Ел дамуына серпін қосады
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған екінші Жолдауында бүкіл әлемді алаңдатып отырған пандемиямен күрес жолдарын, оның елімізге алып келген зардабы мен өзгерістерін айта келіп, еліміздің әлеуметтік дамуына, ел тұрғындарының табысы мен жұмыс орындарының сақталуын, халқымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы жұмыстарға басты назар аудару керектігін қадап айтты. Мемлекет басшысының жолдауы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. Қазақ халқының әрбір азаматының көкейінде жүрген мәселені шешу жолына арналған жаңа Жолдау, ел дамуы мен халқымыздың өмірінде біршама жаңашылдықтың болатынын көрсетіп бергендей.
Тұрғындар үшін Жолдаудағы маңызды тапсырмалардың бірі — зейнетақыға қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, келер жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бөлігін үй алу, емделу үшін пайдалана алады немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алады.
Енді тұрғындарға несие алу қиындауы мүмкін. Себебі Президент өз Жолдауында жауапсыз несие беруді заң жүзінде тоқтату керек екенін айтты. Оның айтуынша, қаржы секторындағы жағымсыз фактордың бірі тұтынушылық сегмент пен бизнесті несиелеу арасындағы теңгерімсіздік болып отыр. «Тұтынушыларға тоқтаусыз, кейде жауапсыз несие беруді нормативті түрде тоқтату керек. Бұл әлеуметтік салдарға әкелуі мүмкін. Азаматтардың тиісті деңгейде қаржылық сауаттылығының болмауы оларға кредит өнімдерін негізсіз беруге себеп болмауы керек. Биыл менің тапсырмам бойынша нормативтік-құқықтық база өзгертілді. Қарыз алушының төлем қабілетіне талап айтарлықтай күшейді», — деді Президент.
Президент өз Жолдауында білім беру саласын да айналып өтпеді. Ол қашықтан білім беру үшін әлі нақты онлайн-платформа жасалмағанын сынады. Сондықтан, ол «Толыққанды білім үдерісі үшін қажетті барлық функциясы бар бір онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет» екенін айтты. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдер мәселесіне тоқталып, олардың жалақысы өсетінін айтты.
Мұғалімдерден бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді де ұмыт қалдырмады. Ол пандемия бұл саланың қандай маңызды екенін көрсеткенін айтты. «Пандемия әкелген дағдарыс көп нәрсені үйретті. Мысалы, дәрігерлер еңбегін бағалау. Себебі бұрын медицина қызметкерлері мемлекеттің назарынан тыс қалған еді. Мамандықтың маңызы материалдық көмекпен де анықталу керек», — деді Мемлекет басшысы.Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне екінші жарты жылдыққа төлемақы ретінде 150 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлуді тапсырды.
Жаңа Жолдауда Президент елдегі жемқорлықпен күрес мәселесіне де тоқталды. «Біз мемлекеттік бақылауға балама ретінде қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруымыз керек. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырамын. Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыра түсіру керек. Оларды сатып алуларды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тарту керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
С.Өскенбаев,
аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы.