Ән салшы, Айша!
Сіз дәстүрлі әнді тыңдайсыз ба, алдияр оқырман? Тыңдағанда да бар ықыласыңызды салып, ындыныңыз кеуіп, ынтығып. Алайда бұл сауалдың жауабы сіз бен бізге мәлім секілді. Өйткені бүгінгі күні дәстүрлі әнге, термеге, ұлттық өнерге деген қызығушылық кеміп бара жатыр. Оның бір айғағы экраннан есті әндер, сахнадан салиқалы саздар кеткелі де біраз болды ғой. Арагідік мерекелік күндерде немесе дәстүрлі әншілердің концерті болған кезде ғана ұлттық нақыштағы термелер мен жырларды тыңдап қаламыз. Трафарет деген осы екен. Себебі дәстүрлі ән, күмбірлеген күй қиялыңа қанат бітіреді, ойыңа өріс сыйлайды. Бұл адамның ой-танымын кеңейтеді.
Жыл басынан бері аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйі өнерпаздарының ұйымдастыруымен өткен біршама мерекелік кештердің куәсі болдық. Әншілердің жанды дауыста да, фонограммада да айтқанын көз көрді, құлақ естіді. Осындайда: «Көңіл көкжиегін кеңейтер дәстүрлі әндерді қашан тыңдар екенбіз деген сауал көкейде сайрап тұрғанын қалай жасырамыз?». Осы уақытқа дейін басылымның етжеңді нөмірлерінде жарияланып жүрген сүйекті мақалаларымызда аталмыш мәдениет үйінің ұжымына осы мәселе төңірегінде «қолқа салып» келеміз. Сол бір ойымыздың өзегін жалғағандай жұма күні Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің әншісі Айша Жүнісованың «Әуеле мені әуенім» атты ән кеші онлайн форматта өткен еді. Әннен шашу шашқан Айша әпкеміз есті ән, ескі ән айтты. Арзан сөзді ар көрген Айша Жүнісова «Майлықожаның термесі», «Дей салдым», «Дүлдүлім», «Аққұм», «Дедімай-ау» секілді халық әндерін шырқап, көңілді көкке самғатты. Айызымыз қанғандай өрелі өнердің өр шыңына көз жүгірттік.
Технократтық заманның ығына жығыламыз деп ұлттық құндылықтарымыздың бәсі кеміп жатқанын байқаймыз. Осы тұрғыда Айша Жүнісова секілді әншілердің шырқаған дәстүрлі әндерін көпшілік қауым көрермен залында отырып тамашаласа деген ой да қылаң береді. Сол бір ойымыздың ұшығын газетіміздің 1 желтоқсан күнгі №95 санында жарық көрген «Шәмшінің әні – халқының нәрі» атты мақаламызда жеткізгендей болдық. Кеш соңында осы тақырып жөнінде Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің директоры Нұрдос Базарқұловпен тілдескен едік. «Бүгінгі күні аурудың өршіп тұрған кезінде мерекелік концерттерді көрерменнің қатысуымен ұйымдастыру өте қауіпті болып тұр. Осыған байланысты біз бүгінгі күнге дейін көптеген іс-шараларды онлайн форматта өткізуге мәжбүр болып жүрміз. Мәдениет үйінің өнерпаздары да көрермендердің ыстық ықыласын сағынды. Бұйырса, 2021 жылдың алғашқы айында өтетін мерекелік кештерге сақтық шараларын орындай отырып, көрерменнің қатысуын қамтамасыз етеміз деген ниет бар. Ол күннің де ауылы алыс емес» – деп Н.Базарқұлов алдағы жоспарларымен бөліскен еді. Бұның бәрі уақыттың еншісінде екені әмбеге аян. Алайда аталмыш мәдениет үйінің басшысынан осы бір іргелі іс-шараларды көрерменнің қатысуымен өткізетін күнді асыға күтеміз.
Ақымет Қамшыбек.