Азаматы танытқан кезек-кезек, Тұрғындары өр рухты Тереңөзек

842 Views

Көзі қырағы, сөзі орамды оқырман! Жаңа жыл қарсаңында сіздерге жаңа айдарымыз жол тартқалы отыр. Оған біз «Ауыл ажары» деп айдар тақтық. Бұл баянды бастама аясында біз ауданымыздағы барлық округті аралап, ауылдардың бүгінгі тыныс-тіршілігін, әрбір саласын, жеткен жетістігін сөз ететін боламыз.
Жуырда осы міндеттерді орындау мақсатында біздің редакциялық құрам алпыстан астам шақырым жолды артқа тастап, тарихы тереңде жатқан Тереңөзек ауылына барып қайтты.
Төскейі төрт түлікке толған Тереңөзек ауылына бара қалсаң, сонау кеңестік дәуірдің, колхоз бен совхоздың иісі аңқып тұрады. Тіпті, әкімдік ғимаратының маңдайына жазылған «Екпінді еңбегіміз – саған Отан» деген сөз бен жыр алыбы Жамбылдың ескерткіші сол бір кеңестік кезеңдерге апарғандай әсер қалдырады. Олай болуы да заңдылық. «Неге?» дейсіздер ғой. Себебі, ондағы жұрт әлі күнге дейін ата кәсіптен айнымай, төрт түлігін түгендеп, егіншіліктің де ебін тауып келеді. Бір сөзбен айтқанда, ауылдық округте ауылшаруашылығы саласы айтарлықтай қарқынмен алшаң басуда.

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫ АЛШАҢ БАСЫП КЕЛЕДІ
Жалпы Тереңөзек ауылдық округіне тиесілі жер көлемі 59994,7 гектарды құрайды. Оның ішінде 48362,6 гектары жайылымдық жерлерге арналса, 11632,1 гектар алқап егістік бағытында кәдеге жаратылуда. Биыл тереңөзектік диқаншылар 4369 гектар жерге күздік бидай егіп, оның әр гектарынан 24 центнерден өнім алған. Ал, 5419 гектар жерге жаздық арпа сепкен шаруалар алқаптың әр гектарынан 21 центнерден өнім алып, мол астыққа кенелген. Сондай-ақ, шаруалар арасында тәтті түбірді, көкөністің түр-түрін егіп, мол өнім алғандар да бар.
Тереңөзекте мал азығының қорын жеткілікті көлемде дайындау жұмыстары дұрыс жолға қойылған. Аталмыш бастама ауылдағы мал басының өсуіне өз септігін тигізуде. Мәселен, дәл қазіргі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ауылдық округте 2457 ірі-қара, мыңнан аса жылқы, 35 000-ға жуық ұсақ мал тіркелген.
КӘСІПКЕРЛІККЕ КЕҢ ӨРІСАуылдағы кәсіпкерлердің басым көпшілігі ауылшаруашылығына қатысты кәсіппен айналысады. Мәселен, «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша өз кәсіп­терін ашуға және жеке кәсіптерін өр­кендету үшін ауылдың бес тұрғыны мен үш шаруа қожалығы мемлекет­тен 32 500 000 теңге көлемінде несие алған. Оған олар 373 бас қой, 36 жыл­қы сатып алып, қораларына кіргізген. Одан бөлек өз ісін бастауға, кәсіпкерлік­пен айналысу бағытында ауылдың бес азаматы 505000-дық қайтарымсыз грантқа қол жеткізіпті. Бүгінде олар­дың барлығы ауылдың экономикалық әлеуетін арттыруға өз септігін тигізуде.
Дегенмен, ауылда мемлекеттің қолдауына қарамай, өз күшімен жеке кәсібін бастап, бүгінде мол табысқа кенеліп отырған жандар да жетерлік. Олардың басым көпшілігі жастар екендігі көз қуантады. Солардың бірі – Асқар Молдаш. Асқар төрт түліктің төресі саналатын жылқы малына бала кезден әуес. Сондықтан болар, бүгінгі кәсібінде Қамбар ата тұқымымен тікелей байланыстырған. Жас кәсіпкер бүгінде 15 жылқыны бордақылап, ет өнімін өндірумен айналысады. Сонымен қатар, Асқар соңғы жылдары жылқы малын асылдандыру ісімен де тұрақты түрде айналысып келеді. Дәл қазір оның қорасында әлемге кеңінен танымал «ағылшын-араб» тұқымды биелер тұр. Олардың барлығы сонау Польшадан арнайы әкелінген. Бір қуантарлығы, асыл тұқымды биелер Тереңөзек жеріне бейімделіп те үлгеріпті.
ЖОБА АЯСЫНДА ҚОС БІРДЕЙ ҮЙ САЛЫНҒАН
Биыл кәсібінен өз нәсібін тауып жүрген жандардың арқасында та­лай толайым тірліктер атқа­рылды. Солардың бірі – «Асарлатып үй салу» жобасы. Терең­өзектіктер аталмыш жоба аясында бір емес, қос бірдей баспана салды. Оның бірі Тұңғыш Президент күнінде пайдалануға берілсе, екіншісі жуық арада тағы да бір аз қамтылған отбасыға табысталмақ ниетте. Бұл дегеніміз – ауыл азаматтарының бірлігін, жанашырлығын, қамқорлығын, ұйымдаса білетіндігін аңғартады. Сондай-ақ, бұл жерде ауыл әкімінің ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екендігіне анық көз жеткізуге болады. Аталмыш жоба жайында ауыл әкімі Мұхтарбек Мұсаевпен ұзақ пікір алмастық. Округ басшысы өз сөзінде ауылда асарлату салты дәстүрге айналғанын тілге тиек етті. «Асар – ата-бабамыздан мирас болып қалған салт-дәстүрлердің бірі. Сондықтан болар, ауыл халқы асарлату ісіне үлкен құлшыныспен кіріседі. Мәселен, 2015 жылы да дәл осындай тәртіпте ауылымызда «Таңат» мешітін салған болатынбыз. Биыл енді Алланың үйі маңына 200 адамға арналған асхана соғып жатырмыз. Осы іске бастамашыл болған ауылымыздың әрбір азаматына айтар алғысым шексіз. Одан бөлек ауыл тұрғындарының көмегімен қос бірдей үй салдық. Оның бірі пайдалануға беріліп те үлгерді. Ақсақалдар алқасының шешімімен аталмыш баспана бес баланың анасы Шалхар Әмірхановаға бұйырды» – деп, осы күнге дейін атқарылған жұмыстармен таныстырды. Екі қыз, үш ұл тәрбиелеп отырған анаға барлық жағдай жасалынып беріліпті. Тіпті, берілген үйге ауыз су мен көгілдір отыны да кіргізілген. Іссапар барысында ақсақал­дар алқасының төрағасы Жолдасбек Қайнарбаевпен де тілдестік. Ауыл ақсақалы аймақ басшы­сы­ның бас­тама­сын қос қолдап құп­тайтынын айта келе, қайыры­мы бар ілкімді іске атсалыс­қан ауыл аза­мат­тарын атап өтті. Қазыналы қария Біржан Жүнісқадіров, Кенжебек Дәнеқұлов, Мәди Мұсаев, Асылбек Көшекбаев және ағайынды Мұхан, Мұхтар, Қанат Смайловтардың есімдерін атап, біз ар­қы­лы оларға өз алғысын жеткізгісі ке­ле­ті­нін сөз етті. Сондай-ақ, ақсақалдар алқасының жұмысын саралай келе, жастардың тәрбиесіне, тәртібіне, білім алуына, мәдени шараларға көптеп қа­тысуына айрықша көңіл бөлетінін жеткізді.
«ДӘСТҮРЛІ ДӘРІСТІ САҒЫНДЫҚ»
Білім демекші, іссапар барысында біз Жамбыл Жабаев атындағы орта мектепке де бас сұқтық. Ондағы онлайн дәрістің жүру барысына баға беріп, мектеп мүдірімен ұзақ сөйлестік. Аудандық мәслихаттың депутаты, мектеп директоры Эльмира Закимбаеваның айтуынша, дәл қазіргі таңда 13 кезекші сынып ашылған. Жалпы мектепте 568 оқушы болса, бүгінгі таңда оның 99-ы І ауысымда, 68-і ІІ ауысымда оқып жатыр. Оларға дәстүрлі форматта 11 мұғалім дәріс беруде. Ал 5-11 сынып аралығындағы оқушылар онлайн форматта оқып жатыр. Оларға мектептің 55 мұғалімі «Whatsapp» желісі арқылы білім беруде. Сөз соңында білім ошағының бас­шы­сы санитарлық талаптарды барынша сақ­тап жатқандықтарын айтып, бұ­рын­ғы дәстүрлі форматтағы білім беру­ді сағынғанын да жасырмады.
ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ АХУАЛ ЖАҚСАРҒАН
Мектеп директорының айтуынша, жыл сайын мектепке келетін оқушы­лар саны да артып келеді екен. Дәл қазір мектеп қабырғасында 25 білім алушы даярлық сыныптарда оқып жатқа­нын тілге тиек етті. Осы бір мәліметтің анық-қанығына көз жеткізу үшін біз дәрігерлік амбулаторияға да барып, ондағы ақ халатты абзал жандармен тілдестік. 18 адам қызмет ететін ме­кемеге барғанымызда жұмыс қызу жүріп жатыр екен. Қауырт жұмысқа қарамастан, дәрігерлерді сөзге тар­тып едік, олар осы жы­лы 9236 қа­был­дау жүргізгендігін, 612 адамға екпе егіліп, 415 адам медициналық тек­серуден өткендігін мәлімдеді. Сондай-ақ, биыл ауыл аумағында 51 бала дүниеге келгенін, осылайша елді ме­­кендегі демографиялық ахуалдың жақ­­сарғанын зор қуанышпен жеткізді. Бүгінгі таңда аналар мен балалар­дың жағдайы тұрақты бақылауға алынға­­нын айтып, жүкті әйелдер мен 1-5 жасқа дейінгі және жаңа туған балалар­ға тегін дәрі-дәрмек беріліп жатқаны­нан құлағдар етті.
ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН ӘКІМДІК
Округте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­ма­сы толығымен орындалуда. Оған көз жеткізу үшін ауылдық округтің әкімдігіне бас сұқсаңыз жеткілікті. Әкімдік қызметкерлерінің ықпалы­мен ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту ба­ғытында айтарлықтай жұмыстар ат­қа­рылыпты. Мәселен, осы жылы 231 кіріс, 458 шығыс құжаттары тіркелген. Бір жыл ішінде ауыл азаматтарынан 30 өтініш түсіп, оның 23-і жазбаша болса, 7-і ауыл әкімі Мұхтарбек Мұсаев­тың жеке қабылдауында тіркелген. Азаматтардың өтініштері бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, толығы­мен қанағаттандырылған.
Сондай-ақ, әкімдікте орналасқан «өзін-өзіне қызмет көрсету бұрышы» арқылы да азаматтар өздеріне қажетті көмектерді ала алған. Сонымен қатар, тұрғындарға Қанат Смат, Мансұр Рысбаев, Біржан Жамбаев, Балнұр Болатбек, Әбілда Нұрмаханбетов, Азамат Осалиев сынды әкімдік қыз­меткерлерінің көмегі талай рет тиген. Аты аталған қызметкерлердің ұйым­дастыруымен мемлекеттік қызметтер­­ді көрсету сапасын арттыру бағытында 8 іс-шара өткен екен.
Түйін: Иә, аталмыш атқарылған жұ­мыс­тардың барлығы ел игілігі үшін жа­салған қадамдар деп білеміз. Алдағы уақытта Мұхтарбек Мұсаев басшы­­­лық ететін Тереңөзек елді мекені дәулеті тасыған, әлеуметтік-экономикасы жақ­сарған ауылдардың бірі боларына кәміл сенімдіміз. Бұл биікке жету үшін қайтпек керек? Ол үшін осы ба­ғыт­пен алға жылжып, ұйымшыл әрі бірлікке бекем болған абзал.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: