Құлан қалашығы жайында не білеміз?

1 377 Views

Ежелгі заманнан естелік болып қалған жәдігерлердің адамзат тарихында маңызды рөл атқаратыны айтпаса да белгілі. Сондықтан болар, соңғы кездері әр төбенің бауырына жасырынған, жазық даланың кеудесіне орнаған құндылықтарды тануды мақсат тұтып келеміз. Дейтұрғанымен, санамызда «Айтқан әрбір сөзіміз істеген ісімізге сай келе ме?», «Біз осы тарихи жәдігерлер жайында не білеміз?», «Оларды заманға лайықты насихаттап жүрміз бе?» деген заңды сауалдар еріксіз туындайды. Ендеше біз бүгін өткен күндерді қайта парақтап, осы бір қойылған сұрақтарға жауап іздеп көреміз.

Құт дарыған, қасиет жай­ла­ған қазақ даласының қай қиыры болмасын құнды­лық­тар­ға өте бай. Әр өңірдің өзіне тән тарихи мекені, көне жұр­ты, қазақтың тарихына қа­тыс­­­ты құндылықтары бар. Сон­­дай-ақ, оған кезінде ата-баба­­ларымыздың жүріп өткен ер­лік жолын, ұстанған салты мен ғұрпын да қосыңыз. Олардың барлығы да күн өткен сайын құндылығы артқан, құпиясын жер қойнауына жасырған, ға­жайыбымен таңқалдырған та­рихи дүниелерге айналып келеді. Дәл сондай тарихи нысандар біздің ауданымызда да баршылық. Бар деймін-ау.Тіпті, көп десем де артық айтқандығым емес. Солар­дың бірі әрі бірегейі – киелі Құлан қалашығы.
ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мәдени мұра тізіміне енген қала­шықтардың қатарына бәрі­мізге жақын таныс киелі Құлан қалашығы да жатады. Құлан ауылының маңында орналасқан ежелгі қала 2014 жылы атал­мыш ұйымның тізіміне ен­гізілген болатын. Жалпы көне қалашық жайында тарих бет­те­рінде келтірілген деректер өте көп. Солардың бірін Қытай тақуасы Сюань-Цзянының жол бағ­дарламасында және Тан динас­тиясының тарихында қала «Цзюй-Лань» деген атпен ата­лып өткен. Ол туралы VІІІ-Х ғасырларда Ұлы Жібек жо­лының бойын­да орналасқан қалаларды си­пат­таған араб авторлары да жа­зып өткен. Араб географы Ал-Максиди өз еңбектерінің бірінде «Құлан – бекіністі қала, онда соборлы мешіт (Медина) бар, ол үлкен Тараз жолында» деп жазған. Құланмен бірқатар тарихи оқиғалар байланысты. Мәселен, 740 жылы түргеш бегі Құрсұл батыс-түрік қағанатының ең соңғы қағаны Ашин Сыньды осында өлтірсе, 840 жылы араб әскерлері Құланға дейін жеткен екен. Қаланың топографиясынан шахристан, ішкі қамал және шығыс жағынан бекініссіз рабаттың іздері аңғарылады.
Ашық дереккөздердегі мәлі­меттерге қарағанда, Құлан қала­сын бірнеше ғасыр бойы ешбір жау басып ала алмаған. Тіпті, онда сырттан бөтен адамдар да кіре алмаған екен. Оған дәлел ре­тінде мына бір жазбаны кел­тіруге болады. «Осыдан бірнеше ғасыр бұрын біздің өлкеде бір үлкен шаһар болыпты. Өзі биік төбенің үстінде қоныс тепкен көрінеді. Жан-жағы сай-сала, саз-балшық, қалың қамыс. Қамалға сырттан жан баласы кіре алмайды екен. Қалаға кіре­тін тек бір ғана жол бар. Ол шаһар­дың ішінен ғана ашылатын аспалы көпір. Сондықтан ол қаланы бірнеше ғасыр бойы жау басып ала алмапты. Ал саз­ды кешіп өту мүлдем мүмкін емес. Ол аумақта саз жағалай қалың қамыс өсіпті. Арасында құлан жайылып жүреді екен. Сонысына қарап бұл қаланы «Құланды», кейіннен «Құлан» деп атап кетіпті» делінген аңыздардың бірінде. Құлан қалашығының маңы әлі де сазды. Соған қарамастан, бекіністің жасалуы бұл аймақтың саяси қала болған­дығын дәлелдейді.
2015 — 2018 жылдары қала­шыққа зерттеу жұмыстары жүр­гізілді. Археологиялық зерт­теулер Құлан жұртының орталық бөлігінде, атап айтқанда, қа­мал және шахристанда жүр­гі­зілді. Қала қамалының көле­мі шамамен 40х40 метрді құрайды. Қазба қамалдың солтүстік-батыс бөлігінде 15х15 метр көлемде салынды. Қазба барысында Х-ХІ ғасырдағы сарай қал­дықтары анықталды. Сарай қатты қираған, тек іздері қалған. Оның астынан монументалды ғимараттың сұлбасы көрініп тұрды. Аршу барысында Батыс-түрік қағанатының дәуірінде, VІІ ғасырда салынған қамалдың бір бөлігі екендігі анықталды. Қазба нәтижесінде ғимараттың 5 бөлмесі анықталды, оның үшеуі толықтай аршылып зерттелді.
Бөлмелердің бірі өте бай өрнекпен безендірілген. Қарама-қарсы қабырғаларда арка тәрізді ойықтар бар. Ойықтардың ай­наласы мен қабырғалары оюлы ме­дальондардан тұратын бор­дюрлермен безендірілген. Әрбір медальондағы оюлар мотивтері бір-бірін қайталамайды. Бор­­дюрдің астымен жүзім бейне­ле­ген қатар жүргізілген.
Ойықтың алдында ашық ошақ орналасқан. Бұл ошақта отқа табынушылар «киелі отты» өшір­мей жағып отырған. Одан шыққан күлді қасындағы сыпада арнайы орынға төгіп отырған. Бөлме қабырғаларының бойы­мен сыпалар салынған. Бұл бөлме қамал жүйесіндегі ғибадат­хананың орны деп болжаймыз.
Келесі бөлме көлемі жағы­нан үлкендеу. Оның да қабыр­ға­ларының бойымен, оларға жапсарластырып сыпалар са­лын­­ған. Сыпалардың биіктігі әр­­келкі. Төрдегі сыпаға екі бас­пал­дақты тепкішекпен шыға­тын болған. Қабырғаларда 8 шам қоятын ойықтар бар. Олар­дың астында, адамның бойымен шамалас биіктікте сюжетті бейнелері бар таспа жүр­гізілген. Бейнелерден адам­дар, жануарлар, құстар мен түрлі белгілерді ажыратуға бола­ды. Сурет алебастр сы­лақтың үстіне сызу арқылы салын­ған. Өкінішке орай, алебастр сылақ қазір тү­сіп қалған. Сызықтар ізі астындағы саз сылақта қалған. Адам бейнелері арасынан би­леушіні, оның уәзірлері, абыз, ту ұстаған жауынгер мен аң­шы­ны ажыратуға болады. Аң-құстардың ішінен кептер, қыр­ғауыл, тау ешкісі мен түл­кілерді атауға болады. Аталған суреттер бұрын жартаста бейнелеу өнеріне тән деп келген. Ғимаратты безендіруде пайдаланғандығы бірінші рет анықталып отыр. Бұл де­ге­німіз – аталған ғимаратты жер­­гілікті шеберлер салып, бе­зен­діргендігінің дәлелі. Атал­ған бөлме қамалдың салтанат бөлігі іспеттес. Мұнда би­­леуші жиын өткізіп тұрған. Қызметшілерін дәрежесіне қарай сыпаның биік-аласа бөлігіне отырғызып, өзі тепкішекпен шығып, төрдегі таққа отырған деп болжап отыр­мыз.
Алдағы жылдары да жүр­гізі­летін зерттеулер қамалдың қал­ған бөлігін ар­шу­ға мүмкіндік береді деп сене­міз. Сонда ғана қамалдың толық құрылымы анықталып, Қа­зақстан тари­хында алғаш рет түркілердің құрылыс салу өнері туралы толық­қанды білетін бола­­мыз.

Зәуре Сарманбетова,
аудандық тарихи-мәдени ескерт­кіш­терді қорғау инспекторы.

Поделиться ссылкой: