Шойын жолдың шын шебері

611 Views

Болат жол­ды серік еткен, қос рельске көрік берген, те­міржолда еңбек еткен тұлғалардың саны ауыз тол­тырып айтарлықтай. Соның ішін­де өз өмірін аталмыш салаға ар­нап, маңдай терін төгіп жүрген Марат Қарабаев Шырханұлының орны ерекше. Себебі ол әке салған сара жолдың қаймағын бұзбай келе жа­тыр. Тіпті, Марат ағамыздың әкесі мен анасын да осы тоғыз жолдың торабы теміржол тоғыстырған. Бұл ар­қылы біз Марат Шырханұлының от­басындағы жандардың дені темір жол саласында қызмет етіп жүргенін бай­қаймыз.
Теміржолшылар отбасында дү­ниеге келген Марат Қарабаев та жастайынан қатар жатқан қос рельске қызығып, болашағын теміржол сала­сымен байланыстырған. Биыл осы салада табандылықпен қызмет етіп жүр­геніне 47 жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында Марат ағамыз өзінің өмірін айшықты сәттермен өрнектеген. 1957 жылы Құмарық ауылында дүниеге келген ағамыз бала кезінен үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіріп өседі. 8 жылдық мектепті тәмамдаған соң 1973 жылы Жамбыл қаласындағы(қазіргі Тараз қаласы) теміржолшылар даярлайтын училищеге түсіп, 1976 жылы теп­ловоз машинисінің көмекшісі бо­лып шығады. Сол жылы Жамбыл локомотив депосында тепловоз маши­нисінің көмекшісі қызметін ат­қарып жүргенде әскер қатарына ша­қыртылып, екі жыл Ресей жерінде әскери борышын өтеп келеді. Елге келген соң қайта білімін жетілдіру мақ­сатында ағамыз 1980 жылы Арыс қа­ласындағы техникалық маман даяр­лайтын оқу орнына түседі. Оқуын аяқ­таған Марат Қарабаев 1982 жылға дейін машинист болып қызмет еткен. Осы жылы Луговой стансасына білікті маман ретінде ауысып, бү­гін­ге дейін абыроймен еңбек етіп келе жатқанын ақ ниет­пен айтуға болады. Өзінің өнегелі өмір жолында парк кезекшісі, станса кезекшісі, пойыз құрастырушы, вагондардың жыл­дамдығын реттеу­ші, станса инже­нері, станса басшысы­ның бірінші орын­басары, Шығанақ стансасының бас­шысы секілді қызметтерде болып, үлкен өмірлік тәжірибе жинады.
Марат Қарабаевтың ерте жастан жұ­мысқа араласып, маңдай терін төккеніне қос рельс куәгер. Қол еңбегімен атқары­ла­тын істердің бел ортасында жүріп, теміржолдың бойында шынығады. Өмір­дің қайрағынан өтеді. Осы жолда ол біршама жанашыр жандармен жолық­ты. Алдыңғы қатардағы ағалар­дың алақанын көріп өскен Марат Шыр­ханұлы үлкен өмірлік азық табады. Қа­зіргі таңда олардың қатары да сиреп қалды. Серік Қалдарбеков, Рысбек Байдәулетов, Сағынбек Ақшалов, Алик Тоқтанаев, Арыстанбек Сатыбалдиев секілді білікті мамандармен бір қатарда қызмет атқарады. Сонымен қатар бұл күндері шойын жолдың сәнін келтіріп жүрген Мәмбеталы Шілменбетов, Ілияс Келімбетов, Мұрат Кенжебеков, Данияр Өтениязовтардың орны Марат Шырханұлы үшін бөлек. Сондай-ақ, жастардан зор үміт күтер ағамыз өзінің осы уақытқа дейін жинаған тәлімі мен тәжірибесін ортаға салып, жас буынға үлгі көрсетуді парыз санайды.
Міне, осы бір адал ниет, ақ көңіл ағамыз еңбек жолында бірнеше мәрте алғыс хаттармен марапатталды. Марат Қарабаевқа 2014 жылы Қазақстан теміржолының құрылғанына 110 жылдығына орай арнайы медаль табыс етілді. Ал 2017 жылы теміржол саласында адал әрі мінсіз қызмет еткені үшін ұлттық компанияның арнайы алғыс хатын иеленеді.
Марат Қарабаевтың ізін жал­ғаған үш ұлы бар. Соның ішінде кенжесі Ғанидың бойына теміржолдың тарланы болған әкесінің қа­сиеті дарыған екен. «Әке жолын ұл жал­ғар, ұл жалғамаса кім жалғар?» деген ұстанымды санасына берік сақ­таған Ғани Маратұлы шойын жолдың шаңын шығарған әке өнегесін құп кө­ріп, адал еңбек етіп келеді. Осы жолда ол әкенің табандылығы мен еңбек­қорлығын бойына жинады. Шынымен бұл қуанарлық жағдай.
Еліміздің теміржол тарихына үңі­лер болсақ, өткен ғасырдың 30-жылдарының елесі көз алдымызға ке­леді. Сол кезде Тұрар Рысқұлов, Мұха­меджан Тынышбаев секілді қай­раткерлер қызмет етіп, ел еңсесін тіктеуге біршама үлес қосты. Ұлы тұлғалар салып кеткен шойын жол арқылы бүгінде ел экономикасы, қоғам­дық өмір, әлеуметтік сала қарыш­тап дамып келеді. Теміржол то­рабы арқылы өзге мемлекеттермен бай­ланыс орнатып, сауда-сатты­ғы­мызды реттеп отырған жайымыз бар. Бұл арқылы біз болат жолдың бойында қара табан еңбек етіп, ащы тердің дәмін татып жүрген жан­дардың ерлігін ауыз толтырып айтуымыз керек. Себебі қос рельс тек жолаушыларды ғана діттеген же­ріне жеткізіп қоймайды, сондай-ақ, қос рельс еліміздің діттеген мақсат-мін­деттеріне жетуіне бірден-бір себепкер.

Ақымет ҚАМШЫБЕК.

Поделиться ссылкой: