Ұстаздық еткен жалықпас…
Мейрамкүл Луговой кентіндегі №312-ші Теміржол қазақ орта мектебінде оқыды. Әкесі Әбіш теміржолшы болған соң ба, ол сабағына тиянақты болды. Өйткені Әбіш ақсақал жұмыстан шаршап келсе де қызының оқуына көңіл бөліп, оның күнделігін тексеретін. Жақсы баға көрсе: «Мамасы менің қызым түбі өкімет болады, міне бүгін де «5» әкеліпті, қарашы?» дейтін өзі баға алғандай балаша қуанып. Мейрамкүл өте жақсы оқыды, мектепті үздік бітірді. Есепке жүйрік болған соң болуы керек, әкесі оны Құландағы техникумның бухгалтерлік есеп бөліміне оқуға берді. Осы жерде оқып жүргенде Мейрамкүл Жорабекпен танысты. Бойжеткен Жорабектің өзіне жазған өлеңдерін көкірегіне сақтап қойып, өзімен өзі оңаша қалғанда сырт көзге көрсетпей, жасырынып оқушы еді. Ақын жігіттің отты өлеңдері қыздың жүрегіне жол тапты. Ол екеуі кейде оңаша қалғанда Мейрамкүл Жорабекке «Өлеңіңді оқышы?» деп қолқа салатын. Одан тайсалатын ол ма, тақпақтап емес жанынан суырып салып өлең құрастырып, тіпті кейде онысын домбыраға күйлеп, әуелетіп ән салатын. Жорабекті Мейрамкүл осылайша қалай ұнатып қалғанын өзі де сезбей қалды.
Сөйтіп күздің жаймашуақ күндерінің бірінде шайыр жігіт сүйгенінің білегінен ұстаған бойы оны Қызыл ту ауылына әкелді. Жеңгелері қайнысының бір қызға сөз салып жүргенін оның әзіл-қалжыңынан-ақ білетін, дереу Мейрамкүлге орамал салды. Сөйтіп, Әбдікерім әулетіне келін түсті. Бірақ жолшының қызы аңшы-саятшының ұлына бірден құрық салдыра қойған жоқ. «Оқуымды жалғастыруым керек» деп Жамбылдағы Октябрь Революциясының 50 жылдығы атындағы педагогикалық институттың физика-метематика факультетіне құжаттарын тапсырды. Сөйтіп, 1974 жылы ол сырттай оқуға ауысып, Жарлысу орта мектебінің бастауыш сыныбының мұғалімі болып, ең алғашқы ұстаздық жолын бастады. Мектеп дирекциясы зейінді, алғыр оқытушыны мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі етіп бекітті. 1977 жылы көрші ауылға, яғни Жорабектің ауылындағы Қызыл ту орта мектебіне ауысып, ұстаздық қызметін одан әрі қарай жалғастырды. Дәл осы кезде ғой ол осы ауылға келін боп түсіп, көшедегі үлкендерге сәлем жасайтын. Оның қайнағасы Төребек ағаш ұстасы еді. Келініне оқтай мен тақтайын жасап беріп, жас отауға арнауын беташарда оқыды. Ол кісі де ақын әрі күйші, тіпті аңшы, саятшы болатын. Жалпы бұл әулетке өнер қонған. Жүйрік ат баптап, саят құрып, аңға шығу олардың ата-бабасынан бері келе жатқан салты, дәстүрі-тұғын.
Осындай қазақы салт-дәстүрді берік ұстанатын шаңырақтағы отағасы Жорабек те әредік жанынан ән шығарып, онысын кейде дүйім жұрттың алдында шырқап та беретін. Бірақ, зейнетке шыққанша оның қолынан есепшоты түскен жоқ. «Алғабас» қой совхозының есепшісі болып еңбек етті. Мейрамкүл Әбішқызы Өскенбаева 2001 жылы орталау мектеп бағдарламасынан орта мектепке көшкен кезде оқу орнының қайта құрылуына көп тер төкті. Қырық жылға жуық осы оқу ордасында шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие берді.
Осы уақыт ішінде Әбдікерім ақсақалдың шаңырағына екі ұл мен төрт қыз келіп, Мейрамкүл омырауына күмістен алқа тақты. Сол алты перзенттің бесеуі Мейрамкүлдің жолын қуды. Ерлі-зайыптылардың тұла бойы тұңғышы Толқын қазір Құлан ауылындағы №1 мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен оқушыларға дәріс беріп жүр. Перизаты Тараз өңірлік университетінің «Музыкалық білім беру және хореография» кафедрасының меңгерушісі, педагогика магистры, Назирасы облыс бойынша «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамы филиалының мектепке дейінгі тәрбиелеу және инклюзивті білім беру кафедрасының аға оқытушысы, педагогика магистры, ұлдың кенжесі Демеген №4 шағын орталықты мектепте дене шынықтыру пәнінің оқытушысы. Өтеген Әбжапар ауылындағы клубтың меңгерушісі, ал, Фариза облыстық «Ақ жол» газеті бас редакторының орынбасары, білікті журналист.
Осындай өскен, өнген әулеттің анасы биыл 70-ке толды. Ол әр жылдары қазіргі Әбжапар Жылқышиев атындағы мектептің кәсіподақ ұйымын басқарып, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болды. Оның қырық жылғы еңбегі зая кеткен жоқ. «Үлгілі ұстаз», «Үздік сынып жетекшісі», «Шәкірт жүрегіне жол тапқан» байқауларының жеңімпазы деген құрметті атаққа ие болды. Аудандық, облыстық білім басқармаларының, аудан әкімінің Құрмет Грамоталарына ие болды. Мектептегі қамқоршылық кеңесінің төрайымы бола жүріп жағдайы төмен отбасындағы балаларға қамқорлық жасап, оларға тәлім-тәрбие беруге айтарлықтай үлесін қосты. Қазір ол зейнет демалысында. Немере сүйіп, балаларының тәрбиесіне көңіл бөлуде.
С.Қожеке.