Шығыс жұлдыздары және Әбу Насыр әл-Фараби

504 Views

«Шығыста әйгілі жеті ақын бар, сол жетеудің ең осалының өзі менен мықты» – деген екен ұлы Гете. Ғылымның даму тарихында аты әлемге әйгілі сөз зергерлерін – Әбу Насыр әл-Фараби, әл-Кинди, ибн-Сина, Фирдоуси, Омар Хайям секілді кемеңгерлерді тізіп айтуға болады. Осы тұрғыдан алғанда ғасырлар қатпарларында жасырынған рухани мұралар баршылық. Ал халқымыздың даналығын көрсететін ірі тарихи тұлғаларды зерделеу қазіргі ұрпақтың парызы. Әл-Фараби ақын да, жаратылыстану сынақшысы да, математика білгірі де, медик те, философ және музыкант та болды. Ол білім мен ілімнің барлық саласына қатысты терең пайымдауларын, нақтылы байқауларын және айқын көзқарасы мен ғажап болжамдарын қалдырған.
Әл-Фараби алғашқы білімін Отырар медреселерінде алған. Өмірін араб елдерінде өткізген. Ол «Кемеңгерлік меруерті», «Қайырымды қала тұрғын­дарының көзқарасы», «Бақытқа жету» сияқты көптеген еңбектерді ұрпа­­ғына мұра етіп қалдырған. Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық жүйесі Шығыстағы ортағасырлық мұсыл­мандықтың рухани мәдениет тарихында және бүкіл адамзат мәдениетінде ерекше орын алады. Адамзат мәдениетінде тарихи тұрғыдан алып қарағанда үзілмес байланыс, сабақтастық бар. Мәдениеттің бір бөлігі есептелетін ғылымның даму жолы мұның айқын айғағы болса керек. Ғылымның, білімнің зәулім сарайы салынып, салтанат құру ісіне көп халықтың озық ойлы, ұшқыр қиялды азаматтары ат салысқан: бірі іргетасын қаласа, екіншісі қабырғасын тұрғызды, үшіншісі басқа бір кем-кетігін, тол­тырды. Көптеген ғалым, өнерпаздардың, ерте заманда өмір сүрген қайраткерлердің тарихта біршамасының аты қалмады, бірақ олардың еңбегі, ашқан жаңалығы адамзат игілігі үшін қалған асыл мұра ретінде ұрпақтан ұрпаққа, халықтан халыққа ауысып келеді, барған сайын молайып, кемелденіп жарқырай түсуде, мәңгі солай бола бермек. Сол секілді Әбу Насыр әл-Фараби жөнінде деректер көзі аз. Ол жайлы табылған әрбір жолды ақыл-ойдың күш-қуатын паш еткен өшпес өнегедей көреміз. Өйткені ол ақыл-ойдың төрешісі боп өткен көптеген ғылымның негізін салған ғажайып музыкант, әрі елші, математик, ақын болған.
Бір ғасырдан астам уақытқа шегініс жасап, біз үшін сырға толы жұмбақ жанның өмір жолынан көріністер беретін Әнуар Әлімжановтың «Ұстаз­дың оралуы» романына тоқталып өтейік. Осы туынды биылғы «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Әбу Насыр әл-Фарабидің туылғанына 1150 жыл толуына орай оқырман қауымға таңдалып, ұсынылуда. Өз заманының ұлы ұстазы бола тұра, адамзат үшін Аристотель мен Сократтың, Платон мен Птоломейдің, Гераклит пен Гиппократтың ілімдерінің жаңа қырларын ашып отырды. Халық оны даналығы үшін, қарапайымдылығы мен еңбексүйгіштігі үшін құрмет тұтатын, ал сұлтандар оның еркіндікті аңсаған ақыл-ойынан қорқатын. Әнуар Әлімжанов ағамыз романды қорытындылай келе: «…Ұстаздың өзі де, замандастары да оның өмірі жайлы еш дерек қалдырмапты» деп ескертіп кетіпті. Әбу Насыр әл-Фараби өзі өмір сүрген дәуір мен өз даласының ғана емес, бүгінгі мен болашақтың, ғаламның заңғар тұлғасына айналған жан. Шынында оның еңбектеріне күні бүгінге дейін тек түркі жұртшылығы ғана емес, бүкіл әлем халқы қызығушылық танытып отыр. Сол үшін ол мәңгі жасай бермек.

Нұршат ЕРСАЙЫН,
аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы.

Поделиться ссылкой: