағамның «Орлик» және «Қара төбел» деген жүйріктері болған, бәйге бермеуші еді,- дейді Қуан (оны бала кезден солай атайды) осыдан ширек ғасыр бұрынғы шақты есіне түсіріп.
Иә, Қуанышбек бала жастан спортқа бейім болды. Осы Калинин, қазіргі Ақкөз батыр Қосанов атындағы мектепте жетінші сыныпқа дейін оқыды. Оның жауырыны жерге тимейтінін білді ме, жаттықтырушысы Шоқан Нәдірбеков мұны бірден Таразға алып кетіп, өзінің үйіне жатқызып күреске баулыды. Сексенінші жылдар болатын, Қуанышбектің аты қала ғана емес облыс спортшылары арасында жиі ауызға іліне бастаған кезде оны Алматыдағы республикалық спорт мектебіне ауыстырады. Міне, дәл осы кезде оның жұлдызы жанды. Талай қоян-қолтық жекпе-жекке шығып еркін күрес өнерін жете меңгерді. КСРО спорт шебері атағын алды. Сөйтіп, ол 1986 жылы Қазақстан Республикасының жасөспірімдер арасындағы чемпионы атағын жеңіп алды. Қуанды айла-тәсілге бай әдіске үйреткен жаттықтырушысы Нұрғали Рахманқұлов болатын. Өзі де бейнетқор, өте талапшыл адам еді. Сол жылы ғой деймін, Қуанды Одақтағы спорт мектептері арасындағы жарысқа алып барғаны. Қуан бұл жерде де бапкерін жерге қаратқан жоқ, екінші орын алып қайтты. Спорт мектебінде ол кейін Олимпиада чемпионы болған Мәулен Мамыровпен, Олимпиаданың күміс жүлдегері Ислам Байрамуковпен бірге боз кілемге шығып жүрді. Сол жылы мектепті бітіріп, Тараздағы Гидромелиоративтік-құрылыс институтының механика факультетіне құжаттарын тапсырды.
Арада екі жыл өткенде оны әскерге алды. Сөйтіп, ол спорт ротаға қабылданып, армиялық спорт клубының белді мүшесі ретінде халықаралық жарыстарға қатысып, ресейлік палуандармен күш сынасып, Қазақстан Республикасының ересектер арасындағы біріншілігінде де ерекше көзге түседі. Дарынды палуанды жаттықтырушылар енді Канаданың Торонто қаласында өтетін Әлем біріншілігіне алып барады. Қуан осы жарыста жүлделі орынға ілінбесе де, қазақтың: «Күш атасын танымас» деген сөзіне тәнті болып қайтады. 1996 жылы ол ауылға келіп, Меркідегі көкпаршылардың басын қосып, «Ботбай» командасын құрады. Ол құрған командада кілең білекті жігіттер бар еді. 1997 жылы көрші жатқан Луговой ауылында өткен жарысқа он екі команда қатысты. Көкпаршылар үш күн бойы сіркіреп жауған жауынның астында тақым түйістіріп, білек сыбанып әбден тартысты. Осы бәсекедегі репортажды өзім жүргізіп едім (С.Қ). Сонда меркілік шабандоз спортшылардың қайсарлығына, табандылығына тәнті болдым. Жарыс нәтижесі бойынша бірінші орын алған командаға «Москвич» автокөлігі берілді. Бұл меркілік Қуанышбек Құрамаев капитаны болған көкпаршылардың ең алғашқы жеңісі еді. «Осы жас көкпаршылардың құрамында әлі есімде Олжас, Нұрмат, Нүшка және Бека есімді жастар болып еді» деп еске алады Қ.Құрамаев. Осыдан соң-ақ облыстағы «лақ тартысу» ойындарына қатысып, көрерменнің көзайымына айналған Қуанды «Әулиеата» көкпаршылары құшақ жая қарсы алды. Осы команданың құрамында атақты көкпаршы Нұрдәулет Момыновпен тізе қағыстыра жүріп, 2000 жылы Өскеменде өткен Қазақстан Республикасы біріншілігінде «Әулиеата» командасы бірінші орынды қанжығасына байлады.
Осыдан кейін-ақ көкпаршылардың тасы өрге домалады. Екі жыл қатарымен екі айтулы бәйгені жеңіп алды. Сөйтіп, тараздық өжет жігіттердің қоржынына Түркістан қаласының 1500 жылдығы мен Тараз қаласының 2000 жылдығында тігілген бәйгелер келіп түсті. Атсүйер жанкүйер қауым сол кезде жасындай жарқыраған Руслан Құлымбетовтың шамдағайлығына, кейін Азия чемпионы атанған Дәулет Омбаевтың қайсарлығына, Бахтияр Ақбаев пен Мұстафа Ертаевтың, Ерлан Жұматаев пен марқұм Жәнібек есімді жігерлі жастың қарымды қимылына аямай қол соқты. Жамбылдық жампоздар Қырғызстан кубогын ұтқанда да бүкіл Қазақ елі тақымын қыса түрегелісті. Қуан өз командасындағы Айымхан Талдаев пен Ергешбай Ертаев сынды білекті әрі айла-тәсілі мол жігіттерді ұмытпайды. Өйткені олар өзі құрған «Нұртау» командасының құрамында 2002 жылы Халықтар ойынында жасындай жарқырады. 2003 жылы Алматыда Қазақстан біріншілігі өтті. Онда да бірінші орын біздің жігіттердің еншісіне тиді. 2004 жылы Қазақстанның туризм және спорт министрлігі ат спорты ойындарына аса мән беріп, оған ұлттық ойындардың ортасынан ойып тұрып орын берді. Бекболат Тілеухановты Ұлттық көкпар федерациясының президенті етіп сайлады. Сол жылы ұлттық құрама Қырғызстан мемлекетінің кубогын жеңіп алды. Осы ойынды бәріміз теледидардан тамашаладық. Жарысқа Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан, тіпті Ресей мен Қытайдың командалары да келіп қатысты. Қырғыздар бір емес екі командасын бәске қойды. Иә, «көкбөрі» тартысына айырықша мән беретін ақ қалпақты ағайындар бұл жолы қазақ жігіттерінен оңбай ұтылып қалды. Олар: «Көкпардан бізді ешкім жеңе алмайды» деп жүрген. Олардың менмендігі осы тартыстан кейін су сепкендей басылды.
2007 жылы Талдықорғанда өткен республика біріншілігінде де Қуанышбектің жігіттері ерледі, тағы да бірінші орынды жеңіп алды. Айту ләзім, қырғыз ағайындар 2004 жылғы жеңілістен соң Қазақстан жаққа қарауға бата алмай жүрген. Арада төрт жыл өткенде Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары қайта кездесті. Осы тартысты ойында біздің батырларымыз қырғыз ағайындарды 9:1 есебімен ойсырата ұтып, тағы да оларды есеңгіретіп тастады. Сонда мұны көкпардан Қазақстан құрамасының капитаны, бас бапкері болған Қуанышбек Құрамаев пен оның сенімді серіктері, мемлекеттік жаттықтырушы Атамекен Рүстемовтың, Нүркен Байдулиевтің, команда бастығы Гүлнәр Базарханованың еңбегінің жемісі деу керек. 2004 жылдан бері осы міндетті мінсіз орындап келе жатқан Қуанышбек Құрамаевтың командасы 2017 жылы көкпардан өткен Әлем біріншілігінде үлкен сынға түсті. «ЭКСПО -2017» өтіп жатқанда өткен дүбірлі додаға сонау жеті құрлықтың ар жағындағы Америка Құрама Штаттарының да командасы келді. Атқа теріс мінетін ковбойлар қазақы жылқыларға мініп, нағыз көкпар ойынының не екенін көздерімен көріп, қазақ атты ұлттың шабандоздығына таңдай қағысты. Қазақтың мұғалжар тұқымды жылқыларын мінген мадиярларды да көріп, едік енді Түркияның Денизли қаласында өткен жолдастық кездесуге қатысқан түрік ағайындар да Қара теңіздің қайратын алып Қазақстанға келіпті. Тарпаңын тізгіндеп 300 жыл Қап тауына дейінгі ұлан-байтақ өңірді билеген Шыңғыс хан ұрпақтары — монғолдар да қалпақтарын шошайтып, әлем кубогынан үміт артып, олар да Астана төріне атын байлапты. Сөйтіп, не керек Қуанышбек Құрамаевтың жігіттері жеті күн дегенде атшабар алаңында Қазақ елінің көк байрағын желбіретті. Бүкіл әлемге жар салып әнұранымыз орындалды. Осындайда жаға жыртысып, жан алысып, жан берісіп көкпар тартқан Ұлан Байтөреевтің, Есжан Құрманбайдың, Құрманбек Тұрғанбектің есімдерін қалай атамассың.
Иә, біз Қуанышбек Құрамаевтың жігіттерінің тұңғыш рет Әлем чемпионы болғанын білеміз. Ал, оны қалың елім, қазағым біле ме? Махамбет пен Исатай, Жауғаш пен Сыпатай, Тоғызақ пен Таңабай батырлардың ерлігі ғой бұл. Ал менің алдымда моп момақан ғана Нұрманбет пен Құрама бидің ұрпағы отыр. Ол өзі туралы Айды аспанға шығаратындай шындықты жалпақ жұртқа жария еткісі келмейді. Ол ауғандық бузкашылардың (көкпаршылардың) президенті Сайфуддинмен қара жаяу ғана дауыспен сөйлесіп отыр. Өйткені оны түрік оғландар да, тәжік мехмандар да жыға таниды. Қазақ көкпарының даңқын бүкіл Әлемге паш еткен осынау бауырымыз қазір Таразда тұрып, Нұр-Сұлтан шаһарында жұмыс істейді. Бірақ жұмыстан қалт етсе болды Меркідегі өзінің ата қонысы «Қарасайға» келіп, жылқысын амандап жатып алады.
Иә, оның Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт қайраткері, Құрметті спортшы деген атақтары бар. Осынау спорт саңлағына туған жері – Меркі жұрты қандай құрмет көрсетіп жатыр? Көрші жатқан Тұрар Рысқұлов ауданында Ермахан Ыбырайымов сияқты Олимпиада чемпионы, Ислам Байрамуков сынды Олимпиаданың күміс жүлдегері бар. Олар жеңімпаз атанғанда бүкіл халық аяғынан тік тұрып қарсы алды, астына ат, машина мінгізіп құрмет көрсетті. Ал меркіліктер Қуанышбек Құрамаев пен жамбы атудан Әлем чемпионы атанған Елдос Бадашевтарға ондай құрмет көрсете алған жоқ. Әлемдік біріншілікте ұлтымыздың туын көтерген осындай азаматтарымызға шетелде үлкен мәртебе беріп жатқанда біздің әрекетсіз отырғанымыз жөн бе? Әсіресе, өсіп келе жатқан ұрпаққа олардың осынау патриоттық істерін таныстыру арқылы шәкірттеріміздің бойына керемет ұлттық мақтаныш ұялатпаймыз ба?
Қалай десеңіз де ұлттық спортымызды зәу биікке көтерген Қуанышбек сынды жігіттің жампозының есімі тарихта қалады. Оны елге насихаттау біздің азаматтық парызымыз деп білеміз.

Сейсен Қожеке,
Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері, журналист.

Поделиться ссылкой: