«Ғибратты әуен кітабының» тұсаукесері өтті

963 Views

Мэлс Өзбековтің өнер өлкесіндегі өрнегі өреде өрулі. Таланттың тағдыр талайына тиген тауқыметі де толағай. Тәңірі оның маңдайына қаншалықты өміршең өнердің сәулесін төксе, сон­шалықты көңілінің құтысына мұң құйды. Шарапатынан гөрі қиянаты көп өмірдің ащы дәмін татты. Алайда оны қара жер өз құшағына алғаннан кейін өнері бағаланды. Парадокс. Ақырында әділеттіліктің туы көтерілді. Соның нәтижесі ретінде Мэлс Өзбековтің есі­мі аудандық мәдениет үйіне берілді, сазгер құрметіне бюст орнатылды, өзінің туған жері Көкдөнен ауылында көше атауы Мэлс Өзбековтің атымен аталады.
Өткен сенбіде аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің алдында композитордың құрметіне «Ғибратты әуен кітабының» ашылу салтанаты өтті. Ескерткіш кітап-тақтаға аудан жұртшылығының әнұранына айналған сазгердің «Келші, Құланға» әнінің мәтіні жазылған.
«Ғибратты әуен кітабының» тұсаукесеріне аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, өңірдегі мәдениет саласын дамытуға қомақты үлес қосқан өнер майталмандары Дүйсенәлі Бықыбаев пен әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Досымжан Таңатаров, аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық «Сұлтан» орталық мешітінің бас имамы Сұлтаншәріп Жадыраев, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Пазыл Сүлейменов, ұзақ жылдар аудан экономиксының дамуына қомақты үлес қосқан зейнеткер Бақытжан Іңкәрбеков, «Құлан-Дән» несие серіктестігінің директоры Рахманалы Әбдіқадыров, Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің ұжымы, баспасөз өкілдері және сазгердің замандастары қатысты. Іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлы: «Мэлс Өзбеков – өз заманының заңғар тұлғасы, тума талант иесі. Кезінде Тұманбай Молдағалиев, Әбдірахман Асылбеков, Арғынбай Бекбосын секілді асқаралы ақындар композитордың әніне сөз жазып, болашақ ұрпаққа әннен мәңгілік ескерткіш орнатып кеткен еді. Сол туындылар әлі күнге дейін көпшілік үлкен ықылас қойып тыңдайтын әндердің қатарынан түскен жоқ. Бұл үрдіс әрі қарай да өз жалғасын табады деп нық сеніммен айта аламын. Себебі өнер – өміршең» – деп өнерпаздың өнегелі өмірі жайында сөз өрбітті.
Артынша аталмыш ескерткіш кітап-тақтаның ашылу рәсіміне кезек берілді. «Ғибратты әуен кітабының» ақ матамен көмкерілген бетін аудан әкімі Е.Садырқұлов пен белгілі сазгер Д.Бықыбаев, аудан ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қ.Бижанов салтанатты жағдайда ашты.
Іс-шараның келесі бөлігі мәдениет үйінің фойесінде өз жалғасын тапты. Бұл жерде сазгердің өмірі мен шығармашылығы жөнінде сыр шертетін «Өркен жайған ән тарланы» атты көрме инсталляциялары қойылған. Атап айтар болсақ, Мэлс Өзбековтің тірі кезінде өзі қолданған мандолинасы, баяны, фотоаппараты мен қол сөмкесі сияқты құнды жәдігерлері көрме сөресінен орын алды.
Мэлс Өзбековтің құрметіне ұйымдастырылған іс-шараның ендігі бөлігі «Рухани жаңғыру» жобалық офисіне ойысты. Кешке жиналған азаматтар емен-жарқын отырып, дөң­гелек үстел басында өздерінің ойларын білдіріп, сазгер туралы сағынышты сырлар мен ескілікті естеліктердің тиегін ағытты. Ең алғаш болып сөз алған Қожайхан Қазыбайұлы: «Мэлс тек аудан хал­қын ғана емес, барша қазақ елін әнмен әлдилеп өтті. Оның нәзік иірімдерге құрылған төл туындылары алпыс екі тамырыңды иітеді, жан жүрегіңді жылытады. Әлі күнге дейін Мэлстің әндерін жадымыздан шығармай келеміз. Әсіресе, «Келші, Құланға» әнін ауданымыздың төлқұжаты деп санаса болады. Сөзсіз бұл ешқашан тот басып, тозбайтын сәулелі әндердің бірі дер едім» – деп Мэлстің мағыналы әндері туралы сыр ақтарды.
Бұдан кейін әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаров Мэлс Өзбековпен алғаш көрісуі жайында тебіреніске толы сөз қозғады: «Кезінде Ұлттық арнадан Әскербек Еңкебаев ағамыздың «Терме» бағдарламасын көрсететін. Мен мектепте оқып жүрген кезде сол кісінің арнайы шақыруымен өзіммен қатарлас өнерпаз қыз-жігіттерді Дүйсенәлі Бықыбаев ағамыз бастап Алматыға бардық. Сол кезде Мэлс ағамыздың үйіне ат басын бұрған едік. Ағамен ең алғашқы танысуым да осы болды. Ағамыздың екі бөлмелі үйіне ауылдың сарқытын әкеліп, әңгімеміз жарасып, көңіліміз жайланып, еркін отырдық. Отырыстың ортасына келген шақта қасымдағы Сандуғаш есімді әнші қыз екеуміз «Тобылғы сай» әнін барынша мәнеріне келтіріп айттық. Әннің қайырмасына енді келгенде ағамыз көзі жасаурап: «Бұл менің әнім ғой» деді. Біз түсінбедік, ағамыздың көңілшектігіне балай салдық. Сол кезде ол кісінің әндерінің қолды болып жатқанын кейіннен ұқтық. Алайда Мэлс ағамен ең алғаш танысуым менің өміріме үлкен өзгерістер әкелді. Содан үлкен сахнаға шығып, халықтың ықыласына бөлене бастаған шақта менде үлкен бір аманат болды. Ол – Мэлс Өзбековтің бір әнін өзіме еншілеп, барша халыққа таратамын деген ой еді. Бүгінгі күннің тұрғысынан қарасам, өзімнің ниетіме жеттім деп ойлаймын».
Өз кезегінде Мэлс Өзбековпен замандас болған аға буын өкілдері де сөз алды. Композитордың туысы Оразбай Үкібаев, журналист Сейсен Қожеке, Қоғамдық кеңестің төрағасы Пазыл Сүлейменов және мүшелері Бақытжан Іңкәрбеков, Рахманалы Әбдіқадыров, сондай-ақ, тағы басқалар сазгер туралы ойларын ортаға салды. Композитордың көзін көрген Бердіш Шахаров аудан әкіміне үлкен ұсыныс жасады: «Құрметті Ерболат Салқынбекұлы, сазгер Мэлс Өзбеков өзінің өмірінде небір қиын кезеңдерді бастан өткергенін сіз жақсы білесіз. Ол шығармашылық жолында 300-ге жуық ән жазған еді. Кейбір әндердің қолды болуына, ұмытылуына немесе басқа бір жағдайларға байланысты бүгінгі күнге дейін тек 70-і ғана жетіп отыр. Оның өзі ел арасында тарыдай шашырап жүрген жайы бар. Енді бірлесе отырып, сол әндерді ноталарымен бірге жинаққа енгізетін де уақыт келген секілді. Бұл ұсынысымды аудан әкімдігі, аудандық мәдениет үйі іс жүзінде қолдайды деп сенемін».
«Ғибратты әуен кітабының» ашылу салтанаты кезінде ауа-райы бұзылып, күн көзі бұлт құшағынан шыға алмай, ызғарға ұласқан жел болды. Сыртта тұрған жанның бәрі дірдектеп, жаурап, өңдері қашты. Алайда іс-шара аяқталып, сыртқа шыққанда боранды желдің басылғанын байқадық. Күннің сәулесі де мол түсіп, адам жанына бір сәуле сыйлағандай. Бұл Мэлстің табиғатына біткен қоңыр мінезіне, жайсаң көңіліне ұқсайтындай көрінді. Бұл да жақсы адамның шарапатының әсері шығар. Бәлкім, кім білсін?..

Қанаттың Ақыметі.

Поделиться ссылкой: