695 Views
Қазақ мәдениетінің шырқау биігін бағындырған Шәмшінің әндері бүгінгі күні әр үйдің төрінде, қазақтың көгінде шырқалып келеді. «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші ХХ ғасырдың аяғындағы қазақ руханиятына төңкеріс жасаған тұлға. Рухани төңкеріс. Сондай-ақ, ол – қазақ халқының табиғатына тән қоңыр әуезді, лирикалық әндерді ұсына білді. Отырардан тараған Шәмшінің әндері барша қазақ өлкесін шарлап кетті. Қазақтың маңғаз даласын әнге бөледі. Оның әндері халқымыздың бойына біткен асыл қасиеттерді көрсете білген. Шәмші әндері жеңіл ырғаққа, құлақ құрышын қандырар сазға құрылған. Осы ретте мұзарт шыңның мұзбалағы Мұқағалидің «Шәміл-ау, Шәмші қайда, Шәмші қайда?» деп сұрау салғаны ойыма оралып тұр. Ол ешқайда кетпеді. Қазақ топырағында туған Шәмшінің туған жерінен алыстап кетуі мүмкін емес. Себебі ол ұлты үшін туды, елі үшін қызмет етті, қазір оның әндері барша қазақ даласын шарлап жүр.
Биыл Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толып отыр. Іргемізді жайлаған індеттің кесірінен сазгер құрметіне арналған іс-шаралардың саны да азайып кетті. Алайда осы қиын сәттің қиюын тауып, online форматта мерекелі кеш ұйымдастырып жүрген өнерпаздарды атап айту керек. Солардың бірі – аудандық М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінің ұжымы. Ш.Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толуына орай өткен аптада аталмыш мәдениет үйінде «Нәр берген ән-бұлақтан» атты әдеби сазды кеш өтті. Мерекелік кеште орындалған әсем ән де, сазгер өмірі туралы қойылған көрініс те сәтті шықты. Нұрлан Әмірбетов, Айша Жүнісова, Рысбек Қадырқұлов, Ерболат Құлышев, Тұңғышбай Сәдуақас, Эльмира Асылбекова секілді өнерпаздар өнер көрсетіп, әннен шашу шашты. Өнер ұжымының бірлескен түрде ат салысып, Ш.Қалдаяқовтың шығармашылығын дәріптегеніне көңіл хош. Алайда карантиндік шараларды сақтай отырып, алдағы уақытта мерекелік кештерді көрермендердің қатысуымен өткізетін мезгіл де жеткен секілді. Осы тұрғыда мәдени іс-шараларды көруге ынтық жандардың да бар екенін айтқым келеді.
Шәмші әрдайым қазақпен бірге өмір сүреді. Ол өз заманында қанша қуғын көріп, тағдырдың соқпағына ұрынса да, өнерге деген адалдығы жойылмады. Оның әндерін халқы бағалады, мойындады. Ақырында Шәмші-шындық жеңді.
А.Қамшыбек.
Поделиться ссылкой: