“ПАРТОРГ БОЛЫП ЖҮРІП АСҚАРОВҚА ҚОЛ ЖИНАДЫМ”

398 Views

Совхозда ревизор болып көп істеген жоқпын. Мені жергілікті басшылар жақсы білетіндіктен Киров колхозына парторг етіп сайлады. Сол кезде мал бағатын малшы жетіспейтін. Біз Киров колхозынан комсомол-жастар шопандар бригадасын құрдық. Бордақылап, семіртуге 5600 бас еркек тоқты қойылды. Комсорг бала екеуіміз күн-түн демей шапқылап жүріп жастарды үгіттеп, шопан болатын алты адам таптық. Оларға бір трактор бекітіліп берілді. Бордақы малға жом мен жүгері сүрлемін рационға қосып бере бастап едік тоқтылар тез ет ала бастады».
1986 жылы еліміздің аяулы азаматы, тау тұлға, кемеңгер аға Димаш Ахметұлы Қонаев Мәскеудің солақай саясатының құрбаны болып, орнынан түсірілді. Желтоқсан айында Алматыда жастар алаңға шығып, наразылық білдірді. Талай жас осы алаңға шыққаны үшін жауапқа тартылып, 600-дей азамат із-түзсіз жоғалып кетті («Ж.А.»К. Табеев). Колбиннің құрығы Асанбай Асқаровқа кеп тиді. Оны «Қонаевтың құдасы, ішіп-жемі бір» деп қаралады да Мәскеуге әкетті. Сонда қамауда жатты. Кейін жұрттың наразылығынан сескенген Мәскеу оны Қырғызстанға әкеп соттамақшы болды.
1989 жылы маған облыстық партия комитетінің жауапты қызметкері болып жүрген Арыстан Өтеулин ағамыз хабарласып: «Асекеңнің ар-намысын таптатқызбаймыз. Ертең Меркінің қыр базарына коммунистеріңді алып келетін бол» деді. Киров колхозында ол кезде Асекеңнің туысы Қабыл Тоқпанбетов бастық болатын. Автобуспен он бес адам алып бардым. Бәрі де: « Асекеңді түрмеден шығару керек» деп қол қойды. Біздің колхозда Тутокин деген тракторист бар еді, Ол менімен бірге дала қосында сол күні түнеп шыққан. Сол: «Ондай кісінің түрмеде жатуы мүмкін емес» деді. Өзі бізден қалмай қыр базарға барды, онда халықтың алдына шығып сөз сөйледі. Сол жолы қол қойғандардың арасында Социалистік Еңбек Ері Ризабай (фамилиясы есімде жоқ), агроном Көлбай, Мырзахан деген азаматтар болды.
Сол күні менімен бірге Ақтоған ауылында 6-7 сыныпта бірге оқыған, кейін қаламы қарымды журналист болған ақиық ақын досым Жақсылық Сәтібековті кезіктірдім. Жәй жолықтырған жоқпын, ол мінбеге көтеріліп алып жалынды сөздер айтты. «Асанбай Асқаров ағамызды абақтыдан босатып алуымыз керек. Ол халықтың адамы, жазықсыз азамат түрмеде жатуы тиіс емес» деп көзіне жас алып тұрып жылады да.
Жақсылық 1950 жылы біздің «Большевикте», Ақтоған ауылында тұратын Арыстан деген ағасының үйінде жатып оқыды. Ол сыныбымыздағы Хамиділлә Рахымбаевпен (Хамит дейтінбіз) дос болды. Ағасы осы біздің ауылдың қызына үйленіп, соғыс жылдары ауылда мал дәрігері болып істепті. Біздің ауылдағы жеті жылдық мектепке «Прогресс» пен «Қазақдихан» ауылдарынан да балалар келіп оқушы еді. Кейін Жақсылық КазГУ-дің журналистика факультетінде, ал, Хамит Алматыдағы көркем-сурет училищесінде оқыды. Ұйғыр театрында, Қазақ Совет энциклопедиясында қызметте болды. Бір-екі жолы Жақаң біздің «Қарақыстаққа» екі жыл қатарымен келіп демалды.
Кейінірек Жақсылықты осы өзіміздің Меркіге Сыпатай батырдың 210 жылдығына орай өткізілген айтысқа төреші болып келгенінде көрдім. Үйіме шақырдым. Менің өмірімнен өшпестей орын алған Жақсылық Сәтібековты ел «Қара кемпір» деген өлеңі арқылы таниды. Көп жұрт оның нағыз отансүйгіш, ұлтжанды азамат екенін біле бермейді ғой. Оның үйіне барсаң құшақ жая қарсы алатынына шек келтірмеймін. Жақаңның үйіне келген қонақтарына айтқан мына бір өлеңі әлі есімде:
«Есік ашық жолдастар, үйге еніңдер,
Үйге еніңдер, дәм-тұз бар, сый көріңдер.
Қане Әзеке, жай бәрін жігіттерге,
Не қалайды, тартынба, сүйгенін бер!»дейтін.
Менімен тел қозыдай бірге өскен тағы бір досым бар. Ол екеуіміз де шақшамбыз, бір ауылданбыз, бірге, бір класта оқығанбыз. Оның ныспысы – Құлсары. Ол да сол мен дүниеге келген «Қарақыстақ» қойнауында туған. Оның шешесінің әпкесі Сиқымның Аққойлысына тұрмысқа шығыпты. Қырғыздың атағы жер жарған Ел әртісі Тұрсыналы Естемесов сол әпкесінен туған екен. Күйеуімен ажырасып кеткен соң баланы Қарабалтадағы балалар үйіне өткізеді. «Осыдан он бес жыл бұрын әйелім Меруерт екеуіміз Қырғыздың халық артисі Естемес Тұрсынәлиевтің үйіне бардық. Бізді жақсы қабылдады. Балалар үйіне өткізгенімізді айтып едік, онымызды жоққа шығармады» Бірақ, кетерімізде: «Мен еми Қырғыз Ел артисимин ғо, мені былай қойғула, өшөнтип қырғыз еле болып жүре берейин» депті ағынан жарылып дейді Тұрсыналының туған бөлесі Құлсары. Құлсары досы бақилық болып кетті. Ал оның әйелі Меруерт қазір бала шағасымен Ақтоған ауылында тұрып жатыр. Өмірде не болмайды…
Қазақтың халық ақыны Әбділдә Тәжібаев:
«Басымда менің ақ қалпақ,
Оюлап шетін сырғызған.
Бетім де менің жап-жалпақ,
Айырмам қайсы қырғыздан» деген ғой. «Қазақ пен қырғыз бір туған» деген сөздің қашан, қайда айтылғанын қайдам. Бірақ сол сөз текке айтылмаса керек-ті. Өйткені арда ағамыз Асанбай Асқаровтың абақтыдан босанып шығуына қырғыз ағайындар да қолұшын бергенін неге жасырамыз. Өткен күннен қалған естелік қой бұл.

Қыстақ Дәулетов ақсақалдың естелігін өз аузынан жазып алып,
газетке әзірлеген журналист С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: