Дүйім елдің дарабозы

708 Views

«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде,
Деп жырлар сорлы қазақ мен өлгенде», – деп батырдың өзі жырлағандай, біз оның құнды сөздерінің мәнін әлі күнге дейін ұқпай келеміз. Батыр Баукеңнің ерлігінің қадірін білу үшін алдымен батырдың өзін жете тануымыз керек.
Батыр соғысқа мыңбасы (батальон) командирі болып кіріп, түменбасы (дивизия) командирі дәрежесінде аяқтады. И. В. Панфилов Б. Момышұлын алғашқыда әскери мінездеме арқылы білсе, кейін әскери мамандығы мен ұқыптылығын сынау арқылы бағалады. Дивизияны жасақтау кезінде жауынгерлерге бөлінген ғимараттардың сыйымдылы­ғын және тағы басқа ерекшеліктерін білуге Бауыржанды жұмсайды. Баукең бұл істі алты парақ жоспар сызып аса ұқыптылықпен генералдың ойындағы істен асыра орын­дайды. Сонда разы болған И.В.Панфилов «Сіздің жазу- сызуыңыз жаман емес екен. Бұл жоспарда маған керекті мәліметтердің бәрі де бар көрінеді» деуі Баукеңнің кез кел­ген тапсырмаға тиянақтылығын байқатса керек.
Бауыржан Момышұлы түменбасылық қызметті де өте жақ­сы атқарады. Бұған екінші атқыштар гвардия коман­дирі, Совет Одағының Батыры, гвардия-майоры Баксовтың 1945 жылы 18 наурыздағы Бауыржанға берген мінездемесі дәлел. Соғыс біткеннен кейін 125 адамды Жоғарғы әскери академияға оқуға қабылдайды. Соның ішінде исі түркі халықтарынан жалғыз Бауыржан Момышұлы болады. Бауыржан мұнда да сабақты үздік оқиды. Ол ХХ ғасырдағы нағыз сауатты әскери маман, даңқты қолбасшы болды.
70-ші жылдардың соңында Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты шығармасында Бауыржанның тұлғасы жаңа қырынан бейнеленіп, жазылды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында ол ержүрек панфилов­шы жауынгер, Отанымыздың жалынды патриоты ретінде өз есімін мәңгі өшпес даңққа бөледі. Өзінің жауынгерлік ерліктерімен, азаматтық қаһармандығымен, жазушылық жалынды сөзімен Бауыржан Момышұлы Кеңес халқының құрметіне бөленіп, аса зор беделге ие болды. Жұрт осы жа­ны жайсаң тамаша адамды нағыз халық батыры деп санап, оған деген шынайы сүйіспеншілігін аяған емес. Аты аңыз­ға айналған жанның төл әдебиетімізге сіңірген еңбегі өлшеу­сіз екені ақиқат.
Бауыржан Момышұлы – көп қырлы талант иесі. Бұл жағынан оның Шоқан Уәлиханов сияқты сан-салалы өнері де болған. Соның бірі – суретшілігі мен оюшылығы. Бауыржан Момышұлының мұражайында қазақы ою- өрнекке жататын, бірін – бірі қайталанбас үлгілер көп кездеседі. Ол үлгілерді автор қазақ тұрмысындағы кілем, алаша, сырмақ, басқұр, текемет, түскиіз беттерінен сонау жас кезінде көріп, көңіліне тоқып алған. Оюшылық – керемет түйсік пен ойдан туындайтын құбылыс. Екі адамның бірі, көңіл көзі болмаса, ою өнерін түсініп және оқи білмейді.
Қазақ халқының ержүрек жауынгер батырының бүгінгі жас ұрпаққа үлгі боларлықтай мұра қалдырғанын айта аламыз. Жалпы Бауыржан Момышұлының әскери ғылымды терең меңгеруі, сондай-ақ, батыр бейнесінде көріну, халықты шексіз сүйіп қадірлеу батырдың бойынан табылған асыл қасиеттер. Қай істі болмасын жауапкершілікпен қолға алуы батырдың өзіндік дара қасиетін айшықтар тұр. Батырдың бойында жалыны мол, қуаты көп, өз ойын еркін, түсінікті етіп жеткізгісі келетін командирге тән қасиеті бар.
«Алтын кездік қап түбінде жатпас» деп халқымыздың мақалында айтылғандай, Бауыржан Момышұлының есімі ұрпақ жадында мәңгіге сақталмақ.

Мақсат Исабаев,
Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп директорының тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары.

Поделиться ссылкой: