Өзекті мәселелер талқыланды
Өткен жұмада аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Қоғамдық кеңес төрағасы Пазыл Сүлейменовтің төрағалығымен өткен жиында екі мәселе талқыланды. Біріншісі биыл аудан аумағында күрделі жөндеу жүргізілген 8 мектептің құрылыс жұмыстары болса, екіншісі «COVID-19» жұқпалы дертінің алдын алуға байланысты білім мекемелерінде карантиндік ережелердің сақталуы туралы мәселе күн тәртібінің негізгі тақырыптары ретінде өрбіді. Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен алқалы отырысқа аудан әкімінің орынбасары Жандос Ордабаев, Қоғамдық кеңестің мүшелері және мектеп директорлары қатысты.
Күн тәртібіндегі екі мәселе бойынша аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Майра Базарова баяндама жасады. «Бүгінгі таңда аудан әкімдігінің білім бөліміне қарасты 38 мектеп бар. Оның 28-і орта, 2-еуі негізгі, 8-і бастауыш мектеп» деп баяндамасын бастаған Майра Айдарбекқызы үстіміздегі жылы аудандағы білім мекемелерінде жүргізілген күрделі және ағымды жөндеу жұмыстарына жан-жақты тоқталып өтті. «Биыл 8 мектебіміздің ғимаратына күрделі жөндеу құрылыс жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 3 мектепке Ә.Бөкейханов, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебімен қатар №1 мектеп-лицейінің құрылыс жұмыстарына бюджеттен 845 миллион 493 мың теңге қаражат бөлінді. Ал қалған 5 мектептің, яғни Ақтоған, №3, Ақбұлақ, Болтай батыр және Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп ғимараттарының құрылыс жұмысы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында іске асырылды. Оған бөлінген жалпы қаражаттың жиынтық сомасы 920 миллион 910 мың теңге. Ә.Бөкейханов, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептерімен қатар №1 мектеп-лицейі ғимаратының қас беті металлосайдингпен қапталды. Сондай-ақ, күрделі жөндеуден өткен барлық 8 мектеп ғимаратының ішіне толық әрлеу левкас жұмысы жасалды. Есік-терезелері ауыстырылды. Сынып бөлмелеріне линолеум, дәліздеріне керамогранит төселіп, шатыры металлочерепицамен жабылды. Күрделі жөндеу жұмыстарының жобалары мен сараптамалары барысында көптеген кемшіліктер орын алғаны сіз бен бізге мәлім. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов пен Қоғамдық кеңес мүшелерінің зерделеу жұмыстары нәтижесінде кеткен олқылықтар біршама түзетіліп, құрылыс жұмысы өз деңгейінде жүргізілді. Барлық 8 мектептің мердігер компания өкілдері демеушілік көрсетті. Жалпы пандемия ел аумағындағы құрылыс жұмыстарына кері әсерін тигізгені белгілі. Әйткенмен, ауданда жүргізілген 8 мектептің құрылысы ойдағыдай аяқталды деп айтуға толық негіз бар. Оқушыларымыз жаңа оқу жылында жаңартылған білім нысандарына жоғары көңіл-күймен келіп, білімдерін жетілдіруде» деп баяндамасын аяқтаған сала басшысы күн тәртібіндегі екінші мәселеге ойысты.
– Қазіргі күні ауданымыздағы 14984 оқушының 4601 оқушысы кезекші сыныпта, 3550 оқушы дәстүрлі түрде, 6833 оқушы қашықтықтан білім алып жатыр. Аудандағы 23 мектепке дейінгі ұйымдардағы 85 кезекші топтарда 1073 бүлдіршін тәрбиеленуде. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 13 тамыздағы 345-ші бұйрығы бойынша коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты елімізде карантиндік шектеу шаралары орта білім беру ұйымдарындағы білім беру процесі кезінде толығымен сақталуда. Әрине, бұл пандемия бізге оңай болып тұрған жоқ. Бүгінгі таңда 22 мектеп дәстүрлі түрде, 16 мектеп қашықтықтан оқытылуда. Барлық санитарлық талаптар мектеп директорларының қатаң бақылауында. Қоңырау кезіндегі ерекшеліктер де бүгінгі күні қатаң сақтаулы тұр, –деді Майра Базарова.
Майра Айдарбекқызы өз сөзін толықтай аяқтаған соң Қоғамдық кеңес төрағасы Пазыл Әбілдаұлы «Баяндамашыға қояр сұрақтарыңыз бар ма?» дегенде:
– Аталмыш кеңестің мүшесі Мұратхан Стыбаев орнынан түрегеліп:
– Бар,- деп үн қатты. Сосын: «Майра Айдарбекқызы, мен сізге үш сұрақ қойсам деймін. Біріншісі, мектеп басшылары мен балабақша меңгерушілері өздері басқаратын ғимараттағы ақауларды жөндеу үшін сіздің атыңызға сұраныс жазады. Әрине оны орындау қаржыға келіп тірелетіні анық. Алайда, осы мәселені шешу үшін басшы ретінде өзіңізбен бірге білім бөлімі қызметкерлерінің кәсіподағы және бас есепші ақылдаса отырып талқылап, ортақ бір шешімге келіп, қаржы жағынан аудан әкіміне сұраныс болды ма? Бұл – бір. Облыс әкімінің 2018 жылы 29 маусымдағы №128 Қаулысымен бекітілген жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Жамбыл облысының 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын орындау жайлы аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың 2020 жылдың сәуір айында төрағалық еткен жиналысының хаттамасында: «Аудан әкімдігі білім бөлімі қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық және құқық бұзушылық шаралардың алдын алу мақсатында басшылық тарапынан бақылауды күшейту туралы тиісті шаралар қабылдансын. Ақша жинауға тосқауыл қойылсын» деп көрсетілген. Солай бола тұра, аудандық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы (СЭС) салған айыппұлды неге мектеп басшылары төлеуге тиісті. Осыған қандай шара жасалынды? Бұл – екіншісі. Соңғы сұрағым. Аудандық білім бөліміне қарасты 38 мектеп бар. Осыларда орналасқан бейнебақылауларды ауыстыруға қаржы қарастырылды ма? Қоғамдық кеңес мүшесінің сұрақтарына Майра Базарова төмендегідей жауап берді. Жоғарыда аталған 8 білім ошағының жобалық сметалық құжатында кемшіліктер болғанын жасырмады. Сол себепті жобада кеткен олқылықтарды құрылысты жүргізген мердігер компаниялар демеушілік есебінен жүргізіп бергенін айтып өтті. «Әрине, мектеп болғаннан кейін ақаулар болып тұрады. Луговой ауылындағы М.Горький атындағы орта мектептің отақазандығын газдандыру бойынша қыркүйек айында бізді «Фейсбук» әлеуметтік желісінде қатты сынға алған болатын. Дегенмен аталмыш мектептің отқазандығын газға ауыстыру мәселесін аудан әкімі де өз назарында ұстап отыр. 2021 жылға қаражат бөлу жайы қарастырылған. Мен осы қызметке тағайындалған кезге дейін аудандық білім бөлімі басшысының қаражат жинамау туралы бұйрығы шығарылған екен. Ол бұйрықпен барлық мектептің директорлары танысқан. Ал сіздің жаңағы айтып отырған уәжіңіз бойынша аудандық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы (СЭС) тарапынан айыппұл салынғаны рас. Ол айыппұлды төлеу бастауыш және негізгі мектептердің қолынан келмейтіні және шындық. Сондағы айыппұл төлеуге себеп болған фактор мектептердің қоршауы және асфальтінің жоқтығы, сондай-ақ, күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеген. Өздеріңіз білесіздер, аудандағы 8 бастауыш мектеп те ыңғайластырылған ғимараттарға орналастырылған. Сондықтан да білім ошақтарына қойылатын талаптар осы бастауыш мектептерде көбіне-көп орындала бермейтіні рас. Бұл жылда қайталанып келе жатқан өзекті мәселе. Аудан әкімінің тапсырмасымен біз мектептердің барлығын зерделеп шықтық. Қоршау мәселесі бойынша тиісті актілер жасалынды. Енді қаражат қарастырылады. Бұған ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Сондықтан ағымды жөндеу жұмыстары көп қаражатты қажет етпейді деген ойдамын. Біз СЭС-тің талаптарын орындауға тырысамыз, әрине. Осы мәселені біз аудан әкіміне, облыстық білім басқармасына жеткіздік. Бұл мәселе респбулика бойынша орын алып жатса да, бұны батылдық танытып, жоғары жаққа жеткізе білген тек қана Жамбыл облысы екенін айтқым келеді. Аудандағы қалыптасқан жағдайды аудан прокуроры да жақсы біледі. «Келісеміз» деп қол қойылып қойғаннан кейін біз де ешқандай амал болмай тұр, – деп жауап берді.
Содан соң Қоғамдық кеңестің мүшесі Рахманәлі Әбдіқадыров та білім бөлімінің басшысына: «№3 шағын орталықты орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. 2020 жылы аталмыш білім ошағының отқазандығы табиғи газға көшірілуі керек болған. Жобалық сметалық құжаты бар. Осы жағдай қандай күйде тұр?» деп сауал жолдады.Бұл сауалға сала басшысы: «Биылғы жылы 2 мектептің газдандырылуы жөнінде жобалық сметалық құжат бар. Бірақ №3 шағын орталықты орта мектеп бойынша жоба жоқ. Дегенмен, жоспарға енген деп айтайын енді. Жаңа да атап өттім 37 миллион теңгеге арналған М.Горький атындағы орта мектепті газдандырудың жобалық сметалық құжаты бар. Аудан әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілген. Құжат ЖКХ арқылы облысқа жіберілген. 2021 жылы бұл мәселе де шешіліп қалар деп күтілуде» деп жауап қайтарды.
Күн тәртібіндегі екі мәселе талқыланып біткен соң Пазыл Әбілдаұлы аудандық Қоғамдық кеңеске 10 мектептен өтініш келіп түскенін, ол жөнінде кеңес тарапынан арнайы комиссия құрылғанын айта келіп, келесі сөз кезегін кеңес мүшесі Әбдіқадыр Оңалбековке берді.
Өз сөзінде Әбдіқадыр Оңалбеков түскен өтініш бойынша зерделеу жұмысын жүргізген кезде көптеген орынсыз жағдайларға куә болғанын бүкпесіз айтты. «Мәселен, Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің әжетханасы әлі күнге дейін бітпей тұрғаны, ол жұмысты демеушілердің атқарып жатқаны анықталды. Сонымен қатар, Бірлес орта мектебінің әжетханасының еденінің тозығы жетіп тұрғаны және спорт залының да нобайы жетісіп тұрғаны шамалы. Және №3 шағын орталықты орта мектеп күрделі жөндеуден өтсе де, мектепті газдандыру мәселесі қарастырылмапты. Мектеп директорының айтуынша, жобалық сметалық құжат әзірленбеген көрінеді. Сондай-ақ, ауданда спорт залы жоқ 2 мектеп бар екен. Олар: Гагарин және №2 шағын орталықты орта мектептері. Бұл білім ошақтарындағы дене шынықтыру пәні қыс айы кезінде қайда өтетіндігі сұрақ тудырып отыр. Күрделі жөндеу жүргізілген 8 мектептің 6-ауы акт жасап, мектептен шыққан құрылыс заттарын ауылдарда асарлатып салынған үйлерге берген. Өкінішке орай, Ә.Бөкейханов және Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептерде мұндай жұмыстар жүргізілмей, акт жасалынбаған» деді Әбдіқадыр Оңалбеков.
Одан кейін мінбеге көтерілген Мұратхан Стыбаев та бірқатар шындықтың бетін ақтарды. «Шоқан Уәлиханов, Тұрар Рысқұлов, Ақтоған шағын орталықты орта мектептерінің әжетханасын орналастыруға қаржы қойылмай, демеушілердің есебінен жасалғанын білдік. Сосын білім бөлімінің басшысы аудан әкіміне аудандағы барлық 38 мектептердегі бейнебақылау 100 пайыз қамтылған деп ақпарат берген. Осыған байланысты сіздерге дәйекті дәлелдерді келтірейін. Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектебінде есте сақтау қабілеті жоқ 8 бейнебақылау бар, оның 3-еуі істемейді. Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектепте бейнебақылау 7, 1-еуі істемейді. Болтай батыр атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Бейнебақылауды жаңадан қоямыз деп уәде еткен. Алайда, мердігер компания уәдесін орындамай, бұрынғыны қайта қоюға тура келген. Алғабас мектебінде бейнебақылау 13, 6-ауы істемейді. Шолаққайыңды орта мектебінде электр жарығы өте нашар. Бейнебақылау 4, төртеуі де істемейді. Тунель жоқ. СЭС-ке 319 мың теңге айыппұл төлеген. Ә.Бөкейханов атындағы орта мектепте 7 бейнебақылау бар, бірақ іске қосылмаған. Сұранысқа 29 бейнебақылау берген. Әзірге жоқ. Ақбұлақ орта мектебінде бейнебақылау 8, 6-ауы істемейді» деді ол.
Мектептерге СЭС тарапынан салынған айыппұл жөнінде сөз қозғаған М.Стыбаев бұл туралы аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы П.Сүлейменовке хат түсініктеме беру үшін аудан прокурорына жолданғандығын және оның жауабында «Қажетті қаржыландырудың болмауынан орын алған кемшіліктер үшін лауазымды адамдарға қатысты іс жүргізу тоқтатылуы мүмкін», – деп көрсетілгендігін айтты. Жауапта айтылғандай осы мектеп басшыларына салынған айыппұлды тоқтату қажет еді» деп есептейтіндігін білдірді.
Содан соң мінбеге көтеріліп, сөз сөйлеген аудандық Қоғамдық кеңестің сарапшысы, зейнеткер ұстаз Түзел Алагөзова да құрылыс барысында орын алған кемшіліктер мен қателіктердің бетін ашты.
Қоғамдық кеңес отырысында бұдан да басқа өткір сындар айтылып, ескертпелер жасалынды. Осылайша екі сағатқа созылған жиынды Қоғамдық кеңес төрағасы Пазыл Сүлейменов қорытындылап, болашақ ұрпақтың қамы үшін бүгінгі білім беру саласында қызмет етіп жатқан педагогтарымыз аянбай еңбек ету қажеттігін жеткізді.Білім бөлімінің басшысына Қоғамдық кеңес отырысында айтылған сын-ескертпелерден қорытынды шығарып, кемшіліктерді жою бойынша шара қабылдауды тапсырды. Келер жылдың бюджетіне тиісті қаражатқа өтінім ұсыну керектігіне баса назар аударды.
М.Диханбай.