Ұлағатты тұлға

530 Views

Әлемдік руханияттың көкжиегін кеңейтіп, адамзаттық ойларды алға тартқан данышпандардың еңбектері құнды әрі нәрлі. Ал әл-Фараби шығыс ғылымының шамшырағы іспеттес екеніне дау жоқ. Отырарда туып, Бағдаттан білім алып, барша әлемге білім дәнін сепкен ойшылдың ұлылығына қайран қалмасқа шара жоқ. Иә, ол қазақ халқының ғана емес, бүкіл әлемдік өркениеттің рухани игілігі, ислам және әлем философиясының жарық жұлдызы. Ол әлемді тануға және бүкіл адамзаттың рухани дамуына теңдессіз үлес қосты. Сондықтан осы айтулы мерейтой биыл ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесі аясында халықаралық ауқымда аталып өтеді.
Биыл әл-Фарабидің туылғанына 1150 жыл толуына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің тапсырмасы бойынша біршама мәдени іс-шаралар болды. Алайда, қауіпті кеселдің кесірінен түрлі жиындар, мерекелік кештер online форматта өтуге мәжбүр. Әттең, ұзын арқан, кең тұсау. Сонда да бұл қиындыққа қарамай, елдіктің тұғырын биік ұстау үшін елімізде әл-Фараби мұраларын дәріптеу жұмысы жақсы өтіп жатыр. Жоғары оқу орындарында әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығына арналған пәндер оқытыла бастады. Еліміздегі барша оқушылар мен студенттер ғалым мұрасымен танысып, оның философиялық ойларын талғаммен зерделеуде.
Ойлап қараңызшы, әл-Фарабидің мұралары мың жылдан астам уақыт бойы өз өзектілігін жоғалтпай келеді. Құдіреттің күштілігін осы кезде айту ләзім. Әл-Фарабидің мұрасы – бүкіл әлемдік ғылым дамуының тарихи іргетасы ретінде бастау алған. Ұлы ойшылдың 160-тан астам трактатта көрініс тапқан шығармашылығы ғылымның негізгі бағыттарын дамытуға ықпал етті. Тіпті, ол адам миына сыймайтын дүниелердің басын шолған. Математика, филология, астрономия, физика, музыка… Бұл тізімнің шегі жоқ. Шынымен, әл-Фараби білімінің шегі жоқ. Шексіз. Ол өз заманында: «Егер адам шынайы түрде ғылыммен айналысамын десе, дүниелік күйбең тіршілікті ойламауы тиіс» деген. Расында, ол пенделік ойларды ысырып қойып, тек ғылым мен білімнің ошағын жақты. Бүкіл әлемге шуағын төкті. Бұл – ұлылық.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың:«Бүгінде әр қазақстандық өзді-өзінен елімізге жақсы болып, біздің Отанымыздың дәулеті артуы үшін «Мен не істедім?» деп сұрауы керек. Егер әр азамат осылай пайымдайтын болса, бүкіл еліміз өзінің дамуына қарқын қосарына сенімім мол» ,-деген сүбелі сөзі үлкен ойларға жетелейді. Қазіргі таңда әл-Фарабидің өлмес мұрасы қалың көпшілікке кеңінен қолжетімді. Біз, жастар, ойшылдың мұраларын толыққанды түйсіне оқып, өзімізге азық ретінде пайдалануымыз керек. Сонда ғана біз әл-Фарабидің шынайы болмыс-бітімін тани аламыз.

Азамат АМАНТАЙ,
Айтқұл Шынасілов атындағы
орта мектептің 10 сынып оқушысы.

Поделиться ссылкой: