Қара шаңырақта қалған қарағаев

634 Views

Зейін салып қараған адамға қара сөзінің мағынасы өте тереңде жатыр. Әйтпеген күнде қарға тамырлы қазақ қара шаңырақты қасиетті санап, ата-баба дәстүрімен қара шаңырақта қалған балаға жасы кіші болса да: «Оның жолы үлкен» деп сый-құрмет көрсетпес еді ғой. Қарақат ауылындағы Қарағай мен Терекбай егіз. Бұл қазақы ырымды қойсаңызшы, «шыр» етіп дүниеге келгенде жарық дүниенің жүзін алдымен Қарағай көрген соң, кейін: «Қара шаңыраққа да осы ие болсын» деп атадан қалған киелі отауға шешесі Зағипа түтін түтетіп, адыраспанмен аластап, босағаға қарауыл жілік пен аршаның сабағын іліп, тұңғыш келінін аялап табалдырығынан аттатқан екен. Алтынкүл келіні шаңырағына құт әкелді. Кейін Алмакүл Әбдірайымова, Ырзан Бұршақбаева сынды сауыншылармен бірге «Восток» колхозының атағын шығарды.
Үлкендер: «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» деп бекер айтпаса керек. Осы әулеттің оңқай асықтай, ойынды омыртқадай қариясы Тұрғынбек ақсақал бүгінде сексеннің бесеуіне келіп, қара нардай қасқайып қара шаңырағында отыр. Осы Қарақат ауылының үлкен-кішісі зәредей сыйлайтын азаматы Әбдіқадыр Оңалбековпен бірге Қарағаевтардың табалдырығын аттағанымызда қария бізді айлап-жылдап күткен жандай орнынан опырыла көтерілді. Қартымыз тың екен, қолындағы оқып отырған аудандық газетті еппен бүктеп, былайырақ ысырып қойған соң барып: «Иә, жол болсын?!» деді қыран бүркіттей қалың қабағын түйіп. Әбекең таныстырып өткен соң ғана жүзі жылынып, әңгімеге ыңғайлана бастады.
– Өмір, шіркін, ағысы бірде баяу, бірде қатты өзен екен, – деп әңгімесін әріден бастаған абыздың сөзін бөлмей, «шерін тарқатсын» деп, тізгінін босатып қоя бердік. – Осы «Октябрьшаруа» ауылында төрт жыл оқып, сауат ашқан соң төрт шақырым жердегі Луговойға жаяулап баратын едік. Луговойдағы аралас мектептің қара темірі (қоңырау ұратын) қағылғанша есікке сүріне-қабына жетіп, сол кездегі майдангер-ұстаз Құнанбаев, Әлімқожаев сияқты алпауыт ағартушылар басқарған білім ордасында он жыл оқыдық. Олар Нұрмаш аға сияқты іші-бауыры езіліп: «О, айналайын-ай…а, сен ана Қарағай атаның баласы екенсің ғой, оқуың да тәуір» деп қолпаштамайды да, біреуі әскери тәртіппен сөйлесе, біреуі қалалықтардың мәдениетімен ыздиып тұратын. Ол кезде әкем колхозшы, «Октябрьшаруа» колхозының танасын да, тайын да бақты. Ал шешем ғой Кенжебай бригадтың айқайын тыңдап, Шәуе бастықтың шаруасын тындырды. Бірақ шаршап, шалдықтым деген жоқ. Осы Байғұтты сияқты тракторды тізгіндеп мінген бейнетқор жандармен қатар қызылша өсіріп, колхоздың қырманын қызартты. 1954 жылы бізді «Восток» колхозына қосты. Бастығымыз өңкей орыс болды. Алғашында кол­хозды Диденко, одан кейін Ольховский, Вол­ковский, кейін Фролов басқарды. Мен 1956 жылы мектепті бітірдім. Қарап жүрем бе, Әбілдә Сүлейменов бас­қаратын бригадаға жұмысқа кір­дім. Екі күн қызылша суардым да оған ебім болмаған соң жүгеріге сушы болдым. Әйтеуір тамыз айы ке­ліп, Жамбылға оқуға баратын болдым. Сонымен ауданнан Тұрдалы Алда­жанов, Тоқтамыс Айтанов үшеуіміз Жамбылдағы зоотехниктер даярлайтын техникумға барып емтихан тапсырдық. Мен есепке жүйрік едім, екі сабақтан да «5» алдым. Кейін техникум директоры Есенғараевтың қолынан «қызыл» диплом алып, ауылға келдім. Алтынкүл жеңгеңе сол жылы үйлендім. Колхозда бастық Волковский болатын. Содан мал дәрігері болып, 36 жыл колхозда еңбек еттім. Бір тауарлы сүт фермасының өзінде 22 жыл фермер болдым» дейді Тұрғынбек ақсақал.
Иә, Тұрғынбек қария не көрмеді? Фермер болып жүргенде «Сусамыр» жайлауына шопандарды шығарып, ақтылы қой өргізді. Ол кезде Сермахан Орақбаев, Рақым Бақтыгутов, Омаш Бошқаев, Сырғақ Тілесәлиев сынды сайдың тасындай қойшылар колхоздың өрісін қойға толтырып, табысын молайтты. Ал өзі сияқты Иван Кротенко, Василий Вакинин мен Әзім Сұрапбаевтар санитар сөмкесін арқалап, қайда бармады десеңізші. Нәметбай Әзімбеков ше? Ол да көппен бірге жүріп, талай белден асты. Төкең партия қатарына өткенде Мақаш Иісбаев парторг болатын, ол кісі мұның тазалығына, адалдығына тәнті еді.
Иә, жылдар жылжып өте берді. Төкең 1996 жылы зейнетке шықты. Содан бері ортаншы ұлы Елтанмен (Ермегімен) бірге тұрады. Ермек те отставкада, полиция сержанты. Ал келіні Анардың болса төрт қыз, бір ұлды өсіріп, атасының көңілін аулап, шәйін демдеп отырған жайы бар. Алтынкүл жеңгей бақилық болып кеткен, бірақ ол кісі төрт қыз, екі ұлды дүниеге әкеліп, атақты сауыншы болып өмірден өтті. Есіркебі қалада тұрады. Назира, Раушан, Мәдина есімді қыздары тұрмыс құрған. Ең кенжесі Индира Қарағандының медицина университетін тәмамдаған, ғылым кандидаты.
Тұрғынбек ақсақал біз аттанарда көңілде кірбің, көкейде күптігей ой қалмасын деді ме: «Мен бір атақ, даңқ қуған адам емеспін. Соғыс жылдарында буыны бекімеген бала болсақ та, үлкендермен бірге тылдың ауыр жүгін беліміз қайысқанша көтеріп, бүкіл саналы ғұмырымды колхоз өндірісінің дамуына арнадық. Осы еңбегімді аудан әкімі мен Құлан ауылының әкімі ескерсе ғой… Өзіңнен кейінгі балдарға «Ауданның құрметті ардагері» деген медаль беріп жатса қалай өкпе-назыңды айтпайсың» деп шын ренішін жасырмады.
Иә, қарт адам кінәмшіл келеді. Бала сияқты ғой, болар-болмас нәрсеге өкпелеп қалады. Қадірлі ағайын, арамызда Тұрғынбек қария сияқты қамқорлыққа зәру қарттарымыз баршылық. Сол кісілердің көңілін ең болмаса «Қарттар күнінде» ескеріп, азын-аулақ сый-сияпатымызды беріп, үлкендердің алдында кішірейе білсек, неміз кетеді? Айтайын дегеніміз де осы еді, ағайын!

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: